• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Наурыз, 2011

Суицид

1228 рет
көрсетілді

Өзін-өзі өлтіру – ауыр күнә Соңғы жылдары елімізде жас жеткіншектердің өздеріне қол жұмсап, туыстарын да, бүкіл қоғамды да дүр сілкіндіруі белең ала бастағандай. Бұқаралық ақпарат құралдары әр аптада осы жайлы кемінде бір немесе бірнеше хабар беріп қояды. Мұндай жайсыздық республиканың барлық облыстарында көрініс беруде. Сондықтан осындай дертпен ел болып, жұрт болып жұмыла күресудің өзектілігі артып отыр. Иә, халқымыздың келешегі са­налатын жап-жас өрен­дері­міз­дің осындай бір дертке шал­дық­қаны бүгінгі қоғамның ең басты пробл­е­масы десек, артық айт­қан­дық емес. Тек Қазақстанда ға­на емес, бү­кіл дү­ние жүзінде өзін өзі мерт ету оқи­ғалары соң­ғы жарты ға­сыр­да көп­теп орын алып отырғандығы рас. Статистика бойынша, әлемде жыл сайын шамамен бір миллиондай адам өз-өзіне қол жұмсап, 20 миллиондай адам өзін өзі өлтіруге әрекет жасайтын көрі­не­ді. Тіпті, әр 40 секунд сайын бір кісі өз жа­нын өзі қиюда деген дерек те бар. Ал Қазақстан өкін­іш­ке қарай, өзін өзі өлтірушілердің жалпы саны жағынан әлемде үшінші орынға, тіпті қыз балалар жағынан бірінші орынға шыққан. Біздіңше, бұл проблеманың ше­шімін ислам дінінен іздеген ма­құл. Өйткені Жаратушы Иеміз өз құлдарының жағдайын кез кел­ген пендеден әлдеқайда жақ­сы біледі. Адам баласына ненің пайда, ненің зиян екенін де Алла таға­ла­дан артық білер ешкім жоқ. Ал өз өмірін өлімге қиюдың шариғатымыздағы үкіміне келсек, ислам дінінде жазықсыз адамды өлтіру немесе өзін-өзі өлімге қию – Алланың ашуы мен аса ауыр аза­бына себеп болатын ауыр күнә. Се­бебі ислам дінінің, қасиетті Құран мен хадистің көр­сетуінше, адам ба­ласының орны жаратылыс атау­лы­н­ың бәрінен де жоғары әрі үс­тем. Мейлі ол әйел болсын, еркек болсын, кәрі болсын, жас болсын, әрбір адам қадірлі және құрметті. Демек адам өз өмірін оп-оңай қия са­ла­тындай сұраусыз, іздеусіз, бостан бос жаратылыс емес. Қа­сиет­ті Құран Кәрімде: «Біз адам ба­ла­сын ардақтадық...», «...оларды бас­қа жа­­ратқандары­мыз­дан әл­де­қайда ар­тық жарат­тық», – делінген анық аяттар бар («Исра» сүресі, 70-аят). Сон­дық­тан әрбір жанның өмірі де өте қымбат. Оның өміріне қол сұғуға, ар-намысына тиюге, өмірі­не зұ­лым­дық жасап, еркінен айы­ру­ға дінімізде рұқсат жоқ. Тіпті адам өмі­рінің қымбаттығы сонша – жа­зықсыз бір адамды өлтіру бүкіл адам баласын өлтірумен па­рапар (Маида/32). Бұл – бір. Екіншіден, адам жараты­лы­сы­ның өзге­ден жоғарылығы оның ақыл-ойы­­на, ар-ұжданына, параса­ты­на, әр нәр­се­нің қадірін біліп, па­рықтай алу қабілетіне қатысты мың сан ар­тық­шылықтарынан анық бай­қа­ла­ды. Адамзат бала­сы­ның іші-сыр­­тын осындай рухани және мате­риал­дық інжу-маржандармен бе­зен­діре жарат­қан Алла тағала олар­­дың өмірі мен өліміне де белгілі бір шарттар мен өлшемдер белгілеген. Алла тағала қасиетті Құран Кәрім­де: «Алла тағала сен­дердің арала­рың­нан қайсы­ларың­ның ізгі іс іс­тей­тіндіктеріңді сынау үшін өлім мен тіршілікті жарат­қан. Ол – тым үс­тем, аса жарыл­қаушы» деген аят кел­тірілген («Мүлк» сү­ре­­сі, 1,2-аят­тар). Бұл аятқа қара­сақ, адамның