• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Қаңтар, 2017

Сұранысқа ие бұйым

456 рет
көрсетілді

Жаңа жыл қарсаңында Глубокое ауданының әкімі Қалихан Байғонысов бізге телефон шалып, еліміздегі құрылыс ғимараттарына аса сапалы, бір өзі бірнеше кірпіш орнына жүретін минерал мақтадан жасалған материалдарды жасайтын «IZOTERM”серіктестігінің жұмысымен танысуға шақырды. Аудан басшысының сөз ауанынан аңғарғанымыз, елімізде мұндай аса сапалы отандық өнімдерді шығаратын кәсіпорын жоққа тән екен. Бізді кәсіпорынның бас директоры Андрей Черепанов пен техникалық директор Александр Кушкарев қарсы алды. Аумағы атшаптырым алып зауыттың ішіне ендік. Бір кездері бұл жерде Ертіс мыс балқыту зауыты болған. Он шақты жыл бұрын ол жабылып қалған соң, аталмыш кәсіпорын басшылары зауыт ғимараты мен Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кенті маңындағы ондаған гектар жерді сатып алған. Ал ол жерде мақта бұйымдары зауытына аса қажет габрадиабас тасы өндіріліп, ұнтақталған соң материал жасауға қолданылады екен. Кәсіпорын басшылары «izoterm» материалын жасау күрделі екенін, оған финол-смола, даламид, кокс қажет екені, сонда ғана өз өнімдерінің сапалы болатынын айтты. – Алдағы тамызда зауытқа 10 жыл толады. Қазір бізде 320 адам жұмыс істейді. Шынын айту керек, жұмыс оңай емес, оған екінің бірі шыдай бермейді. Жалақылары жақсы, 70-80 мың теңге қаратады. Отандық өнімге деген сұраныс керемет, тапсырыс бірнеше ай бұрын түседі, сондықтан өнімді қайда жібереміз деп бас қатырмаймыз. Финол-смоланы Ресейдің Нижний Тагиль қаласындағы «Уралхим­пласт» компаниясынан, ал коксты көрші Алтай өлкесіндегі Заринск қала­сын­дағы «Полиос» фирмасынан, орайтын пленкаларды Ново­сібір қаласындағы «Астро» кәсіпор­ны­нан және Өскемендегі кәсіпорын­нан аламыз, – деді зауыттың бас директоры А.Черепанов. – Тек тұрғын үй құрылысы емес, біздің минерал-мақта бұйым­дары кәсіпорындар мен басқа да құрылыс­қа таптырмайтын материал. Бағасы да қымбат емес, мәселен, бір шаршы метр материал 500 теңге тұрады. Көлденеңі 5 сантиметр болатын мақта екі кірпішті ауыс­тыра алады. Кәсіпорын көлде­неңі 5-20 сантиметр болатын материал­дарды шыға­рып жатыр. 20 сантиметрді төрт­ке көбейт­­сеңіз, бір өзі 8 кірпішті а­лмас­­тыра алады деген сөз. Бұл өнім­дер ғимараттың іші мен сыртына да пайдаланылады. Экологиялық таза, жылы әрі сапалы өнімдер шығару көлемін алдағы уақытта ұлғайтсақ деген ой бар, – дейді техникалық директор Александр Кушкарев. Атқарылып жатқан жұмыстар пультпен басқарылады. Дәл ортада алып пеш тұр. Бір жарым мың градус ыстықта балқитын габрадиа­бас тасы ұнтақталған соң оған кокс ара­лас­ты­рылып, финол-смола қосыла­ды екен. Ал дайын өнімдер арнайы қоймада сақталып, сосын Қазақ­стан­ның барлық өңірлеріне темір жол арқылы жөнелтіледі. Айына 20-25 мың тонна бұйым шығаратын кәсіп­орын алдағы уақытта өз қуатын арттыруды көздеп отыр. Себебі белгілі, сапалы бұйымдарға деген сұраныс күн сайын артып келеді.  Оңдасын ЕЛУБАЙ, журналист  Шығыс Қазақстан облысы, Глубокое ауданы