Бұл мақаланы жазуыма мына көрiнiс түрткi болды. Бiрыңғай өзбек ұлты тұратын Қарабұлақ ауыл әкiмдiгi кеңсесiнiң ғимаратында аталмыш округтiң жаңа танысқан ветеринар дәрiгерi Бекжан Халимжановпен әңгiмелесiп отырғанбыз. Түске жақын мезет едi. Iшке елудi еңсерген егде ер кiсi кiрдi. Кабинет иесiмен төс түйiстiрiп амандасып алған соң:
– Бекжан ука, облыстық бiр мекемеге хат жiберуiм керек едi. Соны қазақшалап жазып бершi, – деп костюмiнiң қойын қалтасынан бiр жапырақ қағаз шығарды.
– Мәйлiң, ака. Бiрақ, дәл қазiр емес. Менде қонақ отырғанын көрiп тұрсыз, – деп едi, әлгi кiсi:
– Оу, укасы, Шымкентке бүгiн шұғыл жеткiзуiм қажет. Осы қазiр жасамасаң бастықтардан сөз естимiн. Бұл сенiң мiндетiң еместiгiн бiлемiн. Алайда, мұны атқаратын өзiңнен басқа ешкiмнiң жоқ екенiн сен де, мен де бiлемiн. Өзге амалым қайсы? – деп қысылтаяңдығын бiлдiрiп, шыр-пыры шықты.
Бекжан маған қарады.
–Үлкен адамның меселiн қайтармай, тiрлiгiн тындырып берiңiз. Шаруасы тым тығыз екен, – деп келгеннiң iсi бiткенше күтуге ықыласымды аңғарттым.
Бөлме қожасы жаңағы кiргеннiң қағазын алды да, алдындағы компьютер клавиатурасының түймелерiн сырт-сырт баса жөнелдi. Қос қолының саусақтары зыр қағады.
Ортадағы үлкен үстелдiң үстiнде бiр қырынан тұрған компьютердiң мониторына назар салдым. Қазақша әрiптер сайрап барады. Жiтi көз тiктiм. Мемлекеттiк тiлдегi сөздер мен сөйлемдер қатесiз тiзiлiп жатыр. Iшiм жылып сала бердi.
Облысымызда өзбектер баршылық. Бiзбен араласып, құраласып жүретiн олардың жергiлiктi ұлттың тiлiн бұзбай, бiр кiсiдей “гәпiретiнiн” жақсы бiлемiз. Ал, қазақ тiлiнде сауатты, таза жаза алатын өзбек ағайынды көруiм алғаш. Бекжан дайын болған мәтiндi күтiп отырған адамға ұсынды.
Асығыс тiрлiгiнiң тез бiткенiне қуанған бейтаныс кiсi маған қарата:
– Бiздiң 40 мыңға жуық өзбек тұратын ауылда қазақша хат, құжат жазатын осы Бекжан ғана. Әйтеуiр, күнiмiзге жарап тұр. Алла нұрына бөленсiн баламыз. Рахмет, оған да, сiзге де! – дедi де жөнiне кеттi.
Негiзгi iссапарыма байланысты Қарабұлақта мал бордақылаумен айналысатын шаруа қожалықтарын аралап жүрмiз. Жолсерiгiм Бекжан Халимжанов төрт түлiктi семiртушiлердiң жағдайын баяндап келедi.
– Елбасымыз ешкiмге алақан жаймай, жұмыс iстеп теңге табамын, отбасының күнкөрiсiн түзеймiн дегендерге кеңiнен жол ашып, мүмкiндiк жасап қойды. Құдайға шүкiр, ауылымызда жұмыссыз отырған ешкiмдi кездестiрмейсiз. Абай атамыздың “Еңбек етсең ерiнбей, тояды қарның тiленбей” дегенi осы емес пе! – дейдi жолдасым. – “Еңбек бәрiн де жеңбектiгiн” де қосып қойыңыз бұған. Ұлы ақынның “Егер iсiм өнсiн десең, ретiн тап!”, “Еңбек – қуаныш, жалқаулық – айырылмас азап”, деп айтқаны тағы бар.
Жолай көкейге ой түстi. Жарайды. Жергiлiктi халықтың тiлiн құрметтегенiне, бiлгенiне “әп, бәрекелдi” деп көтерiлiп қаламыз. Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкiлiнiң қазақша сөйлегенiне разымыз. Еркiн көсілетiндерiн де көптеп жолықтырамыз. Ал, қазақ тiлiнде әдемi де қатесiз жазуды Бекжанның қайдан, қалай үйренгенiн сұрадым.
– Мен осы Қарабұлақта тудым. Осында өзбек мектебiн бiтiрдiм. Бұдан кейiн Самарқандтағы ауыл шаруашылығы институтының ветеринария факультетiнiң күндiзгi бөлiмiнде оқыдым. Оны тәмамдаған соң Сырдария облысының Мырзабай ауданындағы Бируни өндiрiстiк кооперативiнде бас малдәрiгерi, төраға болып үш жылдай қызмет атқардым. Қарабұлаққа 1995 жылы оралдым. Мұнда алдында тұтыну кооперативiнде ветеринария дәрiгерi болдым. Одан аудандық лабораторияның филиалын басқаруға сенiм бiлдiрiлдi. Өндiрiстiк кооператив төрағалығына да сайландым. Қазiр осы ауыл әкiмшiлiгiнiң ветеринариялық мал дәрiгерiмiн. Қарамағымда лицензиямен жұмыс iстейтiн 15 маман бар. Елге келгеннен кейiн қазақша жазуды игерудi қолға алдым. Өйткенi, қызмет бабында iс қағаздары мемлекеттiк тiлде дайындалу қажеттiлiгi алдымнан шыға бердi. Тиiстi орындарға мәлiмет, ақпарат, түрлi хаттарды қазақша әзiрлеу керек. Қате жазсаң қайтарып жiбередi. Өз iсiңдi басқаға жасап бер деп қашанғы жалынасың. Содан мәжбүрлiктен меңгергенiм рас. Жалпы, ынта-ықылас болса, мiндетiңе жауапкершiлiкпен қарасаң үйренбейтiндей еш қиындығы жоқ, – дейдi Бекжан. – Мүмкiндiгiнше қазақша кiтаптар оқимын. Абайдың, Шәкәрiмнiң, үш Мұхтардың, Қадырдың шығармаларына үңiлемiн. Үйде “Абай жолынан” бастап, жерлесiмiз Ханбибi апамыздың, Мархабат ағамыздың туындылары тұр. Мерзiмдiк баспасөзден “Егемен Қазақстан”, “Оңтүстiк Қазақстан”, “Мәртөбе” газеттерiн үзбей жаздырамын. Зайыбым Дильфуза өзбек мектебiнде қазақ тiлi мен әдебиетiнен сабақ бередi. Бiр қызымның аты – Дариға. Әпкесiндей қайраткер болсынға ырымдап, есiмiн солай қойдық.
Сайрам ауданының “Жыл адамы” атағын алған, қазақша қатырып әңгiме айтатын, мемлекеттiк тiлде iс қағаздарын мүдiрмей, мiнсiз жазатын өзбек жігіті Бекжан Халимжанов қоштасарда:
– Тау мен тау қосылмайды, адам мен адам кездеседi. Жылы жүзбен ұшырасқанша, деп жымиып шығарып салды.
Жеңiс БАҺАДҮР.
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Сайрам ауданы.