немесе жеңіл өнеркәсіптің жүрісі неге мандымай отыр?
Елімізде жүрісі мандымай тұрған сала – жеңіл өнеркәсіп. Тәуелсіздік алғаннан бері шағын және орта кәсіпорындар ашылып жатыр. Бірақ, аты айтып тұрғандай, олар шағын болып тұр. Сондықтан халық базарға барып, Қытайдың, не өзіміздің айыр қалпақты ағайын Қырғыз елінің киімдерін сатып, киініп алады.
– Дамыған елдерде де, дамушы елдерде де жеңіл өнеркәсіптің маңызы зор және ол тұтыну деңгейі бойынша тек азық-түлік өнімдерін тұтынудан кейін екінші орында тұр. Мысалы, жеңіл өнеркәсіптің үлесі АҚШ, Италия, Германия, Қытай, Түркия, Португалия сияқты дамыған елдерде 12-20%-ды құрап отыр. Қазақ КСР жеңіл өнеркәсібі республика бюджетін 25%-ға дейін қалыптастырғаны бәріміздің есімізде. Оның өңдеуші өнеркәсіп құрылымындағы үлесі 21%-ды құрады. Республикада 1 000-нан астам ірі және орта кәсіпорын, оның ішінде қала құрайтын кәсіпорындар жұмыс істеді. Мысалы, 10 мыңнан астам жұмысшысы бар Алматы мақта-мата комбинаты, 1 мыңнан астам жұмысшысы болған Алматы кілем фабрикасы, 9 мыңға дейін адамды жұмыспен қамтыған Қостанай мауыты-шұға комбинаты сияқты алып кәсіпорындар болғаны белгілі. Ал бүгінгі таңда бұл көрсеткіштер бірнеше есеге қысқарғанын көреміз, – дейді Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Сейітсұлтан Әйімбетов журналистермен сұхбатында.
Осы сөзге қосарымыз, заманында Семей қаласы жеңіл өнеркәсібімен аты шыққан еді. ПОШ жүн өңдеу, «Большевичка» тігін фабрикасы және басқалары оңтайландыру кезінде да қысқартылып кетті. Ал бірақ, айта кету керек, халық киімсіз, ас-ауқатсыз отыра алмайды ғой. Сондықтан да жеңіл өнеркәсіп саласын қалай дамыту керек, міне, осы басты мәселе.
Бұл күндері шет елдерде тері өңдеу технологиясы өте жоғары дамыған. Базарлар мен дүкендердегі Түркия тондары сұранысқа ие. Мәселе сонда, шетелдік кәсіпкерлер біздің шикізатты арзан бағаға сұрайды. Тері мен жүнді жерге тастай алмаған халық қолдағы бар шикізаттарын арзан бағаға өткізе салуға мәжбүр. Сиыр терісінің килосы 500 теңгеден өтті дейік. Одан көрші елдің кәсіпкерлері 5-6 аяқ киім жасап, әрқайсысын өзімізге 8-10 есе қымбатқа сатады. Сөйтіп, шетелдіктер шикізатты бізден өте арзан бағаға сатып алып, өздерінің экономикасын жандандыруда. Шығыс Қазақстан облысы
Елбасы Жолдауында айтылған үдемелі инновациялық даму, отандық өнім өңдеу, өндіру сияқты ауқымды мәселелерден сырт қалмақ емес. Осы орайда Семей тері-жүн комбинатының алдыға қойып отырған жоспарлары өте үлкен әрі болашағы зор екендігін ескерген жөн. Айта кету керек, тері мен жүн шет елде өте жоғары бағаланса да Қазақстанда бұлардың өндірілуіне енді ғана мән бере бастады. Ауыл шаруашылығы саласының жағдайы жыл өткен сайын жақсарып келе жатқандығы рас. Шаруа қожалықтарында да, жекеменшікте де төрт түліктің басы көбейіп келеді. Малдан өндірілетін ет пен сүт өнімдері де соңғы кезде екі есе артқан. Бұрындары ауылдардан жеткен терілер тұздалмаған, қалай болса солай келетіндіктен қабылданбай қалатын. Енді бұл олқылықтың орны толып, Семейдегі тері-жүн комбинаты облыстың аудандары үшін бір жыл бойы үздіксіз тері қабылдайтын қойма да ашып қойыпты. Қоймаға тері сапалы түрде жеткізілуі үшін аудандарда облыс әкімінің тікелей нұсқауымен мал соятын қасапханалар ашылған.
