• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
18 Қаңтар, 2017

«Онлайн ойлар» оқырмандарға тарту етілді

490 рет
көрсетілді

«Фейсбук ХХІ ғасырдың революциялық жаңалығы дер едім. Өйткені бұған дейін адамзат тарихында миллиондаған адамды ешкім бір жерге жинай алған жоқ»-деп публицист, белгілі қаламгер Шархан Қазығұл өткен жылы «Фейсбук» әлеуметтік желісінде жазған болатын. Әлеуметтік желіде  белсенді қаламгердің осы тектес ерекше ойлары оқырмандары тарапынан ілтипатқа  бөленіп, комментпен құпталып жататынына да куәміз. Ерекше ойлар мен бөлекше пікірлердің нәтижесі ақыры «Оңашадағы онлайн ойлар» боп жарыққа шықты. Кітаптың тұсаукесері белгілі сатирик Көпен Әмірбектің жүргізуімен елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада өтіп, астаналық зиялы қауым өкілдері қатынасты.

Кітап туралы алдымен пікір білдірген белгілі қаламгер, Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов публицист Шархан Қазығұлға тән қасиет ретінде сығымдап, айшықтап айтуды әрі тосыннан айтуды атады. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Төлен Әбдік журналистиканы жауынгер жанр деп бағалап, шындық үшін шырқырап жүріп жыл сайын қаншама журналистің кісі қолынан қаза табатынын мысалға келтірді. Өйткені журналистің миссиясы – қоғамдық ойға қозғау салу. Бұл тұрғыдан алғанда жазушы  «Оңашадағы онлайн ойлардың» әлеуметке қажеттілігіне, қоғамдық ойға қозғау салатын қуаттылығына баса назар аударды. «Өзінің ішкі әлемін ашып тастау – ерлік. Ол кез келгеннің қолынан келе бермейді. Кітаптың ішінде өте құнды ойлар бар. Оны ары қарай дамыту керек», – деді Т.Әбдік.

«Оңашадағы онлайн ойлардың» тұсаукесерінде Әкім Тарази, Ғаділбек Шалахметов, Жолтай Әлмашұлы, Дихан Қамзабекұлы, Қайнар Олжай сынды зиялы қауым өкілдері өз пікірлерін ортаға салды. Бірі білім-ғылымға қатысты тұстарын, бірі әдеби ойлары мен әдеби оралымдарын, бірі пәлсапаға бастайтын тұстарын пікірлеріне өзек етіп, жалпы алғанда публицист, қаламгер Шархан Қазығұлдың жазу мәнері мен ойлау жүйесінің ерекшелігіне мән берді. Осы жерде жазушы Жолтай Әлмашұлының  «Оқырмандарды сынайтын кітап болады. Оқырмандарды ойландыратын кітап болады. Шарханның кітабын оқырмандарды сынайтын әрі ойландыратын кітап деп қарастыру керек» дегені көпшілік көңілінен шыққандай. Шынында біз көбіне кітап туралы, жазушы туралы молынан айтамыз да, оқырмандарды ұмытып кетіп жататынымыз бар.

«Оңашадағы онлайн ойлар» жанры анықталмаған, автор өз атынан, яғни бірінші жақтан жазылған емін-еркін ой-пікірлердің жиынтығы. Мұнда шынайы өмірдің барлық қызығы мен шыжығы, жаһандық проблемалардан бастап қазақтың қазіргі тыныс-тіршілігіне дейінгі аралықтағы көптеген мәселелер, құндылықтар, таным-нанымдар қаламгердің жүрек сүзгісінен өтіп, көркем тілмен кестеленген.

Айгүл СЕЙІЛОВА, «Егемен Қазақстан»