Елімізде ең жиі ұрланатын көліктердің арасында Lada маркалы көліктер көш бастап тұр, - деп хабарлайды "Nomad Insurance" АҚ сақтандыру компаниясы.
"Lada маркалы көліктердің көбісінде қарапайым дабыл беру жүйесі қосылмаған, сондай-ақ, ол көлікті жүргізу де оңай - байланыстырушы екі сымды қосу арқылы жүре береді", - деді компания өкілдері.
Сондай-ақ, жиі ұрланатын көліктердің тізімінде екінші болып Тoyota (Corolla, Camry, Prado, Toyota Land Cruiser, RAV 4) тұрса, 3-орында - Mazda (626-шы модель) көлігі тұр.
"Компания өкілдері дайындаған мәліметтерінің көбісі ҚР ІІМ ресми статистикасындағы мәліметтермен сәйкес келеді. Мысалы, 2015 жылы Қазақстанда 890 автокөлік ұрлау дерегі анықталса, 2 919 көлікті айдап әкету дерегі тіркелген. Ал 2014 жылы 771 ұрлық пен 3 854 айдап әкету дерегі болса, 2013 жылы 875 көлік ұрланып, 4 457 көлікті біреулер айдап әкеткен", - деді сақтандыру компаниясының өкілдері.