– Бізге сойылған малдан гөрі, қазіргі қасапханаларда тұп-тура механикалық тәсілмен сылынып алынған, уақытында тұздалған тері тиімді, себебі біз әлемдік нарықта ірі шетелдік кәсіпорындармен жұмыс жасауды жолға қоймақпыз, – дейді «Тері-жүн комбинаты» ЖШС-нің бас директоры Жұмағазы Рахимғалиев. бізде еңбек ететін жұмысшылар терінің сапасына мән беріп, талғай алатын, мал өнімдерімен жұмыс жасай білетін мамандардың қатарынан. Ауылдан келетін адамдар сапалы түрде өңделіп әкелген терілерін осында өздері саудалай алады. Қазір ветеринария, зоотехника ғылымдарының дамыған уақыты. Шаруашылық иесі өзінің ірі қараларын оқыраға қарсы ектіріп алса өте жақсы. Мұндай малдың терісімен қоса сүті мен етінің де сапасы артары сөзсіз. Қожалық иелері осындай мәселелерді ескергендері дұрыс. Біз облыстағы басқа да тері қабылдайтын пункттермен бәсекелестікті арттыруға тырысамыз. Мұның бәрі Елбасы тапсырғандай, ел экономикасының алға қарқынды жылжуына ықпал етеді. Өйткені, қабылданатын әр теріге нарықтағы тиесілі бағасын береміз. Егер терілер қолмен емес, Семейдің ет-консерві комбинатындағыдай механикалық тәсілмен сылынып алынса, біз үстіне10 пайыз баға қосып, қымбатырақ аламыз, себебі бұл өте сапалы тері. Бұлай сыдырылған тері тиісті тұзы бар химикатпен өңделіп, қанша алыс жер болса да бізге мұрты бұзылмаған күйі жетеді. Алдағы уақытта жылқы малының да терісін қабылдамақпыз. Бұдан армия жауынгерлері киетін аяқ киімдер тігіледі. Ал қойдың терісінен тондар, ішіктер және басқа жылы киімдер жасалынады. Егер комбинат жұмысын қарқынды жалғастырса, Семейдегі жеңіл өнеркәсіп саласы кеңінен дамымақ. Бізде негізінен қол еңбегі, әсіресе, 40-50-ден асып, жұмыс таба алмай жүрген әйел адамдар бізге келіп, тігінші, дизайнер, суретші, аяқ киім тігуші сияқты жұмыстарға тұра алады.
«Семей тері-жүн комбинаты» ЖШС-нің бас директоры Жұмағазы Рахимғалиевтің айтуынша, кәсіпорын қаржы мәселесіне орай жылдар бойы тұралап қалуға мәжбүр болған. Әрі банк саласындағы дау-жанжалдар Кеңес Одағы ыдыраған кезде аяғын апыл-тапыл басып, бойын тіктеп келе жатқан кәсіпорын үшін ауыр соққы болыпты. Қазір кәсіпорын өзінің заңды құқығын қалпына келтіріп, кәсіпкерлігін кеңінен дамытуда. Комбинат бүгінде тоқтап қалған жұмысын қайта қолға алды. Өңдеген терілері Италия, Қытай, Үндістан елдерінде өте үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бұл елдермен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалған.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,
журналист
СЕМЕЙ