• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
17 Қаңтар, 2017

Жақын күндері онлайн-тіркеу іске қосылады

333 рет
көрсетілді

Елордада өткен алқалы жиында қоғам белсенділері мен белгілі заңгер-құқық қорғаушылар, зерттеу ұйымдары мен мемлекеттік құрылымдардың өкілдері бас қосқан жиында азаматтарды тіркеудің жайы талқыланды. Жиынға Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қатысып, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап бере келе, жақын күндері азаматтарды тіркеудің онлайн жүйесі іске қосылатындығын мәлімдеді. «Қазақстанда азаматтарды есепке алу жүйесін жаңғырту тетігі мен тіркеу жағдайы» тақырыбымен «PaperLab» пікірсайыс клубы ұйымдастырған жиында сөз алған Дәурен Әскербекұлы алдымен Алматы қаласында Халыққа қыз­мет көрсету орталығында қаза тап­қан адамның туған-туыстарына көңіл айтты. «Әрине, біз уақытша тіркеу шаралары іске аса бастағанда халыққа қызмет көрсету орталықтарында мұнша­лық­ты қалың бұқара жиналып, қарбалас жағдай қалыптасады деп күтпедік. Осы орайда, кейбір тетіктердің тиісті дәрежеде ұйымдастырылмағанын министр­лік тарапынан мойындауымыз керек. Десек те, қазір жағдайды мұқият бақылап отырмыз. Алғашқы кез­дер­мен салыстырғанда халықтың ХҚО-ға жиналуы төмендеп, тіркеу үде­ріс­тері қалыпқа түсуде. Бүгінге де­йін рес­пуб­лика бойынша 250 мыңнан астам азамат тіркеуге тұрып үлгерді. Сонымен қатар, оқыс жағдайлардың қайталан­бауы үшін біз өз құзыретіміздің шең­берінде тиісті ведомстволарға қажетті шара қолданылуын сұрап ресми хат жолда­дық. Нәтижесінде, жұрт көп жиылатын орта­лықтарда дәрігерлік кезек­шілік пен тәртіп сақшыларының қызметі сын­ды қосымша қызметтер ұйым­дас­­тырылды», деді министр Д.Абаев. Сондай-ақ, министрдің БАҚ өкілдері мен қоғам белсенділерінің сауалына жауап беру барысында жақын күндері еліміз­де онлайн-тіркеу жүйесі іске қосы­ла­тындығы мәлім болды. Оның сөзін­ше, Ақпарат және коммуникация­лар министрлігі тарапынан орындалуы тиіс барлық шаралар тиісті межесіне жеткен. Енді тек Ішкі істер министрлігінің құзы­рындағы екі-үш қызметтің үйлестірілуі ғана қалған көрінеді. «Нақтылай түскім келетін бір мәселе, жақын күндері біздің ведомствоның мұрындық болуымен азаматтарды онлайн-тіркеу тетігі толығымен іске қосылады. Онлайн-тіркеу жобасы дайын, тек ІІМ тарапынан кейбір қызметтерді жетілдіру ғана қалып отыр. Бәлкім, келер аптада ел азаматтары қызметтің осы тетігін қажетіне жаратып қалатын шығар деп жоспарлап отырмыз», деді Д.Абаев. Айта кетейік, басқосуға білікті заңгерлермен қатар, адвокат Д.Утебеков, «Қазақстан халықаралық адам құқы жөніндегі бюро» өкілі Е.Жовтис, «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры» ұйымының жетекшісі З.Батталова сынды қоғам белсенділері қатысып, мемлекеттік органдар өкіл­дерімен ашық пікір алмасты. Сон­дай-ақ, уақытша тіркеу мәселесіне қатысты олқылықтың орнын толтырып, жағдайды түзеудің жай-күйін жан-жақты талқылады. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»