«Астана» Президенттік кәсіпқой спорт клубының қатарына кіретін Astana Motorsports командасы «Дакар» экстрим-рейдін сәтті аяқтады.
Astana Motorsports баспасөз қызметінің хабарлауынша, жеңіл экипаж Т2 стандарттық көліктер классында 3-орынды иеленді, ал жүк көлігі 26-орынды иеленді.
Екі апта ішінде қатысушылар Парагвай, Боливия және Аргентина елдері аумағынан тоғыз мың километр жүріп өтті.
«Астана» Президенттік клубы «Дакарға» екі экипаж шығарды. Жүк экипажы (Т4) құрамында «Дакар-2012» қола жүлдегері пилот Артур Ардавичус, штурман Серж Бринкенс және механик Майкл Хьюсман MAN TGS көлігінде болды. Жеңіл экипажда Т2 санатындағы FIA 2015 ралли рейдтері бойынша Әлем кубогының жеңімпазы пилот Денис Березовский және штурман Алексей Никижева шықты. Олар Production классындағы Toyota Land Cruiser 200 көлігімен қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл «Дакар» ерекше қиын болды. Ауа райының қолайсыздығы да өзіндік әсерін тигізген. Осының салдарынан көптеген лидерлер турнир кестесінің төменгі жағында қалып қойған.
«Боливиядағы толассыз жауған жаңбыр, сел өз қиындығын тудырмай қоймады. Бірақ жарыс осындай кедергілерді жеңуімен қызықты. Ал бәрі оңай болса, оны «Дакар» деп айтуға келмейді», – деді ралли-марафонның директоры Марк Кома.
Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында өткен қорытынды 12-трансконтиненталдық марафоны өте жылдам өтті. Көшбасшылар бұған дейінгі кезеңдерде жеткен өз позицияларын ұстап қалуды мақсат етті. Бұл күнгі жалпы қашықтық 64 км арнайы аумақты есептегенде 786 шақырымды құрады.
Жүк экипажы кезеңді 16-орында, ал «Дакарды» 26-орында аяқтады. Ал Т2 стандарттық көліктер классында жеңіл экипаж 3-орында, кезеңде 31-орында, «абсолютте» 29-орында келді.