ОҚЫРМАН
...алғысын жеткізеді
Өткел қалпына келтірілді
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов ауданымызға жұмыс сапармен келгенде Кеңащы ауылдық округі тұрғындарымен кездескен болатын. Сол жолы ауданға қатынайтын күре жолдың бойындағы өткелді қарғын судың шайып кетуі салдарынан қатынау үлкен қиындық тудырып отырғанын айтып, жәрдем жасауын өтінген едік.
Биылғы су тасқыны кезінде қирап қалған су өткелі бір айдың ішінде қалпына келтіріліп, қуанышымызда шек болмады. «Көкшетау жолдары» ЖШС ескірген бетон құбырды жаңалап, іргетасы техникалық стандарттарға сай бекітілді. Енді ол жерден ауыр көліктер де еш қауіп-қатерсіз өте алады.
Осы мәселені шешуге аудандағы кәсіпорын басшыларының да тигізген қолғабысын айта кеткім келеді. Серіктестіктердің, шаруа қожалықтарының басшылары мен кәсіпкерлер халықтың тұрмысына қатысты әлеуметтік мәселелердің ойдағыдай шешілуіне өз үлестерін аянбай қосып келеді. Жергілікті атқарушы органмен етене жұмыс істеп, өзекті мәселелерді жұмыла шешеді. Шалғайдағы елді мекен тұрғындарына қатысты күрмеуі қиын мәселеге аянбай атсалысқан азаматтарға алғысымды білдіремін.
Әшім НҰРМАҒАНБЕТОВ,
еңбек ардагері
Солтүстік Қазақстан облысы,
Ақжар ауданы
...ренішін айтады
Ыңғайсыздықтан арылсақ деймін
Біз Жамбыл облысы, Меркі ауданы, «Аңдас батыр» ауылының тұрғындарымыз. Бұл жерде қырғыз бен қазақ елінің ортасын бөліп тұрған Сыпатай батыр атындағы, екі жағы да елді мекен мемлекеттік кеден бекеті орналасқан. «Кеден бекеті» біз жақта ғана емес, бүкіл Қазақстанның бетке ұстар мекемесі болып табылады. Бұл жерден алыс-жақын шетел азаматтары өтеді. Біздегі кеденнен шыға берсеңіз – ығы-жығы, ескірген, жамау-жамау дүңгіршектер: біреуі сақтандыру пункті, біреуі бәліш пен шай сатады. Жаздың күні тазалық сақталмайды. Осы жайларды айтып ауыл мен аудан әкіміне қаншама рет бардық, көрместің кебін киіп отыр.
Басында кеденнен 200 метр қашықтықта тұру керек деп бірсыпыра дүңгіршектерді көшіруге әрекеттеніп еді, «көкесі» барлар ортасын ойып тұрып отырып алды. Ал осы кеденге облыстағы мықты келіп еді, әдет бойынша жергілікті әкімшіліктегілер базардағыларды қуалап, үстелдерін жинастырып, төңірегін сыпырып, дүңгіршектерге ақ мата жауып шығарып салды. Кеденнен өтіп жатқан шетел азаматтарынан ұялмаймыз, шен-шекпенділерден ұяламыз. Айтарым – осы бір ыңғайсыздықтан арылар күн бар ма екен?
Оралхан ҚАЛЫМБАЕВА,
зейнеткер
Жамбыл облысы,
Меркі ауданы
...батасын береді
Ардагерлер үйі ашылды
Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында облыстық мәслихат депутаты, кәсiпкер Мағауия Тұрысбековтiң демеушiлiгiмен салынған «Ардагерлер үйi» ашылды. «Ғимараттың iшiнде ардагерлер келелi мәселелердi талқылайды деп үмiттенемiн. Ұрпақтар сабақтастығы қашанда үзiлмеуi керек. Алдағы уақытта да қолдан келген көмегiмдi аямаймын», – дедi елдiң батасын алған азамат.
