• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Қаңтар, 2017

Байқау бар, балет қайда?

411 рет
көрсетілді

Әлем сахналарында Қазақстанның мәдени келбетін танытатын ұлттық балет қойылымдарын қою және хореографиялық өнерді орындау, қабылдау, қалыптастыру, маңызын арттыру мәселесі көптен бері көтеріліп келеді. Қазақ топырағында өнердің бір түрі ретінде пайда болғанына сексен жыл уақыт ішінде балет өнерінің бірнеше буыны өсіп шығып, биік өнердің бағасын білер Еуропа мемлекеттерінің талғамына толықтай жауап бере алатын және олар аттай қалап шақыратын шеберлердің өзі бір шоғыр болып қалыптасты. Сол шоғырдың алды қысқа тұйықталатын кәсібінің ең гүлденген кезеңін атақты балет труппалармен байланыстырғанды дұрыс көріп, тоқсаныншы жылдардың өзінде-ақ батылдығының, кәсібилігінің арқасында шетел асып кетті. Осыншама талантты жастарды топ-тобымен даярлап берген отандық классикалық өнер ошақтарының бұлданып жатқанын да байқамайсың, өзімен өзі бұйығы тірлігін кешіп жүре береді. Керісінше, «қазаққа сіңбейтін өнерді сонша дәріптеп, босқа бас ауыртып...» деп сөйлеп қалатын, тіпті «Түрікменстандағыдай жауып тастау керек» деп  жұлқынатындардың  қиямпұрыс пікірін жиі естиміз, бірақ одан классикалық өнерді бағалайтындардың саны кеміп қалмайды. Операны сүйетін адам тыңдап, балетті құрметтегендер барып жүр. Бишілердің зейнеткерлік жасының басқалармен те­ңес­­тіріліп, 58-63-ке дейін ұзар­тылуы, жалақының аздығы, еңбектің бағаланбайтыны олар­дың шетелге кетуінің негізгі себебі ретінде баяғыдан айтылып келеді. Бірақ әлеуметтік жағдайдан бөлек бүгінгі балеттің басында әлі дұрыс шешімін таба алмай келе жатқан үлкен мәселені айтып, дабыл қағып жүргендердің пікіріне құлақ асқан жан жоқ. Ол – ұлттық репертуар мәселесі.  Балет деген тек «Аққу көлі» мен «Жизель» ғана емес, «қазақ ұлтының қолы мен аяғы қандай болады екен, оның буын тілі қалай сөйлейді, не айтады?» деген сауал екінші кезектегі мәселе ретінде ысырылып тастағалы қай заман. Театрлар үшін ұйым­дас­ты­рылған «Елім менің» және «Тәуелсіздік толғауы» байқауы сахнаға соны серпін бергенімен және театр драматургиясында жаңа есімдер пайда болғанымен, олардың жазған пьесаларының бәрі бірдей сахнаға жолдама ала алмады. Осылайша, жүлделі пьесаларын құшақтаған күйі жер қауып қалған жеңімпаз драматургтердің кім екенін біл­меген күйі біз қалдық. Ар­найы сұрастырғаннан кейін ғана бұл байқауда Серік Еркім­бековтің «Минарет», Серік Әбдінұровтың «Уақыт көші», Алмас Серкебаевтың «Астана», Әділ Бестібаевтың «Жерұйық» балет спектакльдері жазылғанын білдік, бірақ «Астанадан» өзгесі репертуардан орын ала алмаған күйі кетті. Біздің білуімізде, бұл байқау ұлттық өнер драматургиясын ынталандыру үшін ұйымдастырылғанымен,  кейін­гі тағдырына қамқорлық көрсетуге құлықты жандардың жоқтығын, отандық музыка өнімін менсінбейтінін көрсетті. Республикамызда үш опера және балет театры бар, оның екеуі тәуелсіздік кезеңінде дүниеге келген. Соңғы 25 