86 медаль сарапқа түседі
Алматыда өтетін 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиадаға санаулы ғана күндер қалды. Ал оған дайындық барысы қалай? Үкімет отырысында талқыланған бірінші мәселе осы. Бұл бағыттағы жұмыстардың жайын Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы баяндады. Министр бүгінде Универсиадада өнер көрсету үшін студенттердің құрама командасын дайындаудың соңғы кезеңі жүріп жатқанын айтты. Қазір шараға қатысатын командалардың құрамы анықталған. Универсиадаға Қазақстан атынан жарыс бағдарламасына енген барлық спорт түрлері бойынша 168 спортшы мен 65 жаттықтырушы қатысады. Бүкіләлемдік қысқы Универсиада Алматыда 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өтетіні белгілі. Оған әлемнің 60-қа жуық елінен 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарланған. Барлығы 12 спорт түрі бойынша 86 медаль сарапқа түседі. Олардың ең көбі конькимен жүгіру спортына – 14, шаңғы жарысына – 11 және шорт-трекке – 8 медаль жиынтығы берілмек.45 елден визасыз кіреді
Бұл маңызды шараны өткізуге Алматы қаласы барынша дайын. Оны қала әкімі Бауыржан Байбек мәлімдеді. Әкімнің айтуынша, бүгінде спорт, көлік және қоғамдық нысандар, сонымен қатар, қала қызметтері Универсиада-2017-ні өткізуге сақадай-сай. Сондай-ақ, ол бүгінде мәлімделген 60 елдің 57-сі тіркеуден өткенін, бұл қысқы Универсиада үшін рекордтық көрсеткіш болып саналатынын айтты. 45 ел үшін визасыз кіру қамтамасыз етіледі, қалған 12 команда жеңілдетілген түрде виза алатын болады. «Қатысушылардың алғашқы келуі 23 қаңтарға белгіленген – бұл Қазақстан мен Канада командалары. Ең көп келушілер 26 қаңтарда болады, ол күні 24 елден 700-ден астам атлет келеді. Барлығы 2200 атлет және 1000-нан астам алып жүруші қонақтар – жаттықтырушылар, дәрігерлер, ресми өкілдер келеді деп күтілуде. 25-29 қаңтар аралығында атлетикалық ауылда келген командалар үшін қарсы алу бойынша салтанатты рәсімдер өтеді. Атлетикалық ауыл мэрі олимпиада чемпионы Серік Сәпиев болды», деді әкім. Универсиада қарсаңында әуежай мен Алматы вокзалдарының қызметі мен безендірілуі айтарлықтай жақсартылған. Бірнеше рет осы нысандарда қызмет көрсету сапасын арттыру, ішкі интерьер, лаңкестікке қарсы және санитарлық қауіпсіздік тұрғысынан тексерістер жүргізілген. Барлық проблемалық мәселелер шешілген. 20 қаңтарға қарата 100% дайындық қамтамасыз етіледі. Осыған ұқсас жұмыстар қоғамдық тамақтану орындарының субъектілерімен және қонақ үйлерде жүргізілді. Бұдан өзге Алматының, Универсиаданың туристік карталары, сонымен қатар, мейрамханалық жолсілтемелер әзірленген.7,5 мыңнан астам қауіпсіздік қызметкері болады
Универсиада кезінде 7,5 мыңнан астам құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметкерлер, оның ішінде 150 кинолог пен жарылғыш заттар бойынша мамандар қауіпсіздікті қамтамасыз ететін болады. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов осылай деді. ІІМ басшысының айтуынша, 20 қаңтардан бастап Атлетикалық ауыл аумағында 50 қызметкері бар полиция бөлімі ашылады. Төтенше жағдайларға жол бермеу мақсатында өрт қауіпсіздігі қызметінің 600 қызметкері, 63 техника, 4 ұшақ тәулік бойы қызмет ететін болады. Студенттер ойынының барлық нысандарында тексеру жабдықтары жүйелері орнатылып, тестілеуден өткізілді. Жұмысқа 96 аркалық және 27 рентгендік-телевизиялық қондырғы, 2000 бейнекамера әзірленді, оның ішінде 182-сі – Шұғыл басқару орталығына шығарылады. «Жалпы, Универсиаданы өткізу кезінде қажетті құқықтық тәртіп қамтамасыз етіледі», деді Ішкі істер министрі.40 медициналық пункт жұмыс істейді
Универсиадаға әзірлік және оны өткізу аясында көрсетілетін медициналық көмекті ұйымдастыру бойынша жұмыстар жайын Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова баяндады. Министрдің мәліметінше, қажетті көмекті көрсетуге 215 жедел жәрдем көлігі әзірленген, 40 санитарлық автокөлік спорттық және спорттық емес нысандарда кезекшілік жүргізеді. Қажетті жабдықтармен және дәрі-дәрмектер қорымен жабдықталған бригадалардың кезекшілігі Универсиаданың барлық спорттық нысандарында жүргізілетін болады. «Барлығы 40 медициналық пункт ұйымдастырылады, оған 229 қызметкер тартылады», деді Т.Дүйсенова. №4 және №7 қалалық емханалардың базасында ұшақ алаңдары қарастырылған, бұл қажет болған жағдайда уақтылы пациенттердің жеткізілуі мен арнайы көмектің көрсетілуін қамтамасыз етеді. 149 медициналық қызметкер тартылады, оның ішінде шетелдік мамандардан сабақ алған құтқарушы командалардың 11 дәрігері бар.80 елге хабар таратылады
