• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Қаңтар, 2017

2016 жылы 30 мың ақтөбелік жұмыспен қамтылды

240 рет
көрсетілді

2016 жылы өңірдегі жұмыссыздықтың алдын алу үшін жасалған халықты Жұмыспен қамту бойынша кешенді жоспардың нәтижесінде 29 454 ақтөбелік жұмысқа орналасты. Бұл туралы Ақтөбе облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың алдында мекеменің 2016 жылы атқарған жұмыстары туралы есеп беру барысында айтты, деп хабарлады strategy2050.kz. «Жалпы алғанда, 2016 жылдың қорытындысы жақсы. Әлеуметтік міндеттер толық көлемде орындалған. Еңбекақы, зейнетақы, жәрдемақы, өзге де әлеуметтік төлемдер бойынша қарыздар жоқ. 2016 жылы ауылдағы жұмыспен қамту деңгейін қолдау және өсіру үшін 4,1 млрд. теңге бөлінді. Ағымдағы жылы жұмыссыздықпен күресу үшін тағы біраз қаражат бөлінбек. Тиімді нәтижелерге қол жеткізу үшін уәкілетті органдар тарапынан үнемі есепке алып, талдау жасап, қатаң бақылауда ұстау керек», - деді Бердібек Сапарбаев. Ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуын әрі қарай дамыту мақсатында облыс әкімі өңірде «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасының үшінші бағытын жүзеге асыруда экономикалық әлеуеті төмен ауыл тұрғындарын әлеуеті жоғары елді мекендерге көшіруді тапсырды. Өңір басшысының тапсырмасымен 2017 жылы облыста «Өрлеу» шартты ақшалай көмек жобасы белсенді жүзеге асырылмақ. Аталмыш жоба, 100 нақты қадам – ұлт жоспары аясында, 2015 жылдың екінші жартысында Ақтөбе қаласында, Мәртөк және Мұғалжар аудандарында пилоттық тәртіпте енгізілген болатын. 2016 жылдың соңына қарай жобаны енгізу аумағы облыс бойынша 100%-ға жетті. Жоба күнкөріс кірісі 60%-дан төмен аз қамтылған отбасыларға шартты ақшалай көмек көрсетуді қарастырады. Бұл ретте олар әлеуметтік келісім-шартқа қол қойып, жұмыспен қамту шараларына белсенді қатысуы тиіс. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының айтуынша, аталмыш жобаға қатысудың нәтижесінде көмек алушылардың жан басына шаққандағы кірісі үш есеге көбейді.