• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Қаңтар, 2017

Көктемде Қазақстанның солтүстігінде су тасқыны болуы мүмкін

394 рет
көрсетілді

Құтқарушылар биыл көктемде Солтүстік Қазақстан облысын 2016 жылғы су тасқынынан да үлкен топан су басатынын болжап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қар биіктігі мен биыл өңірде жауған қардың көлемі, орташа жылдық көрсеткішпен салыстырғанда, нормадан екі есеге асып кеткен. Ылғал қоры Қызылжар ауданында нормадан 412%-ға, Мағжан Жұмабаев ауданында - 359%-ға, Тайыншыда - 295%-ға асып кеткен. Былтыр көктемде жердің беткі қабатының қатуы елді мекендердің су басуына әкеп соқтырған болатын. Биыл жердің қатуы былтырғы көрсеткіштен 15-55 см-ге асып түседі. Синоптиктердің болжамынша, Солтүстік Қазақстан облысында қаңтар айында сібірден келген антициклонның әсерінен ауа райы -38 градусқа дейін суытады. Ол кезде жердің қабаты одан бетер қата түседі. Наурыздың үшінші жартысында күн күрт жылып, +8 градусқа дейін ысиды. Құтқарушылардың айтуынша, ондайда қар тез еріп, тасқын судың пайда болуына әсер етеді. Облыстағы барлық акватория толып тұр және 20-дан астам елді мекенді, теміржол мен тас жолдарды шайып кету қаупі бар. ТЖ алдын алу бөлімінің бастығы Асхат Бәкішевтің айтуынша, 2016 жылғы және бұның алдындағы жағдайлар жіті зерттелді. Нәтижесінде облыстағы 95 елді мекенді топан су басуы ықтимал деген болжам жасалды. Онда 1,5 мыңнан астам үй мен 4,7 мың халық тұрып жатыр. Сонымен қатар жалпы ұзындығы 50 шақырым болатын 153 автомобиль және теміржол учаскесі қауіп үстінде. Сондай-ақ Петропавлдың шетіндегі бірқатар аудандарды су басуы мүмкін. «Қазіргі уақытта облыстағы су тасқындарын алдын алуға бағытталған шұғыл шараларға арналған қаражат көлемі 226 млн. теңгені құрайды», - дейді Асхат Бәкішев. Айта кетейік, былтыр 30 жылда ең ірі су тасқыны орын алған болатын. Облыста 400-ден астам үй мен 35 елді мекен судың астында қалды. Тасқын судың зардаптарын жою үшін ҚР Үкіметінің қорынан 1,3 млрд. теңге бөлінген.