бүкіл тіршілігі де, өмір­ден озуы да сынақ. Адамның өзіне қол жұмсауы осы сынақтан ома­қа­са құлаудың айқын бір белгісі. Сондай-ақ кісінің өзін өзі өл­тіруі – Алланың кешірім, мейірімінен, рақымынан қол үздіреді. Ар­дақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мү­мин арам қанға был­ған­ба­йын­ша (малынбайынша), дінінде кеңдік ішін­де» деп, өзінің немесе өзгенің қа­нын төкпеген адам ақыр бір Алла­ның рахымына бө­ленуі мүмкін екендігін білдірген. Ал өзін немесе өзгені өлтіруші кісі осы кеңдіктен құр қалады. Бұл айтылғандар адам­ның ақыл-есі мен ішкі ұжданының өзі кісі өліміне қарсы екендігін білдіретін деректер. Алла тағала бұдан үлкен ескертуді қасиетті Құран Кәрімнің төмендегі аятында кел­тірген: «...өздеріңді өлтірмеңдер. Ра­­сында, Алла сендерге ерекше ме­йірімді» («Ниса» сүресі, 29-аят). Тәпсірші ғалымдар Жарату­шы Раббымыздың «өздеріңді өл­тір­­мең­дер» деген тыйымында бір­неше мағына бар екендігін ай­тады. Ең әуелгі тура мағынасы адам­­ның өзіне өзі қол жұм­сауы­на, қазіргі заманның тілімен айт­қанда «суицидке» тыйым салу. Сондай-ақ «өз­деріңді өзде­рің» деген сөздің ас­тарында «бір адам екінші адамды өл­тірмесін, өйт­ке­ні олар екеуі де адам» деген мән жатыр. Алланың соңғы елшісі, сү­йік­ті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұ­дан өзге бірқатар хадистерінде өзін өзі өлтірген адамның ақы­рет­тегі азабы жайлы хабар берілген. Солардың бірінде былай делінеді: «Кімде-кім өзін-өзі қандай да бір темірмен өлтірсе, Жаһан­нам­да қо­лы­на темір алып мәңгі бақи өзін өзі түйреумен болады. Ал кімде- кім у ішіп өлсе, Жәһан­нам отында мәңгі­лік у ішу­мен қа­ла­ды. Ал кім өзін таудан тастап өл­­тірсе, жаһан­намда да өзін мәңгі отқа лақтырып тұрады». Бұл хадис өзін өзі өл­тіру­дің ақыры ауыр азаппен аяқ­та­латынын білдірсе, екінші жа­ғы­нан ХХІ ғасырда пайда бола­тын осы сұм өлімнің бірнеше негізгі түр­лерінен сақтан­дырады. Біріккен Ұлттар Ұйымының зерт­теулеріне қарасақ, өзіне қол жұмсау­шылардың басым көпші­лі­гі тапанша немесе пышақ қол­да­на­тын көрінеді. Пайғамбары­мыз (с.ғ.с.) жоғарыдағы хадисінде «өзін-өзі қандай да бір темірмен өлтірсе» деп осы ақиқатты білдірген. Сондай-ақ у ішіп, дәрі-дәр­мекті мөлшерден тыс көп қолда­нып немесе газ жұтып, өзге де хи­миялық заттармен уланып, өзіне қастандық жасайтындар да кездеседі. Хадисте «кімде-кім у ішіп өлсе» деп бұған да ишара жасал­ған. Ал өзін өзі көп қа­бат­ты үй­лер­ден, басқа да биіктіктен тастап өз жанын қия­тын­­дардың да көп кездесетінін ескерсек, Алла елші­сі­нің бұл хадисі со­нау VІІ ғасыр­дың өзінде осы қатер­лі дерт­тің негізгі түрлерін қамти­тын ескерту жасағанын көреміз. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис шәріптердің тағы бірінде: «Кім өз жанын қандай затпен қиса, то­зақта сол затпен азап­та­ла­ды», делінген. Мі­не, осы секілді аят-хадистер жа­зық­сыз қан төгу қыл­мы­сының ақы­ры өте ауыр екендігін білдіруде. Демек, мұсыл­ман адам қандай қиын­дық­қа тап болса да, бұл іске бар­май­тыны сондықтан. Осы орайда, ма­ңыз­ды бір мәселені қозғай кетудің реті келіп тұр. Соң­ғы жылдары шетелдерде суицолог мамандар жүргіз­ген зерттеу