• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Наурыз, 2011

Бизнес дамымай, дәулетті болмаймыз

451 рет
көрсетілді

Дәулетті болу жердің асты-үс­тіндегі дайын табиғи байлықты уыстап алу емес, шикізатты ба­рын­ша ұқсату екенін нарық ұғ­ын­дырғандай. Қостанай өңірінің экономикасын дамытуға өндіріс және ауыл шаруашылығы өнім­дерін ұқсату кәсіпорындары, биз­нестің басқа да салалары ба­рын­ша үлес қосып отыр. Облыстағы ірі кәсіпорындар басшыларын, аудандар мен қалалар әкімдерін және қоғамдық ұйымдар өкіл­де­рін жинаған форумда бизнес са­ласындағы жетістіктер мен өзекті проблемалар ортаға салынды. Об­лыс әкімінің орынбасары В.Мейс­­тер осы саланың өткен жылғы қорытындыларына тоқта­лып, ма­ңызды мәселелерді сара­ла­ды. Қа­зір облыста 581 кәсіп­орын жұ­мыс істеп тұр. Облыс­та­ғы өнді­рі­летін өнеркәсіп өнімде­рі­нің негізгі бөлігі соның ішіндегі 103 кә­сіпорынның еншісіне тиеді. Өт­кен жылы өнеркәсіп өнімі жалпы көлемінің 62,5 пайызын кен өн­діру саласы құрады, одан кейінгі 28,4 пайыз ұқсату кәсіп­орын­да­рына тиесілі. Өнеркәсіп кәсіп­орын­дары жыл ішінде 447,1 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Облыс бойынша өнеркәсіп өнімі физикалық көлемінің жағымды индексі 115,6 пайыз болды. Бұл еліміздегі үшінші орындағы көр­сет­кіш болып саналады. Алайда көрсеткіштерді ауыз толтырып айт­қанмен, облыстың өнеркәсібі шикізат өндіру бағытында қалып отыр. Сондықтан облыс эконо­ми­касы шикізаттың әлемдік баға­сы­на тым тәуелді күйде. Әрине, өнеркәсіптің дамуы экономиканы көтереді, халықтың тұрмыс-ахуалы жақсарады. Қазір өнеркәсіп саласындағы кәсіп­ор­ын­дарда елу мыңнан аса адам нә­пақасын тауып отыр. Олардың жалақысы облыстағы орташа ең­бекақыдан 1,2 есе жоғары. Еліміз экономикасының бәсе­ке­ге қабілеттілігін арттыру мақса­тында 2010-2014 жылдарға ар­нал­ған үдемелі индустриялық-инно­вациялық даму бағдарламасы шең­берінде облыста толағай істер қолға алынды. Өндіріс картасы бойынша құны 226 миллиард тең­ге болатын 42 нысан бой кө­тер­мек. Өткен жылы инвестициялық 10 жоба жүзеге асып, соның ар­қасында екі мыңға жуық қоста­най­лық жұмыс орнын тапты. Ал үстіміздегі жылы осындай 32 жоба қолға алынды, оның жыл аяғына дейін 26-сы өмірге жолдама алады. Елімізден сырт жерлерге де белгілі Соколов-Сарыбай кен өн­діру бірлестігінде былтыр жылы­на 75 мың тонна өнім шығаратын металлилек кешенінің алғашқы кезегі іске қосылды. Қазір оның екінші кезегі де аяқталуға жақын. Сонымен қатар, осы кен алы­бы­ның байыту фабрикасындағы №17 технологиялық қосымша сек­ция­ның құрылыс-монтаж жұмыстары қарқын алған. Ал металданд­ы­рыл­ған бұйым шығару зауыты­ның құрылысы аяқталып, ол іске қосылғанда алып кәсіпорын өні­мін сыртқа бұрынғыдан да қым­батқа сатуға мүмкіндік алады. Қостанайда мәшине жасау ісі де өркендеп келеді. Отандаста­ры­мыз өткен жылы «АгромашХолдинг» акционерлік қоғамында құ­растырылған SsangYong жеңіл мәшинесін міне бастады. Былтыр кәсіпорын 84 мәшине құраст­ы­рып