• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
16 Қаңтар, 2017

Атлеттер ауылы

417 рет
көрсетілді

Алматыда 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өтетін XXVIII қысқы Универ­сиа­даның  5 мың көрерменге арналған Атлетикалық ауылы пайда болғалы да біршама уақыт өтті. Ол Алатау ауданында Бауыржан Момышұлы көшесінің бойын­да, Райымбек даңғылының солтүстік жағында орналасқан. Осындағы Мұз сара­йы­ның жанында қанат жайған оның жалпы жер көлемі 21,5 гектарды құрайды. Атлеттер ауылы 5 мың адамды қоныстан­дыруға лайықтаған. Тұрғын бөліктің жалпы көлемі шамамен 125 мың шаршы метрді, 1748 пәтерді құрайды. Оның құрылысын қазақстандық «ЭлитСтрой» компаниясы жүргізген. Мұндағы отандастар қамтылуы 60 пайыздық үлеске тең. Құрылыс жүргізуді аяқтау тамыз айының соңына белгіленген. Бірақ құрылысшылар оны 2 ай мерзім бұрын аяқтап шықты. Тұрғын үй кешені U (Universiade) ағылшын әрпімен орналасқан 14 ғимараттан және қызмет көрсететін 3 блоктан тұрады. Сәулет жоспары бойынша барлық нысандар жартасқа салынған суреттердегі күн адамының бейнесін бейнелейді. 14 қабатты тұрғын үй ғимараттарының ортасында «Пира­мида» деп аталатын операциялық блок орна­ласқан. Онда Универсиада кезінде FISU ұйым­дастырушыларының кеңсесі, 1000 адам­ға қызмет көрсетуге есептелген асхана және демалыс орны жайласатын болады, интер­бел­сенді технологияларды қолдану арқ­ы­лы дәс­түрлі музыкалық аспаптар мұра­жайы ұйым­дастырылады. Тамақтандыру блогы тәулігіне шамамен 20 сағат бойы жұмыс істейді. Дәл осы «Пирамида» жаңадан келген спортшылар мен делегациялар мүшелерінің түсетін орнына айналады. Қатысушылар керекті бағыттарын оңай табу үшін ғима­раттың кіреберісінде «Компас» атты әлемнің географиялық бағыттарын көрсететін тас орнатылады. Аккредиттеуден өткеннен кейін спортшылар күнделікті тұруға қажетті бар­лық жағдайлары жасалған тұрғын үй корпустарына қоныс тебеді. Бөлмелер кір жуу машиналары мен теледидардан бастап, шаш кептіретін фенге дейін толық жабдықталған. Кешеннің орталығында «Кездесу алаңы» – «Welcome» атты спорт алаңы бар. Орталық алаңның жан-жағында қызмет көрсету блоктары қанат жайған. Онда ойындар барысында Атлетикалық ауыл әкімдігі, ғибадат бөлмелері, дүкендер, сұлулық салондары жайғасады. Қонақтарға қызмет көрсетуге арналған әкімшілік-шаруашылық және басқа да үй-жайлардың жалпы көлемі 27,5 мың шаршы метрді құрайды. Атлетикалық ауылды жоспарлауда қоныстанушылар үшін барынша жайлылық пен қолайлылық қарастырылған. Мысалы, тұрғын үй корпустары орталық алаңнан тұр­мыстық блоктармен қоршалған, ғимарат­тардың өздері алаңға алдыңғы жағымен қарайды. Сол себепті «Welcome» алаңындағы мерекелік акциялар мен шоу спортшылардың демалуына кедергі келтірмейді. Спортшылар, төрешілер және делегациялар мүшелері Универсиада нысандарына арнайы автобустармен жеткізіледі. Кешен ҮАОАЖ (Үлкен Алматылық орамды автожол) солтүстік-шығыс бөлігіне шығу мүмкіндігі бар, үлкен трассалар қиы­лысындағы қолайлы орналасу орнына ие. Бұл қатысушыларды жарыс орындарына жылдам және жайлы жеткізуге мүмкіндік береді. Атлетикалық ауылды Дүниежүзілік студенттік ойындардан кейін пайдалану аса маңызды мәселе болып табылады. «Уни­версиада мұрасы» тақырыбы жобалау және құрылыс салу сатысында-ақ пысықталған болатын. Сол үшін спорттық құрылымдар дирекциясы арнайы құрылып, жұмыс жасауда. Аталған мәселе табыс­ты түрде шешімін тапты. Шын мәнінде, Атле­тикалық ауыл біртұтас қалалық тұрғын­дық шағын ауданнан тұрады. Жоспар бойынша, «Уни­вер­сиада мұрасы» бағдарламасының шеңберінде Атлетикалық ауыл аумағында мына нысандар орналастырылады: * Полиция бекініс пункті; * Алатау ауданының ХҚО; * Олимпиадалық дайындық орталығы; * Би студиясы, шахмат, театр және фото студиясының функцияларынан, интер белсенді клубтан тұратын, балалар мен жастарға арналған демалыс орталығы; * «БанкЦентрКредит» бөлімі; * «Open Clinic» клиникасы; * «Almaty sport city» фитнес-орталығы; * «Best store» супермаркеті; * «Қазпошта» бөлімі; * Тұрмыстық заттар үйі; *«Дисконт» форматындағы атлет-орталық. Атлетикалық ауылды пайдалануға бергеннен кейін, Алматы қаласының Алатау ауданында өзіндік инфрақұрылымы бар жаңа тұрғын шағын аудан пайда болады. Өз кезегінде, ауылдың қолайлы орналасуы және 12 мың көрерменге арналған Мұз сарайының, «Алатау» кино-концерттік залының қасында орналасуы қаланың басқа аудандарының тұрғындары мен қазақстандық мегаполис қонақтарын осы жерге тартатын болады. Талғат РАЙЫМБЕК, «Егемен Қазақстан»