жұ­мыс­тары өзіне өзі қол жұмсау әре­кет­тері көбінесе ешбір дінге сен­бейтін жандардың (атеист) ара­сын­да кездесетінін дә­лел­деп отыр. Оның себебі дінсіз­дер­дің өз келешектерінен үміт күт­пейтіні, іштей уайымшыл бо­ла­тыны және ешкіммен бастары бірікпей бытыраңқы өмір сүре­тін­дері деп көрсетілуде. Оларда Алла­ға және Ақырет күні­не иман келтірмеулері және айқын бір мақ­саттарының болмауы да кө­бі­не көп өзін-өзі өлтіруге әкеліп соқ­­тыратын көрінеді. Осы­мен қа­тар зерттеушілер дінсіздік жайыл­ған елдерде суи­цидтің де көбірек бай­қа­л­атынын анықтаған. Әсіресе, Швеция, Дания секілді мемлекеттер алдыңғы қатардан орын ал­ған. Мысалы, Да­ния тұр­ғын­дары­ның 80 пайы­зы ешбір дінге сенбейтіндіктері мәлім. Суицидология зерттеушілері Жус Мануель Берталоти мен Александра Флейшман БҰҰ мә­лі­меттеріне сүйе­не отырып, ислам мемлекеттерінде өзіне өзі қол жұмсау әрекеттері нөл па­йыз­ға жуық (яғни жоқтың қасы), ал өзге сенімдер мен атеис­тердің ара­сын­да бұл дерттің тым жоғары екендігін нақты цифрлармен келтірген (http://www.iasp.info/pdf/papers/Bertolote.pdf). Демек елімізде суицид эпиде­мия­­сын жоюдың бір тетігі жас­тар­­ға имандылық тәрбие­сін көбі­рек ұсы­нумен тығыз бай­ланысты екендігі ақиқат. Өйткені ислам дінін ұста­ну­­шылардың ара­сында өзін де, өз­гені де өлтіру өте-мөте аз кездесуі қа­сиетті Құран­да­ғы тыйым­дары­нан десек, қате­лес­пей­міз. Мы­­­салы, жо­ғарыда келтірілген мына бір аятты басқа бір қы­ры­нан талдап көрелік: «...өз­деріңді өлтірмең­дер. Расында, Алла сендерге ерекше мейірімді. Ал кім осы ай­тыл­ғанды дұш­пан­дық, зұ­лым­дықпен істесе, оны жа­қын­да от­қа саламыз. Бұл Аллаға оңай» («Ниса» сүресі, 29, 30-аяттар). Осы аят­тар­дың бір қарағанда бай­қала бермейтін бірнеше астар­лы мәндері бар: 1. Алла Тағала «өздеріңді өл­тір­­меңдер» деу арқылы мұсыл­ман қауымына қатаң ескерту жасаған; 2. Одан соң «расында, Алла сендерге ерекше мейірімді» деген үмітсіздік пен келешекке сен­беу­ші­­ліктің рухани емі айты­ла­ды. Мұн­­да «өздеріңді өлтір­мең­дер» де­­ген ты­йым мен «расында, Алла сендерге ерекше мейірімді» деген сүйіншінің арасында кісі өлімінің бірқатар себептеріне ишара жасал­ған. Байып­пен саралап қарасақ, адамның өзін өлті­руіне ең алды­мен үмітсіздік себеп болады. Сон­дай-ақ Алла­ның адамзатқа нәсіп еткен сан мың­даған нығметтеріне көз жұма қа­рау­шылықтың да әсері жоқ емес. Одан соң адамзат баласын мейіріммен, махаббатпен жаратуында да мән бар. Ендеше, бұл аяттан «Алла таға­ла сендерге осынша мол нығметті үйіп-төгіп беріп, ерекше мейірім та­ныт­қанда, қа­лайша сендер өз­деріңе қол жұм­сайсыңдар» дегендей мағы­на­ны да аңғаруға болады. 3. Осының бәріне мән бермей, Алланың тыйымына қарсы келіп, өзін немесе өзгені өлтір­ген кісінің ақыры жалын атқан жа­һаннам оты екендігі де бұл аятта «кім осы ай­тыл­ғанды дұш­пан­дық, зұлымдық­пен істесе, оны жа­қында отқа сала­мыз. Бұл Алла­­ға оңай» деп келтірілген. Өзін-өзі өлтіруден жан-тәні­мен аулақ болу үшін мұсылман адам­дарға осы аят та жеткілікті. Демек өзіне-өзі қол жұмсау дерті­нің бір­ден-бір дауасы және оның алдын алудың ең сенімді жолы ислам дінін ұстану екендігі анық. Енді өзіне қол жұмсау әреке­ті­нің бірнеше негізгі себептерін атап өтелік. Кейбір ғалымдар өзіне қол жұмсау балаға шектен тыс қысым көрсетушіліктен, орын­сыз тыйым­дар­ды көп жасаудан, олардың кей тілектерін орындамаудан, олар қы­зыққан затты сатып әпере алмаудан, құрдастарының қысым көр­сетуінен, өзін ешкімге керексіз жал­ғыз сезінуден туған жағ­дай­лар­дан пайда бола­ды деп есеп­тейді. Алайда оның бас­ты себебі Алла­ға, ақырет күніне жә­не тағ­дыр­ға иманның әлсіздігін­де. Әсі­ре­се, ислам дініндегі жақсы­лық та, қиыншылық та Алладан екендігіне сенімнің жоқтығы осын­дай күнәлі іске көбірек себеп болады. Енді осы ретте ерекше атап өткім келіп отырған бір мәселе – бүгінгі таңда жұртымызды жал­па­ғы­нан жайлап алған жателдік сайтани секталардың осы өзін-өзі өл­тіру проблемасының бір себебі бо­лып жатқандығы. Сайтани секта­лар­дың: «Жастайыңнан мы­на өмір­­ден кетсең, Құдай алдына тап-таза бейкүнә күйде барасың» деген секілді үгіттерімен бала­лар­ды өлімге итеріп отырған­дығы жасы­рын емес. Ал шетелдерде сек­талардың әсері­мен өзін-өзі өр­теп жіберу оқи­ға­лары көп тіркелген. Сондықтан алыс-жа­қын кей елдерде бұл мә­селе қа­таң қолға алына баста­ға­нын айтуы­мыз керек. Мысалы, Ресей Федерация­сында сайтани сек­талар­дың қоғам өміріне деструктивтік әсерлері тү­бегейлі зерттелуде. РФ ІІМ Қыл­мыс­тық ақпарат орта­лығы басты­ғының орынба­са­ры, ішкі істер пол­ковнигі, заң ғы­лым­дары­ның кандидаты Андрей Игоревич Хвы­ля­ның «Діни секта­лар­дың қатер­лі тоталитарлық фор­ма­лары» атты жи­нағы осының бір дәлелі. Бұл еңбекте сатанизм сайтани секталардың бүкіл мем­ле­кет­тің өмі­ріне деструктивті әсері мен әлеу­мет­тік-қыл­мыс­тық қатері ба­сым екендігі және ондай ағым­дардың негізгі көзде­ге­ні мемле­кет­тің тұрақты­лы­ғы­на нұқсан кел­тіру екендігі нақты материалдармен дә­лел­денген. Жасөспірімдер арасында суицидке себеп болып отырған тағы бір себеп бар. Былтырғы жылдан бері өзін-өзі өлтірудің «Ит рахат» («Собачий кайф») деп аталатын жабайы түрі жас жеткіншектер ара­сында кең тарай бастады. Бұл «ойынның» тәртібі бойынша ты­ныс алуды жиілетіп, содан соң бірден күре та­мы­рын барынша қы­сып тұратын болса, бала 10 секундтан кейін өзге бір әлемге саяхат жасағандай күй кешеді. Міне, осыны жас балалар «ит рахат» деп атап жүр. Алайда бұл ойын­­ның ақы­­ры насырға шауып жап-жас өмірін «ит рахатпен» емес, ит өлім­­мен аяқтап жатқаны ақпарат құ­рал­д­арында айтылып та, жазы­лып та жүр. Осылайша талай ата-ана өз бала­­ларынан айырылып қалуда. Осы жерде бүгінгі қоғамның ескеруі тиіс тағы бір мәселе ша­ри­ғатымыздың «бір іске себеп бо­лу оны жасаумен тең» деген қа­ғи­дасы. Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Бар­лық­тарың қара­ма­ғыңдағы­ларға жауа­п­­т­ы­сыңдар», деген хадисі де осыны аңғартады. Ендеше, өзін өзі өл­ті­руге себепші болудың өзі кү­нә. Демек жас өрендердің өмір­лерін өз қо­лымен қиюына олар­дың күн­де­лікті өміріне мән бере алмаған ата-анасы, мектепте қы­лық­тарын дұ­рыс аңдай алмаған мұғалімдері, мұ­сылмандық ақы­сын толық өтей алмаған көр­ші­сі, қоғамдық тәр­тіпті қам­тама­сыз ете алмаған тиісті органдар да жа­уап­­ты. Олай