• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
17 Қаңтар, 2017

Рухы биік Рақия

2082 рет
көрсетілді

Алаш ардагері Әлімхан Ермековтің зайыбы туралы не білеміз? Таяуда газет-журнал тігінділерін парақтап отырғанымда, «Казахстанская правда» (09.12.2016) газетінің бетінен қарағандылық журналист Наталья Рыжкова алған «Менің атам өте зиялы кісі еді» («Мой дед был глубоко интеллигентным человеком») атты сұхбат көзіме түсті. Сұхбатты белгілі қайраткер, Алаш қозғалысының белсенді мүшесі, қазақтан шыққан алғашқы математик-профессор Әлімхан Ермековтің немересі Олег беріпті. Әңгімесінің бір тұсында ол: «Әлімхан Әбеуұлы Қарағандының жоғары оқу орындарында еңбек етті. Ол онда 1955 жылы әйелі, дәрігер-хирург Рақия Шагабутдиновамен Жамбыл қаласынан ауысып келіп еді...» депті. Рақия Шагабутдинова! Ия, таныс есім. Мына қызықты қараңыз. Жамбыл өңіріндегі медицина және денсаулық сақтау ісінің тарихын зерттеп жүрген кезімде облыстық мұрағаттағы сарғайған қағаздардан бірнеше рет «Рақия Ермекова» деген есім кездескен болатын. Ұлы Отан соғысы уақытында,  нақтырақ, 1941-1944 жылдары облыстық аурухананы осы дәрігер-хирургтың басқарғаны туралы мәліметтермен қоса, жеке фотосуреті де қолымызға іліккен. Кейін қолда бар сол материалдарды әр жылдары басылып шыққан кітаптарымызда пайдаландық. Бірақ Рақия Шагабутдинова (Ермекова) ел тарихында жарқын із қалдырған қабырғалы қайраткер Әлімхан Ермековтің әйелі екендігі бұған дейін біздің қаперімізде болмапты. Былтыр ғана туғанына 120 жыл толуы аталып өткен Әлімхан Ермековтің өмір жолымен көзі қарақты оқырман біршама таныс. Өзі туған өңірдің орталығы Қар­қара­лыдағы училищені, Семейдегі ерлер гимназиясын бітірген, содан соң Томскiдегi технологиялық институтта оқыған Әлімхан өзінің айрықша қабілетімен танылады. Студенттік шағында Шоқан Уәлихановтың досы – ғалым Григорий Потанинмен және елдің көрнекті зиялыларымен тығыз араласады. Ол орыс географиялық қоғамы Семей бөлімшесіне мүше болған. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін саясатпен шұғылданады. Алаштың «Қазақ» газеті: «Технологический институтқа асқан зеректер ғана түседі. Әлімхан білімді, шешен, өткір, халыққа қызмет етуді өзіне парыз санаған жігерлі азамат», –  деп зор баға берсе, Сұлтанмахмұт Торайғыров оның тұлғасын «Таныстыру» атты шығармасында жырға қосады. Әлімхан Ермековтің тарихи зор еңбегінің бірі – Қазақ автономиялық республикасы шекарасының ұлттық мүдде тұрғысынан айқындалуын Мәскеудің төріне барып сауатты және табанды түрде қорғауы. Басқа да Алаш зиялылары секілді, Кеңес үкіметінің қырына ілінген қайраткер бас-аяғы 22 жыл бойы барша күш-жігерін ғылым мен білім саласын дамытуға жұмсады. «Ұлы математика курсы» оқулығын жазып, «Қазақ тілінің математика терминдері» түсіндірме сөздігін әзірледі. Ақырында, халқы үшін қам жеген, оның жарқын болашағын аңсаған, білімі зор, көкірегі ояу, ойы терең Әлімхан Ермеков өмірінің 18 жылын еңбекпен түзету лагерьлерінде өткізді. Әлімхан Ермеков 1932 жылы алғаш рет қамауға алынып, жолаушылар пойызының вагонында (ол кезде тұтқындарды таситын арнайы тауар вагондары әлі жасақталмаған кез) күзетпен айдалып бара жатқанда, көрші купеде келе жатқан жап-жас үш қазақ жігітімен тілдесудің ыңғайын табады. Күзетшінің мызғып кеткен сәтін пайдаланып, сұңғақ бойлы сымбатты жас жігітке бүктелген қағазды беріп тұрып: «Айналайын, қарағым! Мына хатты көрсетілген адрес бойынша жеткізіп беруіңді өтінемін. Жеңгең мен балаларыма хабарым жетсе екен», – дейді. Кейінірек, 1955 жылы бостандыққа шыққан соң, сол жылдардағы Министрлер Кеңесінің төрағасы Д.А.Қонаевқа хат жазып, қабылдауын өтінеді. Көп уақыт өтпей оның жұмыс бөлмесіне кіре берісте біраз белгілі адамдар бас қосады. Арасында Әлімхан Ермеков те бар. Бір кезде сырттан кірген Димекең кабинетіне өтіп бара жатып, көпшілікпен амандасады. Бір сәт қалт тұра қалып, Ермековке көзі түсіп, жанына таяп барып: «Аға, менімен жолыққаныңыз есіңізде бар ма?», – дейді. «Жоқ», – деп жауап қатады Әлекең. Сірә, «иә» десе, кесірім тиіп кете ме деген сақтығы еді бұл. Кабинетке кіріп, оңаша пікірлескенде сөзден сөз шығып, бір мезетте: «Этапта кетіп бара жатқанда хат берген жігітіңіз мен болатынмын. Ол кезде мен Мәскеудегі оқуымнан кезекті каникулға келе жатқан бетім еді. Алматыға барған соң, уақыт оздырмай хатыңызды жеңгеміздің қолына тигіздім», – дейді Дінмұхамед Қонаев. Бұл шамамен 1960-жылдардың ар жақ, бер жағындағы кездесудің әңгімесі. Өз естеліктеріне сүйенсек, Әлекең екі рет ресми түрде Қонаевтың қабылдауында болған. Димекең Алаш ардақтысының тұрмыстық жағдайына жәрдемін аямаған. Мысалы, ә дегенде Алматыдағы пәтер мәселесін шешіп берген. Ақталған соң, Ә.Ермековтің қызметі 1955-1958 жылдары Қарағандыдағы политехникалық институтта жалғасып, зейнеткерлікке осы жерде шығады. Әлімхан Ермековтің зайыбы Рақия Шагабутдинова Томск университетінің медицина факультетін тәмамдап, екеуі сол жерде танысқан. Рақия жайында там-тұм мәліметтер ұшырасады. Бірде атақты геолог, профессор Михаил Антонович Усовқа Томск технология институтының тау-кен факультетінің студенті Әлімхан Ермеков және оның жары, жас дәрігер Рақия Шагабутдинова келеді. Олар науқастанып жүрген Михаил Антоновичті Қазақстанға таза ауамен тыныстап, қымыз ішіп, күш-қуат жинап қайтуға шақырады. 1921 жылдың шілдесінде олар Баянауылға табан тіреді. Мұнда Ермековтің досы, халық судьясы Қаныш Сәтбаев құшақ жая қарсы алды. Бұл ұшырасулар Қаныш Сәтбаевтың білімге деген құштарлығын оятып, оны Томск техникалық университетіне алып барды. Сөйтіп, Қаныш Сәтбаевқа жарқын жол көрсеткендердің ішінде профессор М.А.Усовпен қатар, Әлімхан аға мен Рақия апай бар еді. Рақия Шагабутдинова хирургия мамандығын таңдап, мыңдаған науқасқа ота жасап, денсаулық сақтау ісіне елеулі үлес қосты. Күйеуінің басына түскен ауыртпалықты «халық жауының әйелі» ретінде бір адамдай көтерді. Қиыр Шығыста айдауда жүргенде тағдырлас әйелдермен бірге тайгада ағаш кескен. Кейбір мәлімет бойынша, Рақия Шагабутдинова Жамбыл өңіріне сол тақсыретті жылдары жер аударылып келген. 1940 жылы облыстық ауруханада дәрігер-хирург болып еңбек етсе, көп уақыт өтпей-ақ білімділігін, біліктілігін байқатқан оны облыстық аурухананың бас дәрігері етіп тағайындапты. Сөйтіп, 1941-1948 жылдары осы лауазымды атқарады. Жұбайы Әлімхан бостандыққа шыққаннан кейін Қарағандыға барып, бірге тұрып, 1960 жылы дүниеден озды. Өзінен 10 жылдан соң бақилық болған сүйікті жары Әлімхан екеуі бір топырақты қымтанып, жұбын жазбастан қатар жатыр. Өкінішке қарай, Рақия Шагабутдиновамен Әулиеата жерінде бірге қызмет еткен әріптестері туралы дерек табу мүмкін болмады. Енді ерлі-зайыпты Ермековтерден тараған ұрпақ туралы бірер ауыз сөз айта кеткеніміз жөн болар. Олардың кіндігінен екі перзент – Мағауия атты ұл  мен Раушан (Рауилия) есімді қыз өрбіген. Мағауия 1921 жылы Шыңғыстаудың баурайында, Абайдың баласы Тұрағұлдың үйіне қонақтап келгенде туып, ата-анасы оған данышпан ақынның тағы бір ұлының есімін қойған. Он бір жасар Мағауия әкесінің тұңғыш тұтқындалғанын көзімен көріп, жанына мәңгі жазылмас жара түскен. Қуғынға ұшыраған отбасы Қаратал ауылына көшіріліп, анасы Рақия шешек ауруы жайлаған Үштөбенің темір жол ауруханасын басқарып, соның арқасында жан сақтайды. Алғыр Мағауия 1950 жылы Алматы Тау-кен институтын үздік бітіріп, 1968 жылы геология-минералогия ғылымдарының докторы дәрежесін, 1970 жылы профессор атағын алып, 1983 жылы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, кейін академигі болып сайланды. Сондай-ақ, ол – КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Ал Раушан инженер мамандығын игеріп, Арменияға тұрмысқа шыққан. Ғажайып жандар –  Әлімхан Ермеков пен Рақия Шагабутдинованың тағдыр тоғысы туралы әзірге білетініміз осы ғана. Әлбетте, әлі де ел арасынан, архив қойнауынан тың деректер табылатындығынан үміттіміз... Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор ТАРАЗ