Қазақстандық Геннадий Головкин мен америкалық Дэнниэл Джейкобс арасында өтетін жекпе-жек кешінің андеркартында әйел боксшы да жұдырықтасатын болды. Бұл туралы vesti.kz хабарлады.
Ол – әуесқой бокста бес дүркін әлем чемпионы атанған, сондай-ақ 2012 жылы Лондон Олимпиадасында алтын жүлдегер болған ирландиялық Кэти Тэйлор (2-0, 1 КО). Әзірге оның қарсыласы кім болатыны белгісіз. Бұдан бөлек ол 29 сәуір күні өтетін Энтони Джошуа мен Владимир Кличко арасындағы айқастың андеркартына енген. Бұл күнгі оппоненті де белгісіз.
Айта кетейік, Тэйлор кәсіпқой рингте алғаш рет өткен жылдың қараша айында дебютін өткізіп, үшінші раундта қарсыласын нокаутқа түсірген. Ал екінші кездесуін төрешілердің шешімімен жеңген.
Бұған дейін 18 наурызда никарагуалық Роман Гонсалес пен украиналық Александр Усиктің бокстасатыны хабарланған.