• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
29 Наурыз, 2011

Ұл – болашақ ел тірегі

1021 рет
көрсетілді

(«Егемен Қазақстан», 09.02.11.) «Егемен Қазақстан» газетінің 9 ақпан күнгі санына жарияланған К.Әлпейісованың «Ұл» деген мақаласын ерекше толқып, тебіреніп оқы­дым. Автор өте өзекті мәселені қозғаған екен – әр сөзінің астарында шындық жатыр. Ерлердің ірі болуы, мәрт болуы, бәрі-бәрі білім мен тәрбиеге байланысты. Әйелім ұл туды деп далбақтамай, сол ұлды өз өне­ге­сімен өсіру қажеттігін ең алдымен ер азамат ұғуы керек.  Әкесі «оқ жонуды» үйретпеген үйлерден шеге қағуды білмейтін ұлдар шы­ғады. Ер баланы шаңырақ иесі деп әспет­тейміз, бірақ олардың шын мәнінде шаңы­рақ иесі болып қалып­тасуына мән бермейтініміз рас. Көбісі сөз жүзінде ғой біздің қа­зақта. Баланы еңбекке тәрбиелеу керектігін, бір мамандықтың тізгінін ұстатуды естен  шы­ғарып, мәселе ушық­қан кезде сан соғамыз. Жомарт ҚАЗЫБЕКҰЛЫ. Семей. * * * Автор көтеріп отырған мәселенің  тағы  бір қыры бар. Қазақ  басқадан кем қалмасын  деп ақылы  оқуға  ұлдарын да  береді. Ұлдар оқудан гөрі сол оқуына  төлейтін  ақшасын, емтихандарда «развод» жасайтын  пара­ла­рын табу  үшін са­бақ­қа бармай қа­шып-пысып жұ­мыс істейді. Бұл ау­ылдан келген ұл­дар­дың  да,  қыз­­дар­дың  да ба­сын­да  бар. Сон­дық­­тан ав­тор  айт­қан қа­тырма  қағазы  қо­­­лын­­­да  бар  балалар да ма­­ман­дығы бойын­ша  жұ­­­­мыс­қа  тұ­ра  алмай, тұр­­са жұ­мыс істей  алмай, дип­ломы бар  так­­сист, кү­зет­ші не аула сы­пы­рушы бо­лып жүре­ді. Мұн­дай да проблема бар. Бұған қоса мал табуға   жарап жатқан шаш­­­­тараз, аспаз, электрик, сантехник,  т.с.с. жұ­мыс­тарды  менсінбей жүрген қазақ­тар­дың жалған намысқойлығынан өзбек, қыр­ғыз, қарақалпақ, қытайлардың бизнесі  гүл­деніп, өздерінен жұмыс таба алмағандар елімізді рахаттана жерсініп жатқан жоқ па? Со­лардың жоғары  білімі  де жоқ. Адам ай  сайын бір рет  шашын  жөн­дететіні  белгілі  ғой, сондықтан  тұрақты бизнес  деп түрік жас­тары шаштараз мамандығын таңдап ала­ды  екен. Байқаған  шығарсыздар, қа­зір Астана  мен Ал­матыдағы түріктер  ашқан шаштараздардан аяқ сүрінеді. Вокзалдағы машиналар қозғалысын реттеп жүрген  қазақ жігіттерін үйретсе, сол өнер­ге икемі барларын баулыса, Зверев  бо­лып кете қоймаса  да  отбасының нан пұлын табуға жарар еді ғой. Айта  берсе,  көп мәселе бар. Бір ма­қа­ла­ның өзі  тек  бір адамның  қаншама ойын қоз­ғап отыр. Ал оны оқыған  қаншама  қазақ  тол­­ғанып жатқан болар. Сондықтан қазақ­тар­дың, әсіресе осы  жұмысты  атқару тап­сы­рылып, соған  тиісті ақы  алып отырған адам­дардың  іске  көшуі үшін мұндай  мақа­лалар лек-легімен болуы  керек немесе мә­селенің дайын рецептін жазып көрсететін  (әлгі  шетелдегілерше