Алдағы күндері Алматыға Универсиаданың алғашқы делегациялары ұшып келе бастайды. Арнайы делегацияларды алдымен қарсы алатын орын – Алматы халықаралық әуежайы. Осыған орай Универсиада-2017 Дирекциясының басшылығы атлеттердің Алматы халықаралық әуежайына келу кестесі және оларды қарсы алу рәсімі жөнінде мәліметтер берді.
«Қысқы ойындарға қатысатындардың шамамен 90 пайызы Алматы әуежайына тікелей халықаралық рейспен жетеді. Таяу күндері Қазақстанның оңтүстік астанасына 300-ден аса шетелдік делегат ұшып келеді. Әсіресе, әуежайдың 26-29 қаңтар аралығындағы кестесі өте тығыз болмақ. Алматы әуежайынан күтіп алынатын Универсиада қатысушыларының жалпы саны – 2823. Спортшыларға алғашқы сәттен бастап бар қонақжайлылығымызды көрсету үшін жарыстар алдындағы соңғы аптада біздің міндетіміз – бүкіл мәселелерді бүге-шүгесіне дейін пысықтап шығу болып тұр», – деді «Алматы қаласындағы 2017 жылғы 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы дайындау және өткізу бойынша дирекция» МҚ басшысы Наиль Нуров.
Алматы әуежайының жерүсті қызметтері Универсиада-2017 жарыстарына қатысу үшін ұшып келетін шетелдік және жергілікті делегацияларды қарсы алу тәсілдерін пысықтап, жетілдірді. Құжаттық және кедендік бақылау жүйесі де айтарлықтай оңтайландырылуда. Қысқы Универсиадаға қатысушыларға арнайы жеке дәліз ұсынылады. Сондай-ақ, ұшып келу залында декларацияларды толтыру үшін үстелдер саны арттырылды. Осы телімдерде жұмыс істейтін қызметкерлердің саны да ұлғайтылмақ. Қауіпсіздік шаралары іс-шараның халықаралық мәртебесіне сәйкес ұйымдастырылып отыр. Универсиада қатысушыларының жүгі оларға алдын-ала жіберілген арнайы жүк биркасымен белгіленеді. Арнайы жүк биркасына қарап Универсиада қатысушыларының жүгіне бірінші кезекте қызмет көрсетіледі. Алматы әуежайындағы навигация жүйесі қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде көрсетілген. Ұшып келу залдары мен жолаушылар орналасатын көпшілік аймақтар Универсиада-2017 нышандарымен безендірілді.
Универсиада қонақтары мен қатысушылары өздерін жайлы сезінуі үшін Алматы әуежайында ақпараттық үстелдер қызмет жасамақ, онда жалпы көлік қызметі, келу және аттану кезіндегі тасымалдау кестелері, ресми көліктің қозғалыс бағыты туралы ақпарат алуға болады. Ағылшын тілін еркін меңгерген еріктілер мен ақпараттық үстелдердің жанындағы көлік менеджерлері қонақтарға Алматыға жеткен сәттен бастап жол көрсетіп, көмектесетін болады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