• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Наурыз, 2011

Жаңарған, жасарған «Достық үйі»

613 рет
көрсетілді

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың ұлыстың ұлы күнінен кейінгі жұмыс сапары бейсенбі күні Алматыда жалғасты. Президент «Достық үйін» салтанатты түрде ашты. Бұл ғимарат­тың ұлтымыз үшін де, Қазақстанда ауызбіршілікпен өмір сүріп отырған ұлыстар үшін де орны бөлек. «Достық үйін­де» тәуелсіздікті татулықпен тұғырлы ету шаралары ұдайы талқыланып қана қоймай, нақты іске асты. Басқасын айтпағанда, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын, яғни ТМД-ны құру туралы тағдыршешті шешімнің осы үйде қабыл­дан­ғаны, құжаттарға осы ғимаратта қол қойылғаны белгілі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бейсенбі күні қайта жөндеуден өткен, ресми түрде «Достық үйі – этносаралық қарым-қатынас­тарды зерттеу жөніндегі орта­лы­ғы» деп аталатын ғимараттың қайта ашылу рәсіміне қатысты. Бұл ғимарат екі жылдан бері күрделі жөндеуден өткізілді. Нау­рыз айында қайта салын­ғандай жаңғырып шыға келген «Достық үйі» бұл күні өз шежіресіндегі айтулы сәттерді бастан өткерді. Ғимараттың кең хол­лында Қазақстанда ынтымақпен өмір сүріп жатқан ұлттар­дың көрмесі ұйымдастырылды. Сан-алуан мәдени өрнекпен бірін бірі байытқан көрме барша­мыз­дың ортақ байлығымыз дегендей, бұл шара көңілге шуақ ұя­латты. Бәйдібек баба айтқандай: «Бір үйдің баласындай, бір қол­дың саласындай» дейтін сали­қалы  басқосу, емен-жарқын, рия­сыз жүздесулер – бүгінгі Қа­зақстанның тыныс-тіршілігі­нің жарқын көрінісі іспетті әсер қалдырды. Сонымен, елеулі шараға Қа­зақ­стан халқы Ассам­блея­сынан сай­лан­ған бірқатар Мәжіліс де­пу­тат­та­ры, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен өкілдері және Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед пен қала әкімі Ахметжан Есімов қатысты. Нұрсұлтан Назарбаев «Дос­тық үйінің» қайта жөндеуден өткі­зіл­ген ғимаратын аралап кө­ріп, этномәдени бірлестіктердің өкіл­дерімен әңгімелесті, ой бөлісті. Айтулы оқиға барысында Ел­басы тарихымыздың  тамаша жәдігері – сақ дәуірінен қалған Алтын адамның реконструк­ция­ланған  жаңа көшірмесіне назар аударды. Құрманғазы көшесіндегі талай келелі жиындарды қабыл­даған бұл ғимаратта Қазақстан халқы Ассамблеясының басшы­лық органдары, 19 этномәдени бірлестік, мемлекеттік және түрлі этнос тілдерін оқытумен айналысатын 9 жексенбілік мектеп орналасқан. Достық үйінің ғимараты 1999 жылы Үкіметтің арнаулы қаулысымен Қазақстан халқы Ассамблеясының жетекші органдарының құзырына берілген болатын. «Достық үйінің» жұмы­сы­ның басты бағыты мен қыз­ме­тінің мақсаты – отандық мәде­ниет пен ғылымды дамытудағы өндірістік-шаруашылық қызмет­тер­ді жүзеге асыруға қолдау көр­сету екенін де айта кету керек. Бүгінде «Достық үйінде» ұлтаралық қатынастар проб­ле­масын зерттеумен айналысатын орталық жұмыс істейді, ол Қазақстан халқының тілдері мен мәдениетін жандандыру жө­нін­дегі әлеуметтік бағдарлама­лар­ды жүзеге асыруға, ұлтаралық қатынастар мен қоғамдағы этно­мәдени байланыстарды нығайту мәселелері бойынша ғылым мен мәдениет саласында ғылыми зерт­теу қызметін жүргізуге ат­салысады. «Достық үйі» 1972 жылы сәулетшілер Р.Сейдалин, Л.Тимченко және Х.Якупбаевтың жобасы бойынша салынған екен. Сәулет өнерінің де тамаша туын­дысына айналған ғима­рат­қ­а 1974 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілген. 2006 жылдың 29 желтоқсанында «Дос­тық үйі» РМК базасында Ұлтаралық қатынастар проб­ле­масын зерттеу орталығы  құрылды. Тәуелсіздік тұсында ғи­маратты қайта түлетіп, күрделі жөндеу жүргізу үшін 2008-2010 жылдары 726 миллион теңге бөлінді. Көктеммен бірге, Тәуел­сіздігіміздің 20 жылдығына орай, көркем келбетке көшкен «Достық үйі» ұлттық нақышпен бедерленген. Әу баста жобасы киіз үй, күмбезі шаңырақты етіп көте­рілген ғимарат барлық кезде де татулық шуағын шашатын киелі үй болып қала бергей! Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.