шығарды. Ал үстіміздегі жы­лы зауыт айына 144 мәшине шы­ғарады! Алдын ала болжамдарға сүйенсек, 2015 жылы Қостанай­дан жылына 7500 жеңіл мәшине шығарылатын болады. Бұл кәсіп­орында комбайндар да құрасты­рылады. Қостанайда жылына 450 мың тонна ұсақ металлилек шы­ғара алатын ірі зауыт құрылы­сының жобалау-сметалық жұмыс­тары басталды. Ірі кәсіпорындармен қатар орта және шағын бизнестің өркен­деуі де экономиканы дамытады. Өйткені, оның әлеуметтік салаға да оң ықпалы орасан. Эконо­ми­каның осы саласындағы кәсіпкер­лік бірлігі облыста 36816-ға жетті. Облыстағы жалпы тұрғындар санына шаққанда нәпақасын орта және шағын бизнестен тапқандар 15,5 пайызға жетті. Бұл респуб­ликалық көрсеткіштен мысқалдай да болса артық. Кәсіпкерлікті әңгіме еткенде оның жеткен жетістігімен қатар, өзекті мәселелері де қатар ауызға ілінеді. Соның ең бастысы осы саланы қаржыландыру, несиелендіру болып отыр. Осы орайда «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы өндірісті кеңейтуге арналған жаңа жобаларға берілетін банк несиелерінің үстеме пайызына субсидия беру арқылы осы саланы қолдап отыр. Форумда сөйлеген сөзінде «АгромашХолдинг» акционерлік қоғамы бас­қарма төрағасы Олег Цой өз кәсіпорнына деген мемлекеттік көмектің басы «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы еке­нін атап өтті. Ақпан айында «АгромашХолдинг» пен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры және Жинақбанк арасында қол қойыл­ған үш жақты келісім арқасында 12 пайыздық үстеменің бес пай­ызына мемлекеттік субсидия берілді. Бұл кәсіпорын үшін үлкен көмек. Облыста аталған бағдар­лама өмірге жолдама алған күн­нен бастап оның көмегін алуға кәсіпкерлерден 10 өтініш түскен болатын, соның барлығы да мемлекет тарапынан қолдау тау­ып, оларға 1,5 миллиард теңге шамасында қаржылай көмек берілді. Алайда, өткен жылы жеке кә­сіпкерлікті қолдау үшін бөлінген 509 миллион теңге қаржы рес­пуб­ликалық бюджетке кері қайта­рылды. Облыстағы шағын бизнесте жүрген кәсіпкерлер тарапы­нан қаржылай көмек алуға еш­қан­дай өтініш түспеген. Биыл кә­сіпкер­лерден түскен бес өтініш те дер уақытында қанағаттанды­рыл­ған. – Әншейінде кәсіпкерлер несие алудың қиындығын, күрделі­лігін, банк үстеме пайыздарының жоға­ры­лығын көп айтады. Ал мемлекет 7 пайыздық үстемемен несие ұсынып отырғанда оны пайда­ла­нуға асығар емес, – деді облыс әкімінің орынбасары Виктор Мейстер. Егер кәсіпкердің несие алуға кепілге қоятын жыл­жы­­май­тын бұйымы жеткілікті бол­маса, онда «Даму» қоры ала­тын не­сие­нің жартысындай кепілдік қаржы береді. Міне, осы ба­ғыттағы же­ңіл­дікті қазір облыста 30 миллион теңге сұраған бір ғана кәсіпкер пайдалануға бел буып отыр. Кәсіпкерлердің аяғын тұсай­тын түрлі бақылау органдарының тексерісі екені осы уақытқа дейін ауыз жаппай айтылып жүр. Виктор Мейстер кәсіпкерлер несиені алысымен түрлі бақылаушы органдар тарапынан жаппай ұмты­латын тексерулер олардың «Биз­нес­тің жол картасы - 2020» бағ­дарламасына