Көкшетаудың «Оқжетпес» командасына «Спартактың» бұрынғы шабуылшысы Александр Козлов қосылды. Бұл туралы vesti.kz хабарлады.
23 жастағы ойыншымен көкшетаулық клуб бір жылдық келісімшартқа отырды. Ол соңғы рет Воронеж қаласының «Факел» командасында доп тепкен.
Козлов «Спартактың» бірінші командасына 2010 жылы қосылған. Мұнда ол барлығы 28 матчқа қатысып, 1 голдың авторы атанған. Сонымен қатар, өз командасын Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алуға септігін тигізген.
«Қазір ойымның бәрі «Оқжетпес» жайлы. Жаңа командама қолымнан келгеннің бәрін жасауға дайынмын. Ал болашақта өзім түлеп ұшқан «Спартакқа» оралуды армандаймын», – деді «Оқжетпестің» жаңа форварды.