• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
18 Қаңтар, 2017

Жарты ғасырлық тарихы бар жол

384 рет
көрсетілді

 «Ұйқыдағы ару оянған» жылдар Маңғыстаудың жаңаша түлеп, тынысын кеңейтуге бағыт алған жаңа белесі басталғанын баян етті. Сөнген оттың суыған күлі сынды бағзы керуен жолдарының ізі уақыт әрінің астында қалып, «Маңғыстау деген майлы қиянға» келгіштеген зерттеушілердің таңдайын қағып тамсанумен сайын даланың мақтауын асыра түскен кездерінің соңын ала... өңір өзінде барды айдай әлемге паш етті!

Жетібайда атқылаған бұрқақ, тек мұнайдың ғана емес, іштен тынып, «құлағын жымитып, сұрлана қалған даланың» өзгеше түлеуі үшін ашылған тығынындай еді. Мұнай кен орнының ашылуы және геологиялық зерттеулер нәтижесінде Маңғыстаудан мыс, марганец, уран, фосфориттер, сутас, өзге де сирек кен орындарының табылуы өңірге сан-салалы қажеттілікті, жаңғыруды әкелді, соның бірі – келім-кетім мен жүк тасымалы үшін қарым-қатынас жолын дұрыстауды талап етті. Геолог ғалым Қаныш Сәтпаев Гурьев қаласындағы (қазіргі Атырау) көшпелі жиналыста темір жол құрылысынсыз пайдалы қазбаларды өндірудің мүмкін еместігін атап өткен болатын. Кейінірек, аталған өмір жолының құрылысына өзі бастама көтеріп қол жеткізді. Жетібайдағы мұнай көзінің ашылуы Маңғыстау түбегінде алғашқы темір жол құрылысының басталуына түрткі болды. 1964 жылы №9 бекет – Сайөтес 4 өткелінде 704 шақырымдық темір жол тармағы түйісті, 1965 жылы Маңғышлақ-Өзен темір жол учаскесі пайдалануға берілді. Бір жылдан кейін, яғни 1966 жылдың желтоқсан айынан бастап Маңғышлақ стансасына алғашқы жүк пойызының келуімен Мақат-Маңғышлақ темір жол учаскесі пайдалануға берілді. Бұл Маңғыстау өңіріне теміржолдың алғаш келуі болып тарихта қалды.

Жарты ғасырлық тарихы бар Маңғыстау теміржолшылары кен, мұнай, шикізат өнімдері, газ, техника, құрал-жабдықтар, ұлутастар және т.б стратегиялық жүктерді тасымалдауды қамтамасыз етті. Тіпті 2004 жылы Маңғыстау теміржолшылары габаритсіз жүктерді тасымалдауда әлемдік рекорд орнатты. Ақтау портынан Құлсары стансасына өлшемі төрт қабатты үйдің көлеміндей жүк ойдағыдай тасымалданды. Он жыл бұрын Атыраудағы жол бөлімінен бөлініп шыққан Маңғыстау темір жолы бөлімшесі аз ғана уақыт ішінде біраз жетістіктерге қол жеткізді. Соңғы кездері ашылған Өзен-Түрікменстан, Боржақты-Ерсай, Бейнеу-Жезқазған және Ерсайдан Құрыққа дейінгі темір жол торабы нәтижесінде өңірдегі 814 шақырымдық темір жол қазір 1342 шақырымға жетті, сол кезде 39 аралық стансалар болса, қазір аралық стансалар саны – 59. Сол кезде бөлімшеде қызмет ететін қызметкерлер саны 3500 болса, бүгінгі таңда ол көрсеткіш екі еселеніп, 7000-ға жуықтады.

Логистикалық қызметтер секторын дамыту Елбасы қойған маңызды міндеттердің бірі екені сөзсіз. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін темір жол саласын заманға сай жаңғыртуды басты мақсат етіп келеміз. Базалық әлеуетінің дамуының арқасында біздің өлкеміз бірыңғай көлік жүйесіндегі логистикалық аймаққа айналады, дейді Қазақстан темір жолы компаниясы Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Нәжімеден Ғұбашов.

Айтуынша, аймақта инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді кеңейту бойынша тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Өңірдегі ірі индустриялық-инновациялық жобалардың ішінде ҚТЖ мұнай өнімдерін, шикі мұнайды және әртүрлі халықаралық жүктерді тасымалдауға арналған Ақтау теңіз-сауда порты, Құрық жаңа сауда теңіз порты, Баутино порты мен Ақтау халықаралық әуежайы, Ақтау-Бейнеу халықаралық тас жолы, Болашақ темір жол өткелі мен өзбек, тәжік және түрікмен темір жолы бағыттарындағы жүк және вагон ағынының жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін Қарақалпақстан мемлекетаралық түйіспе пункті, Жезқазған-Бейнеу темір жол учаскесі, сондай-ақ, көлік магистралін жаңа Құрық теңіз портымен байланыстыратын Боржақты-Ерсай темір жол учаскесі сынды логистикалық қақпаларды жүзеге асырып келеді. Бұлардың әрқайсысы өз алдына жеке тоқталуды қажет ететін үлкен жоба, зор іс.

Жарты ғасырлық белес үстінде тұрған маңғыстаулық теміржолшылар енді Маңғышлақ-Баутино жолын ашуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда ол жолмен қандай жүктерді тасымалдауға болады, қандай жүктерге сұраныс артады дегендей жоспарлау, бағамдау жұмыстарын жүргізуде.

Әр өңір – тұтас елдің бөлшектері. Маңғыстауда, оның темір жол саласында жасалып жатқан жұмыстар ел дамуына қосылған үлес екен сөзсіз.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

 Маңғыстау облысы