ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин БАӘ Вице-премьері мен БАӘ Президенті істері жөніндегі министрі шейх Мансур бен Заид Аль Нахаянмен келіссөздер жүргізді, деп хабарлады primeminister.kz. Келіссөздер барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БАӘ-ге 15-16 қаңтардағы ресми сапары барысында қол жеткізілген, жоғарғы деңгейдегі уағдаластықтарын іс жүзіне асыру жолдары қарастырылды.
Тараптар энергетика, мұнайхимия, атом өнеркәсібі, көлік және логистика, әскери-техникалық салалардағы ортақ жобаларды дамытуға дайын екендерін растады. «Бәйтерек» холдингі мен «Mubadala Development Company PJSC» Қазақстан аумағы мен өзге көрші елдердің басым нарықтарындағы инфрақұрылымдық және өзге де жобаларды бірлесіп қаржыландыру үшін жақын арада өзара инвестициялық платформа құруға келісті. ҚР мен БАӘ-нің энергетика министрліктері ҚР-да мұнайгазхимия кешені құрылысының жобасына тараптардың қатысу мүмкіндігін талқылады. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен «Etihad Rail» ұлттық теміржол компаниясы БАӘ мен үшінші елдерде бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. БАӘ атом энергиясы жөніндегі корпорациясы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК»-мен ядролық энергияны бейбіт түрде пайдалану саласында екіжақты қарым-қатынасты дамытуға ниет білдірді. Әмірлік тарабы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери оқу-жаттығу орталықтарының инфрақұрылым нысандарын инвестициялау мәселесін қарастыруға мүдделілік танытты.
•
18 Қаңтар, 2017
Қазақстан мен БАӘ бірлескен инвестициялық платформа құрады
387 рет
көрсетілді