Шығыс өңіріндегі Юбилейно-Снегирихин кенішіндегі кен өндіру жұмыстары тоқтады. Кеннің қосымша қоры толығымен игерілгендіктен, Kaz Minerals тобы осындай шешім қабылдап отыр. Бұл – топ құрамындағы ең кішкентай кеніш. 2016 жылдың 9 айында аталған кеніштен құрамында 7,1 мың тонна мыс бар 392 мың тонна кен өндірілген. Ал төртінші тоқсанның өндірістік нәтижелері қаңтар айының соңына дейін қорытындыланбақ. Кеніштегі жұмыс вахталық әдіспен жүргізіліп келді.
Корпоративтік байланыстар департаментінің облыстағы менеджері Ермек Дүзкеновтің айтуынша, бүгінде кеніш ұжымында оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде. 2016 жылдың желтоқсанына дейін шахтада 158 адам жұмыс істесе, соның ішіндегі 35 адам «Шығыстүстімет» ЖШС-нің басқа кәсіпорындарына жұмысқа орналасты, 59 адам өз еркімен жұмыстан кетуге бел буды. Ал оңтайландыру жұмыстары 27 адамды қамтып отыр. Қалған 37 адам қазіргі уақытта кеніштің күзет жұмыстары мен су шығару жүйесінің жұмысын қамтамасыз етеді. Олардың еңбек шарттарының мерзімдері шахтаны жабу жұмыстары аяқталғанға дейін ұзартылды.
Компанияда бекітілген жоспар бойынша қазіргі уақытта Юбилейно-Снегирихин кен орнын жабу жобасы жасалып, қорларды есептен шығару, жүретін және тұрақты жабдықтарды компанияның басқа кәсіпорындарына жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Жоба 2017 жылдың соңына дейін жасалып, бекітілгеннен кейін кен орнын жабу жұмыстары 2019 жылдың бірінші тоқсанында аяқталмақ. Тиісті мемлекеттік органдар бекіткен кен орнын жабу жобасы жүзеге асқаннан кейін жер қойнауын пайдалану келісімі мемлекетке қайтарылады. Компания үйінділер мен жұмыс кезінде пайдаланылған жер учаскелерін қалпына келтіру жұмыстарын атқарады.
Юбилейно-Снегирихин шахтасында жерасты тәсілімен құрамында мыс-мырыш және қорғасын бар түсті металл кені өндірілді. Кеніштен шыққан кен Николаев кен байыту фабрикасында өңделді. Глубокое ауданында орналасқан кен орны 1959 жылы ашылып, 1975 жылы барлау жұмыстары жүргізілгеннен кейін мемлекет балансына берілген болатын. Кен орны 2002 жылдан бастап пайдаланылды.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Глубокое ауданы