болса, бүкіл ата-ана­лар­ға, мұғалімдерге, балалар­дың құ­қын қорғау органдарына, көрші-қо­лаң, жолдас атаулының бәрін Алла­дан және Ақырет күнінен қорқуға шақырар едім. Ал ендігі сөзіміз өз өміріне қа­нағаттана алмай, бұл дүние­ден қол үзуді барлық пробле­ма­ның шешіміндей көретін ба­уыр­ла­ры­мызға арналады. Ақиқатына қарайтын болсақ, адам өмірі оның өз мүлкі емес, ешкім де өзін өзі жаратқан емес. Әлсіз жаратылған адам өз денесіндегі бір жасушаның өзін жара­тып алуға қау­қарсыз. Кеудеміздегі жан да Алла­ның бізге нәсіп еткен нығметі әрі аманаты. Олай болса, адам өзін әу баста жаратпаған болса, онда өз еркімен оны қиюға да құқы жоқ. Әр­кім өз өмірін қадірлей білуі керек. Өмірде кездесетін қиыншы­лық­тар салдары­нан өмірден безе жө­нелу – мұ­сыл­ман адамға тән емес. Иә, өзін өлтіру қиындықтан құтылудың жолы емес, керісінше өзін өзі тілмен жеткізіп болмас ауыр азаптарға лақтыру деген сөз. Қарап отырсақ, адамның өзін өзі өлтіруі қиыншылыққа сабыр ете алмаудан туындауда. Уақыт өтуі­мен кез келген қиыншылық ұмытылады. Бір мәселенің орны­на жаңа мәсе­лелер келеді. Бұрын­ғысы естен шы­ғады. Бұл дүние­нің заңы сондай. Сондықтан өт­пелі қиыншы­лық­тар үшін Алла­ның адамға берген өмір атты ұлы аманатына қиянат жасауға бола ма? Өзімізді ауыр азапқа тастауы­мыз жөн бе? Сондай-ақ өзін-өзі өлтіру тек қара басын ғана ойлайтын нағыз эгоисттердің ісі. Өйткені олар өз басына түскен қиыншылықтан құ­тылу үшін жандарын қияды. Ал ар­тында жүректері езіліп, еңіреп қал­ған ата-анасын, туыстарын ой­ла­майды. Жалпы қоғам үшін де бұл оңай іс емес. Сондықтан Алла бұл дерттің бетін елімізден аулақ етсін! Дінге сенімі бар адам өмір­дің қиындықтарын сынақ деп біледі. Әрбір қиындықтан кейін жеңіл­діктің келетініне сенеді. Құдай­дан үмітін еш үзбейді. Сабыр етеді. Ең қиын сәттерде де өзін өлтіруге бармайды. Бұл өмірде әр адам әр сәт сайын қиын жағдайлармен бетпе-бет келіп жатады. Бірақ олардың еш­қайсысы текке кетпейді. Иман­ды жанның бұл дүниедегі тартқан азаптары мен көрген қайғы-мұң­дары арғы өмірде мәңгілік бақыт­қа айырбасталатыны Пайғам­бары­­мыз­дың хадистерінде білдірілген. Ендеше, адам баласының бұл өмір­­де белгілі бір мөлшерде қасі­рет тар­туы – заңды құбылыс. Оған иман тұрғысынан қарауы­мыз керек. Өйт­кені Алла тағала жай адам­ға ғана емес, барша пайғамбар­лар­ға да небір адам төзгісіз сынақтар берген. Қорыта келе айтарымыз, құр­метті мұсылман бауырлар! Өзіне-өзі қол жұмсау ісі, көбінесе, үміт­сіздіктен, мақсатсыздықтан, келешекке сенімсіздіктен, жан ты­ныш­­сыз­дығынан туындайды. Ал иман­ды жан, жү­регі бай адам қашанда бұл дерттен аулақ бо­ла­ды. Қинал­ған кісінің ж­анын түсі­нуге тыры­сайық, құлазыған кө­ңіл­дерге демеу болайық, достары­мызды еш уақыт­та жалғыз қал­дыр­майық және ең бастысы, өз төңірегімізге қасиетті ислам діні­нің асыл құнды­лық­тарын үйре­ту­ді міндетіміз деп білейік. Сондай-ақ әр қараңғы түннен кейін жа­рық күн, әр қиын­шы­лық­тан кейін бір жеңілдік бар. Алла тағала ас­панымыздың ашық, жас­тары­мы­з­дың парасатты, еліміздің ынты­мақты болуын жазсын! Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, бас мүфти. Алматы.