• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
16 Қаңтар, 2017

Жастарға тіркеу туралы түсіндірілді

278 рет
көрсетілді

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универ­­ситетінде уақытша тіркеу мәселесін егжей-тегжейлі талқылаған арнайы дөңгелек үстел өтті. Оқу орнының Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Дихан Қамзабекұлы жетекшілік еткен отырыста Астана қаласы ІІД Көші-қон полициясының подполковнигі Қанат Досмағамбетов негізгі баяндама жасап, университет ұстаздары мен студенттердің түрлі сауалдарына жауап бере отырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Алдымен осы күндері қоғам арасында қызу талқыланып жатқан «Экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жай-жапсары жастар қауымына жан-жақты таныстырылып, соңына қарай студенттердің күйбең тірлікте бетпе-бет кездесіп жатқан нақты мәселелердің мән-жайы тарқатылды. Сонымен қатар, Журналистика және саясаттану факультеті деканының студенттермен жұмыс жөніндегі орынбасары Гүлжауһар Болатова да сөз алып, заңгер мамандардың ыждағаттылықпен түсіндіруді талап ететін өткір сауалдарын жастар қауымы атынан құқық қорғаушының қолына тапсырды. Жалпылама түрде алып қарайтын болсақ, бүгінгі қоғамның барометрі саналатын студенттер қауымы тіркеу мәселесіне келгенде абдырап, әбігерге түсуге шақ қалғандай екен. Бұлай деуімізге университет ұстаздарының келтірген уәжі дәлел болғандай. Мәселен, елордадағы еңселі жоғары оқу орны дейтін Еуразия ұлттық университетінде бүгінгі таңда 17 мыңға жуық студент бар болса, оның 4 мыңға жуығы ғана жатақханамен және жыл басынан бергі жаңа талапқа сай тіркеуге тұрумен қамтамасыз етіліпті. «Бұл жерде туысын жағалайтын студенттің жайы белгілі ғой. Ал енді пәтер жалдайтын жастарымыз қазірдің өзінде бірқатар қиындықтарға тап болуда. Айталық, үй иесі пәтерін жалға бергісі келгенімен, студентті уақытша тіркеуге қоюға құлықсыз. Оның түрлі себебі бар десек те, бұл жерде студент тіркеусіз, қаңғып қалмауы керек. Сондықтан да біз бар шәкіртімізді қаңғытпай құшағымызға алып, университет жатақханасына тіркеуге тұрғызғымыз келгенімен, қолданыстағы заңымыз оған рұқсат етпейді екен. Қоғамдағы бірізділік пен тәртіпті қалыптастыру үшін мұндай талап қажет екені сөзсіз. Десек те, осындай отырыстарда еркін пікір алмасу арқылы түйінді ақылға сала отырып тең тарқатуымыз керек», деді Дихан Қамзабекұлы. Студенттер қауымы проректордың мұндай пайымын құп көріп, қол соққанымен ұстаздардың кейбірі ел арасында «резеңке пәтер» атанған сүреңсіз көріністі болдырмауды көздейтін жаңа заңға сай әлгі «өлшемі шексіз» пәтерлердің қатары «резеңке жатақханалармен» толыға түсетіндігін айтты. Бұл сөзді Көші-қон полициясының подполковнигі Қанат Вахитұлы да «студент қай жерде тұрса, сол мекенжайда уақытша тіркеуге тұруға міндетті» деп заң талабын шегелей түсті. Сондай-ақ, ол өзінің сөзінде уақытша тіркеу үшін алынатын мемлекеттік төлем көлемі дөңгелектенген 227 теңге емес екендігін қадап айтты. «Қазiргi таңда тiркеуге тұратын азаматтар жаппай 227 теңгеден төлеп жатыр. Заңнамалық тұрғыдан бұл дұрыс емес. Негiзiнде, бекітілген комиссия сомасы 226 теңге 90 тиынды құрайды. Екеуінің айырмасы бар-жоғы 10 тиын ғана ғой деп миығымыздан күле қарайтын жағдай емес бұл. Себебi, салық есептелгенде және бiз өзiмiз есеп тапсырғанда осы артық алынған әрбір 10 тиын үшiн жауап беремiз. Сондықтан түбiртекте 226 теңге 90 тиын деп көрсетiлуi тиiс. Қалай десек те, заңның аты – заң емес пе?!» дедi Қ.Досмағамбетов. Студенттер мен ұстаздар қауымына осылайша үн қатқан құқық қорғау органының өкілі өз мәлімдемесінде тұрақты және уақытша тіркеу ережелері мен тұрғын үйді жалға алушылардың, жалға берушілердің тәртібі туралы, осы тіркеуге байланысты туындауы мүмкін мәселелердің заң шеңберінде шешілуі тиіс жолдарын түсіндірді. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»