• RUB:
    5.04
  • USD:
    490.84
  • EUR:
    536.88
Басты сайтқа өту
17 Қаңтар, 2017

Ауқымды жобаның аяқ алысы қуантады

291 рет
көрсетілді

Тайынша ауданы Ильичевка ауы­лын­да майлы дақылдарды қалдық­­сыз өңдейтiн іргелі кәсiпоры­н­ның бірінші кезегі жұмыс істей бастады. Жылына 300 мың тоннаға дейін өнім өңдей алатын алып кешен Қазақстан–Қытай бірлескен ауқымды жоба шеңберінде бой көтерді. Заманауи өндіріс орнында бірыңғай еуропалық жоғары технологиялық құрылғылар мен жабдықтар орнатылып, екі тараптың ұтымды байланысы, агроөнер­кәсіптік кешеннің ұтқыр дамуы барынша ескерілген. Экономикалық, әлеуметтік дағдарыстарды еңсеру жөніндегі мемлекеттік тапсырмалардың ойдағыдай орындалуының арқасында облыстың елді мекендерінде озық бағдарламалар іске қосылды. Мерей­лі міндеттер межесінен көрінуде ауыл шаруа­шылығы еңбеккерлерінің қосып отырған үлесі зор. Соның бір мысалына экспортқа бейімдел­ген сапалы өнім шығаратын осы кешенді атауға болады. Шетелдік инвесторлармен бірлесіп тағы бірнеше зауыт салу жоспар­ланған. Бұл орайда, Сиань мэрімен келісім­дер жүргізіліп жатқанын айтқан жөн. Олар­дың ішінде ет, астық, балық, сүт өңдеу кәсіп­орындары бойынша озық жобалар бар. Өңірде индустрияландыру картасына 72,4 миллиард теңгенің 41 жобасы енгізілген. Президент Қытай Халық Республикасы­мен бірлесіп елуге жуық жобаны жүзе­ге асыру арқылы өңдеу саласын дамыту, ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін арттыру қажеттілігін атап көрсеткен бола­тын. «Айцзюй» компаниясы солтүстікқазақ­стандықтарға үлкен сый жасап, соның нәтижесінде алғашқы инвестиция көлемі 22 миллион долларды құрады. Келешекте оның мөлшері 100 миллион долларға дейін өсірілмек. Компанияның сауда желісі өте ауқымды. Бір мыңнан астам дүкендер желісі жұмыс істейді. Соңғы жылдары Қазақ­стан­ның сыртқы нарықтағы белсенді іс-қимылын ескерсек, осында өңделетін рапс, күнбағыс, зығыр өнімдеріне сұраныстың арта түсері даусыз. Биыл бірнеше цех ашылып, қосымша 50 миллион доллар қаражат тартылмақ. «Тайынша май» ЖШС құрылтай­шы Өлары­ның бірі Сәкен Мұхамедиев бізбен әңгімесінде Қытай қаржыгерлерімен қол­ға алынған бірлескен жоба негізінен экспортқа бағдарланғанын жеткізді. 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 10 мың тонна шикізат сатып алынып, одан 40 пайыз май, 60 пайыз жом алынады. Желілер түгел автоматтандырылған. Инже­нер­лік-техникалық құрам білікті мамандармен толықтырылған. 10 гектар жерде орналасқан кәсіпорынның аумағы алдағы уақытта 50 гектарға дейін кеңейтілмек. Жаңа Индустрияландыру бағдар­ламасы аясында пайдалануға берілген кешен күніне 100 тоннаға дейін өнім өн­діруге қауқарлы. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы