Жаңа жылдың ақ таңы еліміздің батыс қақпасының тұрғындарына өз жақсылығы мен қуанышын ала келді. Яғни, биылғы қаңтар айының алғашқы күндерінде Оралда көп бейінді қалалық аурухана өз қызметін бастады. Осы арқылы Ақжайық аймағында тұрғындарға медициналық қызмет көрсету ісі жаңа сапалық деңгейге көтерілді деуге толық негіз бар. Сонымен бірге, қалалық мәртебені иеленген жаңа емдеу орнының ашылуы облыстық ауруханаға түсіп келген жүктемені әжептәуір азайтқаны да басы ашық ақиқат.
Соңғы жылдары өңірде денсаулық сақтау мекемелері кеңейе түсуде. Дегенмен, «бұл ән бұрыңғы әннен өзгерек» дегендей, жаңа көп бейінді аурухананың орны мүлдем бөлек десек артық айтқандық болмайды. Республикалық бюджеттің есебінен бой көтерген сәнді де сәулетті аурухананың пайдалануға берілуі Елбасы саясатының басым бағыттарының бірі – ұлт денсаулығына қамқорлықтың басты бір көрінісі. Оның құрылысына және қазіргі заманғы медициналық құрал-жабдықтар орнатуға 8 миллиард 300 миллион теңге қаражат жұмсалған. Аталған медициналық қондырғылар Ресейдің және Германия мен Жапонияның жетекші фирмаларынан жеткізілген.
Сыңғырлаған су жаңа ауруханада жүйке-инсульт орталығы, жалпы терапия, травматология, гинекология, кардиология, ота жасау және жан сақтау бөлімдері бар. Сонымен бірге, пульмонология, сәулелі диагностика және рентген кабинеттеріне де ең озық заманауи қондырғылар қойылған. Кірсе шыққысыз ғимарат сегіз негізгі және бес көмекші корпустардан тұрады. Көп бейінді қалалық ауруханаға бір мезгілде 300 адам орналасып, ем қабылдай алады. Мұндағы қызмет орындарының бәрі автоматты жүйеге қосылған.
Жаңа клиника ұжымы толық жасақталған. Мұнда штат кестесі бойынша 140 дәрігер және 300-ден астам орта деңгейдегі медицина қызметкерлері өз қызметтеріне кірісті. Тұтастай алғанда, бүгінде елімізде денсаулық сақтау саласындағы басты проблемаларының бірі – дәрігер кадрлардың жетіспеуі десек қателеспейміз. Осындай кезде еліміздің батыс өңіріндегі жаңа қалалық ауруханада бұл мәселенің толық шешімін тапқаны тағы бір мерей.
Мұнда өз қызметтерін бастаған дәрігерлердің денін шетелдерде және республикамыздың ең үздік клиникалары мен жоғары медициналық оқу орындарында тәжірибеден өткендер құрайды. Олардың арасында «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелдерде білім алған жас мамандар да бар деді газет тілшісіне Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Хамидолла Ирменов.
Орал өңіріндегі көп бейінді қалалық аурухана мыңға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтыған.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