қатысуға белсенділік танытпайтынының басты се­бебінің бірі екенін айтты. Кәсіп­керлердің пікірінше, бақылау ор­гандарының тексерулері көбіне кә­сіпорын басшыларын сақтан­ды­ру, білмегенін білгізу емес, кі­нәлауға дайын тұрады. Өткен жы­лы «Бизнесті президенттік қор­ғау» сайтына түскен 2000 хаттың ішінде 960-ы мемлекеттік бақы­лау-тексеру органдарының іс-әре­кетіне жазылған шағым болатын. Облыс әкімі Сергей Кулагин кәсіпкерлер мен құқық қорғау ор­гандары жұмысында тазалық­қа, әділдікке, адамгершілікке негізделген ортақ мәміле болуы керектігін айтты. Кәсіпорындарда да барлығы бірдей ылғи тақтайдай тегіс бола бере ме? Ереже бұзу­шылық, мемлекет қаржысын жым­қыру кездеспейді дегенге сену қиын, ондай мысалдар жеткілікті. Сондықтан бақылау орган­дарының тексерісі әділ әрі бизнесті дамытуға бағышталу керектігін айтты аймақ басшысы. Сонымен қатар, Сергей Кулагин бизнес пен билік арасында тығыз байланыстың болуын ескертті. Кейде кәсіпкер кездескен кедергілерді шеше алмай, өз сор­пасына өзі қайнап жүргенде, аудан, қала әкімдері мұнан тіпті хабарсыз отырады. Бүгінде кәсіпорындардағы өз­ек­ті мәселенің бірі кадрлардың жетіспеушілігі болып отыр. Об­лыс­та 17 кәсіптік лицей, 30 колледж жұмысшы кәсібі мен түрлі мамандар дайындайды. Осы оқу орындарында балалардың 65 па­йызы білім алады. Дегенмен, форумда сөз сөйлеген Қостанай ин­дустриалдық-педагогикалық кол­лед­жінің директоры Виктор Колпаков кәсіби мамандық беруде тү­бірлі шешетін мәселелердің бар екендігін де айтып өтті. Алдымен облыстағы кен алыбы, асбест ком­бинаты сияқты ірі кәсіп­орын­дар өз кадрларын дайындап алуға қаржы құятын уақыт жеткен си­яқты. Сол сияқты кәсіпорын­дар­дың барлығы да бюджет есебінен дайындалған мамандарды күтіп отырады. Екіншіден, облыста кә­сіп­тік білім беретін мекемелердің материалдық-техникалық базасы тым ескірген. Осыдан жарты ға­сырдан астам уақыт бұрынғы ста­ноктарды пайдаланатын болашақ токарьлар мен слесарьлар эконо­ми­каны заманауи үдемелі жаң­ғыр­ту талаптарына жауап бере ала ма? – Қазір астық алқаптарында «Джон Дирлер» және еуропалық комбайндар жүйткіп жүргенде, біз механизаторларды 1978 жылы шыққан «Енисей» және «Ниваға» арнап дайындаймыз, – деді Виктор Колпаков. Шешеннің сөзіне құлақ қойсақ, кәсіби білім беретін оқу орындары түлектерін жұмыс­қа орналастыру облыс әкімдігі мен облыстық білім беру басқар­ма­сы­ның ылғи да назарында оты­рады. Өткен жылы колледждерді бітір­гендердің 86 пайызы, лицей тү­лек­терінің 93 пайызы жұмыс ор­нын тапқан. Форумда бизнестің әлеуметтік әріптестігі де әңгіме өзегі болды. Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігі осы мақсатқа өткен жылы бір жарым миллиард теңге бөлді. Облыста жөнделіп жатқан ауру­ханаларға, клубтар мен мектептерге кәсіпкерлер қосқан үлес аз емес. Алдағы уақытта да бизнес­тің әлеуметтік әріптестігі оның да­муындағы басты бағыттың бірі болып қала береді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай.