Кеше Қазақстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтында қазақстандықтардың электоралдық артықшылық берулеріне арналған социологиялық зерттеуінің екінші кезеңінің нәтижелері таныстырылды. «Демократия институты» тәуелсіз социологиялық ғылыми-зерттеу қауымдастығы жүргізген бірінші кезеңнің мәліметтері бірнеше күн бұрын өткен конференцияда талқыланған болатын.
Шетелдік мемлекет қайраткерлері мен саясаткерлердің Қазақстандағы алдағы президенттік сайлауға берген бағаларын талдай келе, Стратегиялық зерттеулер институтының директоры Болат Сұлтанов олардың ұнамды һәм тілектестік сипатын атап көрсетті. Венадағы халықаралық семинарда Қазақстанның дұрыс жолда екендігі қадап айтылды. Кейбір Орталық Азия мемлекеттерінен бір өзгешелігі, мұнда бейбітшілік пен тұрақтылық сақталуда.
АҚШ-тың Өкілдер палатасында айтылған оң баға да жария етілді. Олардың пайымдауынша, Қазақстан экономикалық тұрғыдан алғанда Орталық Азиядағы ең қуатты мемлекет. Демек, бұл елмен қарым-қатынаста болудың маңызы зор. АҚШ та, әлемдік қоғамдастық та 3 сәуірдегі мерзімінен бұрын өткізіліп жатқан президенттік сайлауды жалпы сайлау үдерісін нығайтудың үлкен мүмкіндігі деп санайды.
Социологиялық зерттеудің екінші кезеңінің нәтижелерін таныстыра келе, «Демократия институты» қауымдастығының жобалар жөніндегі директоры Юлия Кучинская Қазақстанның барлық өңірлерін тепе-тең қамтыған 1500 респонденттің сауалдамасы 14-20 наурыз аралығында өткізілгенін тілге тиек етті. Сайлау учаскелеріне келу жайындағы сұраққа берілген жауаптардың салыстырмалы талдамасы сайлаушылар белсенділігінің артып отырғандығын айғақтайды. Қазірде респонденттердің 75,8 пайызы сайлау күні сайлау учаскесіне келуді нық ұйғарған. Тағы 15,3 пайызы дауыс беруге қатысуға бейім. Осылайша, сайлаушылардың 90 пайызы биік сана деңгейін танытып, алдағы сайлауда өздерінің азаматтық борышын орындауға әзір екендігін айтуда.
Электоралдық артықшылық беруге қатысты ахуал да айтарлықтай өзгерістерге ұшыраған жоқ. Екінші кезеңде жауаптардың нұсқаларында сайлауалды науқанына қатысушы барлық үміткерлер қамтылды. Ең жоғары рейтинг бұрынғысынша Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі. Ол үшін респонденттердің 91,7 пайызы дауыс беруге ықыласты. Үміткердің рейтингі өткендегі өлшеммен салыстырғанда 0,5 пайызға өскен.
Басқа екі кандидаттың жиынтық рейтингі 0,7 пайызға ілгерілеген. Сауалдама мәліметтері бойынша, олардың ішінде қайсысының мойны озық тұрғанын анықтау мүмкін емес. Жамбыл Ахметбеков пен Ғани Қасымов үшін респонденттердің 0,9 пайызы, ал Мэлс Елеусізов үшін тура 1 пайызы дауыс беруге құлықты. Сұралғандардың 5,5 пайызы өз кандидаттарын әлі таңдап үлгермепті.
Қорыта айтқанда, осынау зерттеулер қазақстандықтардың сайлау алдындағы электоралдық көңіл ауаны көтеріңкі әрі тұрақты екендігін көрсеткендей.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.