Ядролық қарудан ең көп зардап шеккен қазақ халқы екенін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі төртінші саммитте мәлімдегенін ұмыта қойған жоқпыз. Мұхиттың арғы жағында жарияланған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде айтылғандай, осыдан ширек ғасыр бұрын әлемде алғашқы болып Семей ядролық сынақ полигонының біржолата жабылуын төрткүл дүние жұртшылығы бейбітқатар өмір сүруге бағытталған тарихи қадам, маңызды шешім ретінде қабылдағаны даусыз.
Бүгінде барша адамзат алдында тұрған халықаралық терроризм, аймақтық әскери қақтығыстар, саяси жанжалдар, этностық текетірестер, талас-тартыстар, өлім себетін, ажал құштыратын жаңа қарулар ойлап табу сияқты жаңа қатерлердің ықтимал қауіптілігін ескерсек, Президент атап көрсеткендей, «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдарламаның қажеттілігін тіпті сезінгендей боламыз. Қазіргідей әлемдік саяси ахуалды ой таразысына өткізсек, олардың соңы еңсеруге келмейтін адам айтқысыз алапаттарға ұласып кетуі ғажап емес.
Бұл ретте Қазақстанның ұстанымы айқын. Ол – ұлттық соғыстар мен жанжалдардың вирусын жою жөніндегі үйлесімді де жауапты іс-әрекеттер шараларын дәйектілікпен жүргізу, ядролық және басқа да жаппай қырып-жоятын қарудан толықтай азат әлемге қарай бет бұру. Мемлекет басшысының ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитте алға тартылған дәйекті ұсыныс-ойлары Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне арналған Саяси үндеуде одан әрі жалғасын тауып, бейбітшілік ұстанымды қалыптастырудың, қамтамасыз етудің жолдары айқын көрініс тапқан.
Иә, биылғы жыл еліміз үшін ерекшеліктерге толы болары сөзсіз. Соның біріне 2017-2018 жылдар кезеңіне БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өкілеттілігіне кірісуін айтуға болады. БҰҰ-ның барлық мүшелерінің Қазақстанға қолдау көрсетуі еліміздің халықаралық қоғамдастық алдындағы биік беделін айғақтаса керек. Мұндай сенім жоғары жауапкершілік жүктеумен қатар, халықаралық нормалар мен қағидаттарға сәйкестендірілген батыл ұсыныстар мен бастамалардың өрісін кеңейте түсері анық.
Елбасы Саяси үндеуінде халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мақсатын басты нысана ете отырып, алдағы кезеңде атқарылатын бірқатар басымдықтарды атап көрсетті. Олардың қай-қайсысы болсын өте маңызды. Бұл орайда, жаһандық және өңірлік деңгейдегі әскери текетірестер мен халықаралық терроризм және зорлық-зомбылық экстремизмі ерекше белең алып тұрғаны адамзатты қатты алаңдататынын баса айтқан жөн. Соғыс пен жанжалдардың алдын алу, адам құқықтарын қорғау, орнықты даму мақсаттарын іске асыру, климаттың өзгеруіне қарсы күрес мәселелері де бірлесіп, ақылдасып шешкенде ғана өз нәтижесін берері сөзсіз.
Адамдардың алаңсыз өмір сүруінің бірден-бір кепілі – ядролық қаруларды таратпау, оның арсеналын қысқарту туралы шарт-міндеттемелердің мүлтіксіз орындалуы, «қырғи-қабақ соғысқа» жол бермеу, милитаризмді ауыздықтау. Осы орайда, адамзаттың озық ойлы өкілдерінің қазіргі кездегі бірде-бір соғыста жеңімпаз болмайтынын түсінетін мезгіл жетті.
Қонысбек ЫБЫРАЕВ,
Қазақстан Республикасы прокуратурасының үздік қызметкері
Солтүстік Қазақстан облысы