Шөкімдей жәндіктің тастан қашала жасалып, құдды тау іспетті табиғаттың бір жаратылысындай болып мелшие қалған алып бейнесін көргенде, тамсанбасқа әддіңіз қалмайды. Алғашында табиғаттың жаратылысы болар деп келте қайыра саларсыз. Сосын, қызыл мәрмәр тастардан басы, аяғы, құйрығы, тіпті денесінің әр мүшесі сомдалған бейнелерге зер сала қарап тұрып ықылым замандардағы адам қолының ізін аңғарғандай да боласыз. Себебі, Шартас деп аталатын тау қойнауында биіктігі атты адамнан асатын мүсіндер жүздеп саналады.Табиғат-Ананың ашылмаған бұл құпиялары Райымбек ауданының Сарыбастау және Сүмбе ауылдарының арасында табиғатпен біте қайнасып тұр.
Расында адам қозғалта алмайтын қой тастардан қиюластыра құралған жәндіктер бейнесі нені аңғартады? Жалпы, Жер шары секілді дөңгелек болып келетіндіктен Шартас аталатыны бір ойды қозғаса, әр қырына үңілген сайын бір сыры суыртпақталады. Негізі теңіз деңгейінен екі мың метр биіктікте жатқан осы өңірде бүгінде тасбақа секілді жәндіктер жоқ. Сонда бұл қай заманның белгісі болғаны?
Тағы бір айта кетер жайт – Кеңес дәуірінде геолог ғалымдар арнайы экспедиция жасақтап келіп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, мәрмәр тастардың жер бетінде күнге қақталғанын жарамсыз, ал жер астындағыларын қазып алып пайдалануға болады деген ұйғарым жасаған екен. Сонда жергілікті халық ғасырлар бойы өзіндік құпиясын бүркеп, қасиетін сақтап жатқан Шартастың киесі кімді ұрар екен деп іштей тынған. Тағы бір жылдары осы қызыл мәрмәр тастарды алыпсатарлар тасып әкетіп, құлпытас бизнесін дөңгелетпек те болған. Бірақ ол қиянаттан да құдай сақтады. Қазіргі кезде сарыбастаулық жастар отау құрғанда серуендеп Шартасқа барып естелік суретке түсу әдетке айналған. Егер заңнама шеңберінде ел туризмін дамытудың бір жолы ретінде Шартас танылса бірқатар мүмкіндіктер жолы ашылатын еді.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы,
Райымбек ауданы
Суреттерді түсірген
Бақыт ҰЛДАРБЕКОВ