Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин бейнеконференция режімінде Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің кезекті отырысына қатысты, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Отырыстың күн тәртібінде 19 мәселе қарастырылды.
Талқылау қорытындысы бойынша қатысушы елдер Еуразиялық экономикалық одақтағы (ЕАЭО) кедендік-тарифтік реттеу, өнеркәсіп және АӨК, энергетика, зияткерлік меншік және ақпараттандыру салаларындағы бірқатар маңызды шешімдер қабылдады.
Комиссия кеңесінің отырысы барысында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердегі ауыл шаруашылығына арналған машиналар мен жабдықтар өндірісін және экспортын дамыту мәселелеріне баса көңіл бөлінді. Аталған мәселелерді Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Үкімет басшы-
ларының қарауына енгізу жоспарланған.
Бұдан өзге, Еуразия даму банкінің интеграциялық әлеуетке ие кооперациялық жобаларды дамытуды қаржыландыру мәселелері талқыланды. Кеңес мүшелері тиісті кооперациялық жобаларды қарау мен іріктеу үшін жұмыс тобын құру туралы өкім қабылдады.
Аталған шешімдерді іске асыру ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің барлығының жалпы өнеркәсіптік дамуына септігін тигізеді