• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
18 Қаңтар, 2017

Қызылша өндірісіне неге қауіп төнді?

1759 рет
көрсетілді

Өткен жазда ел өңірлерінде қанттың 1 килосының бағасы 240 теңгеден 400 теңгеге дейін қымбаттап кетті де, тұтынушылар арасында дүрбелең пайда болды. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігіне түсініктеме беруге тура келді. Жергілікті билік өкілдері мен халық болса, осы оқиғаға орай көп жағдайда дүкендер мен алыпсатарларды кінәлаумен шектелген. «Халықтың жаппай жеміс-жидектен тосап қайнататын уақытын пайдаланып, пайда табу мақсатында қант бағасын әдейілеп көтеріп» отыр дескен. Мұның арты дереу дүкендерге тексерулер ұйымдастырып, заңға сәйкес әкімшілік жазалау шараларын қолдануға ұласқан. Бұл – жылм-жыл қайталанып ке­ле жатқан құбылыс. Егер елі­міз­де қант жеткілікті болса, оны орынсыз қым­бат­та­тудың қан­дай негізі бар? Әдетте, еркін на­рықта тауарлардың бағасы сұ­ра­ныс пен ұсыныстың арасында ал­шақтықтың пайда болуынан көтерілетіндігін бәріміз білеміз. Демек, бұл жерде басты мәселе оның өндірісіне қатысты болар деп ой­лаған да, қойған едік. Соңғы жылдары өзімізде өн­ді­рілетін қанттың 3 пайызы ға­на отандық шикізат – қант қы­зыл­шасынан әзірленетіні, қал­ған­ының бәрі Латын Америкасы ел­де­рінен, соның ішінде Бразилия мен Кубадан жеткізілетін қанат құрағынан дайындалатыны бас­пасөз беттерінде жазылып жүр. Бірақ соның өзінде еліміздегі қант зауыттары халықтың қажетін өтей алмады. Сондықтан қантты тек шикізат күйінде ғана емес, дайын өнім түрінде сатып алуға тура келді.  Беларусь, Ресей, Молдова, Украина, Польша секілді елдерден жеткізілетін мұндай дайын өнімдер кей жылдары еліміздегі қант нарығының 50-60 пайызына дейін жетіп, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне елеулі қатерін төндірді. Әрине, мұндай жағдайда халық жаппай тосап қайнатуға кірісетін жаз айларында оның тапшылығы орын алмай тұра ма? Демек, бұл жерде сауда дүкендері мен алыпсатарларды ғана кінәлап, соларды жазалаумен ғана шектелсек, мәселенің шешілмейтіндігі анық. Жуырда Еуразиялық эконо­микалық комиссияның статис­ти­калық деректерін ақтара отырып, мынадай «қызықты» фактілерге тап болдық. 2015 жылдың қоры­тын­дысында Ресейде 34 417 мың тонна, Беларусь елінде 3 300 мың тонна, Қырғызстанда 183 мың тонна қант қызылшасы өндірілгенде, Қазақстанда бар болғаны 174 мың тонна ғана өндіріліпті. Соның салдарынан қант қызылшасының әр адамға шаққандағы үлесі Беларусь елінде 348, Ресейде 235, Қырғызстанда 30 килодан айналғанда, Қазақстанда бар болғаны 10 килодан келген. Сонда ауыл шаруашылығы өнер­кәсіптік негізде дамыған Ресей мен Белоруссияны былай қой­ғанда бізден жері де, халқы да, жаңа технологияларды сатып алудағы мүмкіндіктері де аз көр­шіміз қырғыз бауырларымыздан да қалып кетуімізді немен тү­сіндірмекпіз?! Отандық рынокта қант жеткі­лікті болуы үшін ол кемінде бір адамға жылына 27 килодан айналуы керек. Бұл, әрине, медициналық норма емес, елімізде жылма-жыл жан басына шаққанда