Бүгiндерi ауданда 5048 ардагер тұрады. Осы уақытқа дейiн аудандық ардагерлер кеңесi басқа мекеменiң ғимаратында, жалғыз тар бөлменi пайдаланып келген. Бiр бөлме ел ағаларының келелi кеңес құрып, елдiк мәселенi талқылауға тарлық ететiн. Ендi оларға арналып iшiнде мәжiлiс залы, мекендеп орны және тағы басқа да қажеттi бөлмелермен қамтылған 263 шаршы метр ғимарат табысталды.
Жалпы, iскер әкiм Мақсат Исаев тiзгiнiн ұстаған Созақ ауданында оның ұйытқы болуымен жүзеге асқан игi тiрлiктер аз емес.
Ерлан РАЙЫМҚҰЛОВ
Оңтүстiк Қазақстан облысы,
Созақ ауданы,
Шолаққорған ауылы
...ризашылық білдіреді
Тарихи атауы қайта оралды
Бұрын кеңестік кезеңде Бершүгір ауылы орыс тілінде «Берчогур» болып жазылып келгендіктен, «бер» – «бір», «чогур» – «шоғыр» болып аударылып, станса атауы бұл өңір үшін мән-мағынасы жоқ Біршоғыр болып шыға келген еді. Бұған бершүгірліктер наразылық білдірді, жиналыстар өткізіп, осы өңірге белгілі бір тұлғаның атын иеленген Бершүгір деген тарихи атауды қайтару керек деп газеттерде мақалалар жариялады, түрлі құзырлы органдарға әділдік сұрап хат та жазды. Бірақ, іс аяқсыз қала берген.
Дегенмен, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-тың сол кездегі басшысының атына жазылған хат ақыры иесін тапты деп ойлаймыз. Олай дейтініміз, Қазақстан Үкіметі жанындағы Республикалық ономастикалық комиссия отырысында еліміздің темір жол стансаларының атауы қаралып, тоқсаннан астам атау жаңартылды. Оның ішінде 87 атауды өзгерту туралы ұсынысты «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ түсіріпті. Теміржолшылар басшысы берген ұсыныстардың бірі – Бершүгір стансасы екен. Міне, халықтың тілегі қабыл алынып, стансаның тарихи атауы қайта оралды. Бершүгірліктер өздерінің тілектеріне құлақ асқан тиісті орындарға дән риза.
Бердібай КЕМАЛ
Ақтөбе облысы
...ұсыныс жасайды
Телефонға телмірмеген жөн
Елімізде ұялы телефонға телмірген жастардың қатары артқаны соншалық, бұған тіпті, ересектер де тәуелді болып барады. Әсіресе, мектеп оқушылары мен студенттердің сабақта сол бір құрылғыға телміріп, мұғалімнің сабағын тыңдамайтын жайттар жиі кездеседі. Емтиханда сұрақтың жауабын телефоннан іздеу үйреншікті әдетке айналған. Осыдан келіп студентте қандай білім болады? Телефонға телмірген жастарды оқуға қалай бейімдеу керек? Қандай шаралар тиімді?
Қазіргі таңда әлемде жастардың телефонға құмарлығы маңызды проблеманың бірі болып отыр. Осыған орай қытай ғалымдары қарсы шара қолдануды қолға алыпты. Мәселен, қытай университеттерінде барлық аудиторияларда бейнебақылау қойылған. Студенттер басқа университетке мәліметті хат түрінде апаруға мәжбүр. Егер сабақта телефон пайдаланып, тәртіп бұзушылық болған жағдайда студенттің жеке парақшасына енгізіледі екен.
Енді бір университеттің кітапханасында телефонды пайдалана алмайтын аппараттар қойылған. Студенттер оқу залынан кіреберісте гаджеттері мен телефондарын тастап кетеді. Осындай тәжірибені біздің елімізде неге қолданбасқа? Былтырғы жылы елімізде мемлекеттік кейбір мекемелерде ұялы телефон пайдалануға тыйым салынған болатын. Міне, осы әдісті мектептер мен ЖОО-да енгізсе.
Айман МҰҚЫШЕВА
АСТАНА