Елордадағы «Пекин Палас» қонақ үйінде Қытай коммунистік партиясы XVIII шақырылымының 6 пленарлық мәжілісіне орай арнайы семинар өтті. Оған Бүкілқытай Халық Өкілдері жиналысы Тұрақты комитеті Бас хатшысының орынбасары Шэнь Чуньяо баяндамашы ретінде қатысты.
Қытайдың қазіргі экономикалық ахуалы, қытай-қазақ қатынастарының келешегі мен түрлі салалар ынтымақтастығы талқыланған жиынға ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Ханьхуй, Мәжіліс депутаттары, «Нұр Отан» партиясының өкілдері және бірқатар дипломат, саясаткерлер қатысты.
Ал жиында негізгі сөз сөйлеген қытай саясаткері Ш.Чуньяо жуырда ғана өткен Қытай коммунистік партиясының жалпы жиналысында нақтыланған мәселелерді таныстырып, екі ел арасындағы саяси-әлеуметтік серіктестіктің жай-күйін саралады.
«Біздің әріптестігіміз бен өзара ынтымақтастығымыз басқару жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жағдайында да тереңдеп келеді. Бұл ретте тәжірибелік тұрғыдағы байланысымыз нығаюда. Мәселен, 2014-2016 жылдары Қытайда 2 565 қашқында жүрген шенеунік тұтқындалған болса, өткен жылы түйені түгімен жұтқан 100 жемқор-қашқынның аты-жөні анықталып, оның 37-сінің қолына кісен салынды. Осылайша, жоғары лауазымды шенеуніктер арасындағы сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу ісінде екі елдің өзара ақпарат алмасып, тәжірибе бөлісуі тараптарға тиімді болатындығына сенімдімін», деді ол.
Сонымен қатар, шара аясында БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берген ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Ханьхуй уақыт өткен сайын қазақ-қытай қарым-қатынасы қалыңдай түсіп, байланыстың жоғары деңгейі қарқын алатындығын атап өтті.
«Әсіресе, шағын және орта кәсіпті жандандыру үшін Қытай банктері аталған саланы несиелендіруге бейілді. Тек, жергілікті атқарушы билік қызметтің ыңғайын үйлестіріп берсе болғаны. Мұндай қадам Қазақстан Президенті нақтылаған «Нұрлы жол» бағдарламасының тетіктерін жүзеге асыруда да өз тиімділігін көрсетеді. Сондай-ақ, батыс пен шығыстың арасында дәнекер болып отырған бүгінгі Қазақстанның стратегиялық жобалары Қытай үшін де аса маңызды екендігін ешқашан қаперден шығаруға болмайды», деді елші.
Мемлекетаралық ынтымақтастықтың тереңдей түсуін арқау еткен келелі кеңесте екі ел өкілдері инвестициялық әлеует жөнінде де пікір алмасты. Атап айтқанда, қытай инвесторларының ауыл шаруашылығы мен шикізат өндіру, өңдеу үдерісі, азық-түлік тауарларын шығару салаларын қаржыландыруға қызығушылықтары зор.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