• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
16 Қаңтар, 2017

Соңғы әзірліктер жүріп жатыр

312 рет
көрсетілді

13 күн қалды

2017 жылғы қысқы Универсиаданың Атлеттер ауылында спорт делегацияларын қабылдау нысандарының соңғы әзірліктері жүріп жатыр. «Бүгінгі күні қысқы сту­денттік ойындарға қатысатын 59 елдің делегация өкілдерінен үш мыңнан аса өтінім қабылдадық. Командалар 24 қаңтардан бас­тап келетіндіктен, дәл сол күні бізде Атлеттер ауылын ашу салтанаты өткізіледі. Қазіргі таңда нысандар 90 пайызға дайын. Тұрғын үй блоктарын жабдықтау, тұрмыста қолданылатын шағын заттарды техникалық тұрғыдан орналастыру сияқты жұмыстар жүргізілуде», деді 2017 жылы Алматы қаласында 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы дайындау және өткізу жөніндегі дирекциясы Атлеттер ауылын басқару департаментінің басшысы Сәнім Шәріпова. Атлеттер ауылында спортшылармен қатар, Ресей, Украина, Оңтүстік Корея, Қытай, АҚШ және басқа да елдерден келетін жүзге жуық халықаралық еріктілер жайғасады. Бас жоспарға сәйкес, Атлеттер ауылы 5000 адамды сыйдыра алады. Пирамида түрінде салынған әкімшілік ғимаратта орналасқан Атлеттер ауылының орталық қақпалары осы нысанның «жүрегі» саналады. Мұнда аккредиттеу орталығы, көші-қон қызметі, қаржы департаменті, спорттық ақпарат орталығы және Бас ақпараттық орталық орналасқан. Универсиада қатысушылары ақпараттық орталықтарда жарыстардың кестесі, спорттық нысандарға дейін жүретін автобус қозға­лысының кестесінен бастап, Атлеттер ауылында, қалада күн сайын өткізілетін мәдени бағдарламалар сияқты барлық қажетті ақпаратты ала алады. Алматыдағы қысқы Уни­версиада аяқталған соң Атлеттер ауылы Универсиада мұрасы ретінде тұрғын үй кешеніне айналады. Мира БАЙБЕК, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