тұтынылып келе жатқан қант мөлшері, яғни қантты халықтың қажет ету деңгейі. Ал 1 кило қант өндіру үшін кемінде 5-6 кило жоғары сапалы қант қызылшасы қажет. Сонда Қазақстан өзін қантпен жеткілікті қамтамасыз етемін десе, жылына 2 210 мың тонна қант қызылшасын өндіруі тиіс екен. Ал біз әзірге мұның оннан бір бөлігіне де жете алмай отырмыз. Неге? Әлде бізде қант қызылшасы дұрыс өспей ме? Бұлай дейін десек, сол 2015 жылдың өзінде Жамбыл облысы Қордай ауданындағы «Самғау» шаруа қожалығы егістіктің әр гектарынан 700 центнерден өнім жинап ерлегендігін қайда қоямыз. Бұл – кезіндегі атақты қызылша өсірушілер ғана алатын жоғары көрсеткіш. Ал Кеңес Одағы кезінде Грузия қызылшаның әр гектарынан 331 центнерден өнім алғанда, бұл Одақ елдерінің ең жоғары көрсеткіші ретінде бағаланған. «Самғау» қожалығының жетекшісі Евгений Трубниковтың айтуына қарағанда, ол мұндай мол өнімді алуда Германиядан жеткізілген тұқымды және израильдік тамшылатып суару технологиясын пайдаланған. Сондай-ақ, Алматы об­лысындағы «Хильниченко и К» шаруа қожалығы 190 гектар алқаптың әр гектарынан орта есеп­­пен 750 центнерден тәтті тамыр жинаған. Демек, бұл жерде мә­селе жеріміздің құнарлылық қа­­­сиетінде емес, керісінше, сол құ­­­нарлылықты тиімді пайда­лана алатындай технологиялар мен жақсы тәжірибелердің же­тім­сіз­ді­гінде тұр. Жалпы, Қазақстан үшін қант қызылшасын өсірудің ертеден келе жатқан дәстүрлі сипаты бар. Еуропа елдері қант қызылшасын өсіріп, одан қант алу ісімен XVII ғасырдан бастап айналыса бастаса, бұл іс Ресей мен Украинаға XIX ғасырдың бірінші жартысында жеткен. XIX ғасырдың екінші жартысында қазіргі Қазақстан жерінде де қызылша өсірушілер пайда болған. Қант қызылшасы – жарық пен жылуды, ылғалды жақсы көретін өсімдік. Сондықтан оны өсіру Жетісу өңірінде, Тараз маңында жақсы дамыған. Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейінгі уақыттары Қазақстанда қант қызылшасын өсіріп, одан қант алу ісі қарқынды сипат алды. Ол өнеркәсіптік негізге көшірілді. Осының нәтижесінде еліміздің үш облысында 60 мың гектар жерге дейін тәтті тамыр егіліп, оның әр гектарынан 300 центнерге дейін, кейде тіпті одан да жоғары өнім жиналып жүрді. Тамаша қызылша өсірушілер отряды пайда болды. Бір ғана Жамбыл облысының өзінен 60 Социалистік Еңбек Ері шық­ты. Егістік алқапқа жақын жер­лерден бірнеше қант зауыты са­лынып, халық отандық өніммен қам­тамасыз етілді. Бірақ, амал не, алғашқы на­рықтың буына бөленген қант зауыттары  өз айналасында ор­на­ласқан жергілікті қызылша өсірушілерді қолдаудың орнына алыстан жеткізілген қант құрағын  сатып алып, шикізат ретінде соны малданып жүргенде, отандық қызылша өсірушілердің еңсесі басылып, мұның арты егіс көлемінің күрт қысқаруына ұласты. Оның көлемі 2009 жылы 1,7 мың гектарға дейін түсіп кетті. Мұның арты өзінікін менсінбей, өзгенікін әлдеқандай көріп жүрген қант зау­ыттарын да ақырында тақырға отырғызды. Өткен жылы шет елден келетін қант шикізатының тоннасы 354 доллардан 477 долларға дейін көтерілді. Шикізат тапшылығы қант зауыттарының есін шығарды. Олар­дың өндірістік қуаттары 37 пайызға ғана жұмыс істеуге көшті. Бірақ, бір жақсысы, соңғы уа­қыттары қызылша өсірушілерді, сондай-ақ, қант зауыттарын да мем­лекет қолдай бастады. Қызыл­ша өсірушілерге әр гектар үшін 50 мың теңге, ал олардың өнімін килосын 14 теңгеден сатып алған зауыттарға 6 теңге (әр кило үшін) субс­идия төлейтін болды. Соның нәтижесінде еліміздегі қызылша егістігінің алқаптары 1,7 мың гектардан 13 мың гектарға дейін көтерілді. Бірақ жағдай толық қалпына келу үшін әлі біраз уақыт қажет. Демек, отандық қант зауыттарының қожайындары бұдан былайғы уақытта «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген атам қазақтың дана сөзін әрдайым есте ұстаулары керек. Әдетте, қант зауыттары қы­зыл­­ша өндірісі бар жерлерде ғана салынады. Өйткені, ондай кә­сіпорындар қажетті шикізат қо­рын­сыз ұзақ өмір сүре алмайды. Сөйтіп, отандық қант зауыттары өздері отырған бұтақты өздері кесу арқылы өз бастарына да қатер төндірді. Сонымен, қазіргі уақытта қант қызылшасын өндіру пробле­ма­лары еліміздегі азық-түлік қауіп­сіздігінің ең осал тұсы болып отыр. Мұны отандық сарапшылар да ескертуде. Мәселен, экономика ғы­лымдарының докторы Асқар Шә­ріповтің жазуынша, 2011 жылы негізгі азық-түлік өнімдерін сырттан сатып алуға Қазақстан 1093,7 миллион доллар қаржы жұмсаса, соның 334,3 миллион доллары немесе 31 пайызы тек қант пен оның шикізатын сатып алуға кеткен екен. Мұның өзі қант қызылшасы өндірісінің құлдырауы елімізді үлкен шығындарға ұшыратып отырғандығын білдіреді. Әрине, бұл проблеманы ең­се­руге Қазақстанның қуаты то­лық жетеді. Мәселен, соңғы 10-15 жыл көлемінде Қазақстан астық өсіруге тұрақты түрде мән бере отырып, оның өндірісі жө­нінде әлемдегі алдыңғы орын­дардың бірін еншіледі. Мақта, күн­бағыс, картоп өсіру ісін жол­ға қойды. Күріш өндіруде де елеулі табыстарға қол жеткізіп, отан­дық рынокта қаптап кеткен ше­телдік күріштерді ығыстыра алды. «Көкөніс жетпейді» деп шу­лап едік. Шүкір, бұл істе де оң нәтижелер бар екен. Мәселен, Еу­ра­зиялық экономикалық ко­миссияның статистикалық де­рек­терінде 2015 жылы Ресей 16 079 мың тонна, Белоруссия 1 687 мың тонна, Қырғызстан 1 052 мың тонна, Армения 1 050 тонна көкөніс өндіргенде, Қазақстанның 3 565 мың тонна өндіріп, өзіндік рекордтық көр­сеткішке қол жеткізгені кел­ті­рілген. Бұл рекордтың тұрақ­ты қайталанатынына сенім зор.  Өйт­кені,  2011 жылы 2 878 мың тонна көкөніс өндірген еліміз содан бері оның өндірісі бойынша жүйелі түрде алға басып келеді. Міне, осының нәтижесінде 2015 жылдың қорытындысында көкөністің жан басына шаққандағы үлесі Ресейде 110 килодан, Қырғызстанда 177, Белоруссияда 178 килодан келгенде, Қазақстанда 203 килодан айналған. Әрине, бұл аталған проблеманы еңсеруге жолын тау­ып халықты жұмылдыра білген мемлекеттік саясаттың жемісі екендігі анық. Енді осы саясатты  қант қызыл­ша­сы өндірісінде жалғастыру жөн. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»