Елімізде өтетін ірі халықаралық шараның ақпараттық жағынан қамтылу жағы да ауқымды болмақ. Бұл бағыттағы жұмыстарды Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев баяндады. «Айта кететін мәселе, Қазақстан Универсиаданы өткізетін ел болғандықтан хабар тарату құқығы отандық телеарналарға тегін беріледі. Тұтастай алғанда, жарыстар 80 елге трансляцияланып, 1 млрд аудиторияны қамтиды», деді министр. Министрдің айтуынша, Универсиада ойындарынан 200-ден астам тікелей көрсетілім ұйымдастырылады. Шараның ресми хост таратушысы ретінде Халықаралық университеттік спорт федерациясы анықталған. «Жылдың басты спорттық шарасы аяқталғаннан кейін Универсиаданы өткізу туралы ресми фильм түсіру ұйымдастырылатын болады», деп толықтырды министр. * * * Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Универсиаданы өткізу мәселесіне қатысты жауапты мемлекеттік органдар мен ведомстволарға бірқатар тапсырмалар берді. Үкімет басшысы Универсиадаға әзірліктің соңғы кезеңі жүріп жатқанын және осыған байланысты ұйымдастырушылық және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті. Алматы әкімдігіне Инвестициялар және даму министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып қауіпсіздік талаптары мен стандарттарына сәйкес Универсиаданың жаңа нысандарының жұмысы мен көлік логистикасының барлық мәселелерін егжейлі-тегжейлі пысықтау тапсырылды. Ішкі істер министрлігіне адамдар көптеп жиналатын нысандарда, қонақ үйлерде, сондай-ақ, басқа да қоғамдық орындар мен қала көліктерінде өрт қауіпсіздігі жағдайына бақылауды күшейту міндеттеледі. Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне ақпараттық-имидждік жұмыстарға ерекше назар аудару тапсырылды. Бұл жарыстарды, жаңалықтар блоктарын трансляциялауға да, журналистердің жұмысын қамтамасыз етуге де қатысты. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне Универсиада кезінде медициналық қызмет көрсетуді тұрақты бақылауда ұстау міндеті жүктелді. «Барлық министрліктер мен ведомстволардың басшыларынан осы іске атсалысып, қажетті көмекті көрсетулерін сұраймын», деді Б.Сағынтаев.Кино көкжиегі кеңейеді
Үкімет отырысында қаралған екінші мәселе – отандық кинематографияны дамыту жайы. Бұл ретте Үкімет назарына «Кинематография туралы» заң, сондай-ақ, Кинематографияны дамыту тұжырымдамасы ұсынылды. Бұл мәселеге орай баяндамасында Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы Қазақстанда соңғы жылдары ішкі нарықта ғана емес, әлемдік нарықта да сұранысқа ие табысты фильмдер қатары толыққанын атап өтті. Соңғы үш жылда ауқымды әлемдік прокатқа «Қазақфильмнің» 75 картинасы ұсынылды. Олардың барлығы қазақстандық кинематографтың мүмкіндіктерін барынша көрсете алды. Кино саласын одан әрі дамыту мақсатында 2017 жылға арналған заң жобалары жұмыстарының жоспарына «Кинематография туралы» заң жобасын әзірлеу енген. Ол аталған саладағы қызметтің құқықтық негіздерін айқындап, мемлекеттік қолдау тетіктерін бекітіп, сонымен қатар, фильм шығару үдерісіндегі қоғамдық қарым-қатынастарды ретке келтіру қағидаларын анықтауы тиіс. Биыл наурыз айында бұл құжат Үкімет қарауына енгізіледі, ал мамыр айында Парламентте қаралады. Сонымен қатар, 2016 жылдың ақпан айында Үкімет Кинематографияны дамыту тұжырымдамасының жобасын әзірлеуді тапсырған болатын. Жыл ішінде құжат жобасы әзірленіп, көпшілік талқылауына салынды. Жалпы, саланы дамытудың барлық негізгі бағыттары тұжырымдамада қарастырылған. Үкімет отырысында сондай-ақ, бірқатар белгілі өнер иелері болашақ қазақстандық кинематография туралы өз пікірлерімен бөлісті. Олардың арасында халық әртісі Асанәлі Әшімов, «Меломан» компаниясының бас директоры Вадим Голенко, режиссер Рүстем Әбдірашев, «Арман» кинотеатрлар желісінің директоры Бауыржан Шүкенов, Қазақстан Кинематографистер одағының төрағасы, кинорежиссер Ақан Сатаев, режиссер және продюсер Рашид Нұғыманов бар. Мәселені талқылаудың қорытындысында Премьер-Министр кинотеатрларға көрермендерді көптеп тарту үшін жоғары сапалы фильмдер түсіру қажеттігін атап өтті. Үкімет басшысы сонымен қатар, ірі қалалардан өзге өңірлерге де кинозалдар салу жайына назар аударды. Осыған байланысты Б.Сағынтаев әсіресе, моно және шағын қалаларда осы салаға бизнесті тарту тетіктерін ойластыруды тапсырды. Премьер-Министр өзінің орынбасары И. Тасмағамбетовке барлық мүдделі тараптармен бірлесе отырып Кинематографты дамыту тұжырымдамасы мен заң жобасын талқылап, оларды Үкімет қарауына ұсынуды тапсырды. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан»