Жоғарғы сотта «Заңдылық» атты сот пен прокуратураның ақпараттық-талдамалық жүйесінің жобасы таныстырылды
Жоғарғы сот Төрағасы Қайрат Мәми мен Бас прокурор Жақып Асанов «Заңдылық» атты сот пен прокуратураның ақпараттық-талдамалық жүйесі жобасының таныстырылымына қатысты, деп хабарлады Жоғарғы сот пен Бас прокуратураның баспасөз қызметтері.
Кездесуге Қазақстандағы қылмыстық сот төрелігін жетілдіру жөніндегі Еуропалық одақ жобасының өкілдері, бейнебайланыс арқылы – өңірлік судьялар мен прокурорлар қатысты.
Кездесуді аша келе, Қайрат Мәми сот төрелігін жүзеге асыру процесіне ақпараттық технологияларды енгізу сот қорғауына қолжетімділікті айтарлықтай жеңілдететінін, бірыңғай сот практикасын қалыптастырып, құқықтық айқындылық қағидатын қамтамасыз етуге ықпал ететінін айта келе, «Жаңа электронды сервистердің арқасында біз азаматтарды «сот сатылары бойынша артық жүруден» құтқардық. Өткен жылы «Сот кабинеті» арқылы соттарға 756 435 электронды құжат келіп түсті. Осы жолы таныстырғалы отырған «Заңдылық» жүйесі қылмыстық процеске «ақылды технологияларды» енгізудегі кезекті қадам болып табылады. Біздің басты мақсатымыз – тұрғындар үшін жеңіл әрі ыңғайлы құралдар құру», – деді.
Кездесуде сөйлеген сөзінде Жақып Асанов Бас прокуратураның жаңа инновациялық әзірленімі – «Заңдылық» ақпараттық-талдамалық жүйесін таныстырды. Ол өз сөзінде бұл жоба бірыңғай сот практикасын қалыптастыруға және қылмыстық процестің ашықтығын арттыруға, судьялар мен прокурорларға – қылмыстық заңнама нормаларын қолданудың дәлдігін тексеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Біз 50 жыл бойы ғарышқа ұшып жүрміз. Үйлер ұялы телефон арқылы басқарылады. Технологиялар барлық жерде – үйде, көшеде, көлікте, жұмыста. Мұның барлығы адамдарға ыңғайлы болу үшін жасалған. Ал қылмыстық істерді әлі күнге дейін қағазда жүргіземіз, әлі күнге дейін қара қаламмен ақ қағазға жазып жүрміз деп айтуға болады. Кибердәуірде азаматтардың құқықтарын біздің консервативті жұмысымызға технологияларды кеңінен енгізе отырып қорғаудың уақыты жетті. «Заңдылық» ААЖ мұның қолымыздан келетінін көрсетті. Шын мәнінде, бір жағынан, артық қағазбастылықтан арыламыз. Екінші жағынан, адам факторын жоямыз, бұл – өте маңызды деп атап өтті Бас прокурор.
«Заңдылық» жобасының мақсаты – сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі мен сот органдарының «Төрелік» ақпараттық-талдамалық жүйесін интеграциялау есебінен қылмыстық процестің сапасын арттыру.
Жоба бірқатар ұйымдастырушылық рәсімдер аяқталған соң 2017 жылдың шілдесінде қолданысқа енгізіледі.