Жалқаулыққа бой алдырып, аз қозғалған әйелдер сегіз жылға аз өмір сүреді екен. Зерттеу жұмыстарын жүргізген АҚШ-тың Сан-Диего қаласындағы Калифорния университетінің ғалымдары осындай қорытындыға келді. Бұл туралы lenta.ru хабарлады.
American Journal of Epidemiology журналына жарияланған мақалада зерттеу жұмыстарына 64-95 жастағы 1500 әйел адамның қатысқандығы жазылған. Олардың оң жақ санына акселерометр тағылып, бір аптадағы физикалық белсенділігі зерттелді. Бұдан кейін ғалымдар адамның қартаюмен тікелей байланысты хромосоманың екі иығының ұшындағы бөлігі теломераны өлшеп көрді.
Күніне ең болмағанда 30 минут физикалық жаттығу жасайтын әйелдердің теломерасы аз қозғалатындармен салыстырғанда ұзындау болады. Демек, көп отырып жұмыс істейтіндердің жасушалары тез қартаяды. Бұл өз кезегінде ісік, диабет ауруларына тез шалдығуға бейім болады.
Теломералар ДНҚ-ның бірқатар қайталанатын реттілігінен тұрады. Олар көбейетін хромосомаларды зақымданудан қорғайды, алайда, әрбір жасуша бөлінген сайын қысқара береді. Бұл процесс адамның қартаюымен байланысты деп есептеледі. Жасушалар қысқа теломералармен тиісті қызметтерді атқара алмағандығынан өлуіне әкеледі.