шаг первый..., шаг второй деп) жолнамалар өте қажет. Газетте мұндай   өзекті  мәселенің көте­рі­луі адамдарды қоғамдағы проблемаларға бейтарап болмауға үйретеді. Сондықтан осы ба­ғыттағы тәрбиелік мәні зор, ойлы мақа­лаларды үнемі күтіп жүреміз. Сандуғаш ӘУБӘКІРОВА. Алматы. * * * Мақала «Ұл» деп аталғанымен, оның өне бойында ұл-қыз деп бөлінбеген бүкіл ұр­пақтың тағдырына алаңдаушылық жатыр. Ұлдың оқымауы, заманына сай тәрбие ал­мауы оқыған қыз балалардың оларды менсінбеуіне, ал бұл жағдай өз кезегінде кәрі қыз­дардың көбеюіне әкеліп соғатыны рас. Қазір мұндай отырған қыздардан тұтас бір армия жасақтауға болатын шығар.  Бірақ сонда да мен білім-білігі өзіне сай емес на­данға шыққанша осылай отыр­ғандары дұ­рыс па деп ойлаймын бүгінде. Менің қызым автор айтқандай, «қатырма қағазы» бола тұра, «ұнаттым» деп қоярда қой­май оқымаған жігітке тұрмысқа шықты. Күйеу баланы намыстанып, әйелінен қалыс­пауға ты­рысып, сырттай оқуға түсетін шы­ғар деп ойла­ғанмын. Бәрі керісінше болды. Қыздың «оқы­саңшы» деген сөзінен астар іздеп, «менсінбейсің бе?» деп әкіреңдеп шық­қанын қайтерсің. Ауыл­да жұрттың тоңа­зытқыш, телевизорлары күйіп кетіп жатады, тым құрыса соның оқуын оқысаңшы депті бірде қызым оған. Сол күні «оқымысты бай керек болса, бар тауып  ал» деп үйінен қуып жіберіпті. Қазір қызым үйде, жұмысқа тұрды. Оның тағдырын тәлкек еткен жан әлі әке-шешесінің зейнетақысына жармасып, қызығын көріп, ойсыз жүр. Осы оқиғадан бері айналамыздағы жастарға зер салып қарайтын болдым. Туыс­тарымыздың ұсақ-түйек жұмыс істейтін жас балалары көп, қарап тұрсам, оқуға ынталары жоқ. Неге оқымайсыңдар десем, біреулері қы­зық емес дейді, енді біреулері бұл оқу­ларды бітіргенмен, бәрібір жұмыс таба алмайсың дейді. Соған қарап бізде жұмысқа таласа-тармаса алатындай етіп білім беруіміз, ал ол үшін оқу жүйесін өзгерту керек шығар деп ойлаймын. Шәмшия. Жамбыл облысы. * * * Біздің байырғы дәстүрімізде әсіресе, ер баланың тәрбиесіне ден қойған, себебі қа­зақ­тың па­йымы бойынша әйел адам ошақ басын сақтаушы, шаңырақты көр­кейтуші, берекесін асырушы болса, ер адам сол шаңырақтың көркеюін, тыныштығын қам­тамасыз етуші, сол арқылы бүкіл елдің, ха­лықтың өркен­деуінің кепілі болған. Сон­дық­тан  атам қазақ ұл­ды осы бағытта тәр­биелеген, ұлға білім-білік беруге тырысқан, себебі дұрыс тәлім-тәрбие алған ұл болса, ол қызды (ана­сын, әйелін, перзентін)  далада қалдырмайды, жетелеп жүріп, жеткізеді биіктерге. Мақала соңында жасалған түйіннің мән-мағынасы өте терең. Бұл жердегі әңгіме қыз баланы оқытпа, ұл баланы оқыт дегенде емес, қызды да, ұлды да бірдей тәрбиелеп, оқытып, аяғына тұрғызу керек, бірақ ұл баланы тәр­биелеуге баса мән берілуі керек. Өйткені, біздің менталитетіміз