жылда екі-ақ қазақ операсы жазылып, сахнаға шыққан. Жазылғаны көп болуы мүмкін, бірақ қойылғаны екеу-ақ. Соңғы он бес жылда еліміздің композиторлары 18 балет  жазған, алайда бірде-бі­реуі сахнада қойылмаған. Осы мәселе туралы компози­тор Балнұр Қыдырбектің «Егемен Қазақстан» газетінің бетін­де жанайқайға толы  мақа­ла­сы жарияланды. Расында да, жазылған балеттер сахнадан сығалай алмаса, «осы бір жанрды жүнжітпейікші, жазылып дайын тұр екен, қане, қойылым әзірлеп жіберейік» дейтін тірі жан табылмаса, ол байқаулар неге жарияланған? Солқылдап тұрған ұлттық опера мен балеттің жайы сөз болғанда, сөйлескісі де келмей, сырт айналатындар көркемдік әлемді қашанғы өз көзқарасымен ғана өлшей бермек? Кезінде бір ғана Евгений Брусиловский Абай атындағы опера және балет театры үшін 12 опера жазғанда, Ғазиза Жұба­нова да әріп­те­сі­нен қалыспай төрт бірдей балет туындысын жазып тастапты. Осы мәселе ойландырған соң барып қайтпақ ниетпен афиша іздеп едік, «ГАТОБ»-тың сайтын әрі ақтарып-бері ақтарып, атам заманнан келе жатқан «Щелкунчик» пен «Ромео мен Джульетта», «Шахерезада» мен «Кармен-Сюита­дан» өзге көзімізге ешнәрсе түспеді. Мұның бәрі үлкен жетістік, әрине. Бірақ кірген адам тайып жығылардай жалтыраған зәулім театрлардың мәзірінде классикамен қоса, қорек болатын ұлттық балет қойылымдары қатар жүрсе, бұл өнердің дамуына оң ықпал етер еді ғой. Ал, «Астана Опера» афишасындағы ұлттық балет Ғ.Жұбанованың жалғыз «Қарагөзімен» жан бағып тұр. Түсінеміз, классиканың аты – классика, онымен ешкім таласпақ емес, бірақ осы бір бекзат өнерді өз композиторларымыздың әуені­­нен туған туындылармен то­лықтыра түссек, театр бұдан зардап шекпеген болар еді. Қазақстан композиторларының шығармасы бойынша қойы­лым сахналанса, театр көрер­ме­нінен айрылып, қып-қызыл шы­ғынға бататын болған соң батыс классиктерінің шығар­ма­ларын бірінен соң бірін қойып, жан бағудың амалын қарастыратыны туралы еміс-еміс естиміз. Балет өнерінің осынша уақыт ұзақ ұйқыға ке­туі осы мезгіл аралығында еш­кімді ойландырмаған, ешкім із­демегені, қамқор қолын соз­ба­ғаны, оның біржола жоқ болып кетуіне жол ашып бермей ме? «Ұлттық балет не үшін керек?» дегенде, ол ең алдымен өзге елдерді қазақтың ұлттық биінің табиғатымен таныстыру үшін керек екенін композиторлар да, балет хореографтары да, бишілер де біледі. Қолдан тұсалып отырғаны болмаса, оны дамытудың барлық мүмкіндігі мен ал­ғы­шарты әл­де­қа­шан жасалып қойғанын көзі­қа­рақ­­ты­лар­дың бә­рі сезеді. Себебі соң­ғы он-он бес жылда қазақтың халық биі маз­мұн, мәнер, түр, тә­сіл жағынан анағұрлым да­мығаны байқалып жүр. Ұлттық классикалық би­дің негізінде ұлттық би­дің жататынын ескерсек, харео­графияның табиғатымен таныс композитордың таланты, отандық өнердің тағдырына алаңдайтын балетмейс­тердің шеберлігі, балет бишісінің жоғары орындаушылық дарыны болса, қазақ балеті қазір-ақ дүр етіп көтерілгелі тұр. Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