Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде жаңа оқу кезеңі басталды.
Қазақстан халқының бірлігі мен мемлекет тұтастығын нығайту жолындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарған рөлі жаңа оқу жылында әскери қызметшілермен өткізілген алғашқы мемлекеттік-құқықтық дайындық сабағының басты тақырыбына айналды.
Қолбасшылық басқармасының офицерлерімен, сондай-ақ, қолбасшылыққа бағынышты әскери бөлімдердің әскери қызметшілерімен және сарбаздармен алғашқы тәрбие сабағын Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының техника және қару-жарақ жөніндегі орынбасары генерал-майор Сағатбек Нұрахметов жүргізді. Сабақ барысында ол Елбасының бастамасымен елімізде іске асып жатқан ауқымды жобалармен қатар, мемлекетіміздің жеткен жетістіктерін, оның ішінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығының маңыздылығына ерекше тоқтала келіп: «2016 жылғы 16 желтоқсанда біз ұлы құндылығымыз – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын атап өттік. Бұл – біздің басты мемлекеттік мерекеміз, өйткені, Тәуелсіздік бүгінгі күндері Қазақстан халқының жеткен тарихи ұлы жетістіктерінің бірі, сондықтан да ол Мәңгілік Еліміздің мәңгілік символы болып қала бермек», деді.
Жаңа оқу жылында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ұландықтардың алдында көптеген атқарылар жауапты міндеттер тұр. Соның бірі – жақында басталатын ХХVІІІ қысқы Универсиада. Атап өткіміз келетіні, осы көлемді іс-шарада қоғамдық тыныштықты қамтамасыз ететін жас жауынгерлер өз қызметтерін атқаруға салтанатты түрде кірісіп кетті.
Айдос БАЙШАҒЫРОВ,
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің өкілі