сондай – әйел ерге қа­райтын елміз дейді автор. Біз ұлдарымызды ертең ата-ананың да, бауырыңның да, өз от­басыңның да қам­қоршысы, тірегі боласың,  ендеше оқысаң, дұрыс білім мен өнеге алсаң ғана оны қамтамасыз ете аласың деп тәр­биелеуіміз керек. Себебі, оқыған адам  отба­сын бар жағынан қамтамасыз етуге ұмты­лады, өз балаларын тәрбиелеу ісінде, тіпті сәби кезінде ойыншықтар сатып алғанда да оның танымдық, баланың ой өрісін  дамыта­тын жақтарына баса назар аударады. Ал өз нанымды өзім тауып жеймін деген оймен базарда, вокзалдарда таңертеңнен кешке дейін жүк тасудан қолы босамайтын адамның балаларына тиісті деңгейде тәрбие беретіні екіталай: жағдайы да жоқ, қолынан да келмейді. Мен өз нанын өзі тауып жейтін адам деп бекер айтып отырған жоқпын, өз нанын адал еңбекпен тауып жейтін болса да жаман емес қой. Өкініштісі, таңертеңнен кеш­ке дейін немен айналысатынын білмей, ата-анасы мен туған туыстары болса, соларға масыл, бас ауруы болып, ішімдікке са­лынып жүрген жас жігіттерді қазір ауылда да, қалада да тым жиі кездестіріп жүрміз. Бұл біз­діңше  елдің, халықтың болашағы, ұлттың гендік қоры (генофонд) үшін өте қауіпті. Қазіргі кезде гендер дегенді жиі наси­хаттаудамыз. Біздіңше, гендердің өзін ер адам ілгерілету керек, әйелдің білгенін кеңейтіп, білмегенін үйретіп, саяси қызметте де, билікке жетуде де  нәзік жандарды барынша қол­дауы қажет. Бұл ер адамның қолымен жа­салуға тиіс іс. Әйел адам ер адаммен талас­қа түспей, ер адамды құр­меттеп, сыйлауы керек, ал ер адам сол сый-сыя­патқа лайық болуға тиіс.  Біздің діліміз осындай. Ал қазіргі заман талабы осы деп әйел адамды жасанды түрде көтере берсек, онда 20-30 жыл­дан кейін «гендеріміз» керісінше нәтиже берер, сөйтіп, белсенді ерлерге тапшы болып қалармыз, себебі қыздар қауымы өте пысық, білімге құштар, алғыр келеді. Ал жігіттерімізді біз қазір ынжықтау ғып өсіріп жатқан сияқтымыз. Гүлнар КӘМЕШЕВА, филология ғылымдарының кандидаты. Астана . * * * Мақалада көтеріліп отырған мәселені бүгінгі қоғамда дертке айналып келе жатқан құбылыс дер едім. Егер қазір бір дауасы табылмаса, күні ертең салдарын тартатын шығармыз. Ауылдағы ұлдарымызды оқыт­пай, қаладағы ұлдарымызды қыз сияқты өбек­теп, ұрпағымызды ұсақтатып, тоғышар, масыл етіп алғанымызды өзіміз де білмей қалғандаймыз. Әрине, оқымысты, зиялы, мәдениетті жастарымыз бар, бірақ жалпы көппен салыстырғанда олардың үлесі тым аз. Өз ортамызда осы мәселені талқылап, біраз нәрсенің басын ашқандаймыз. Отбасы түгіл, өз бастарын асырай алмай жүрген жастар көп. Бір жағынан заман қыспағына алса, екінші жағынан өздерінің білімсіз, біліксіздіктері де кедергі келтіруде оларға. Заман ауырт­па­лық­тарын көппен бірге көрер, ал біз, ата-аналар, баяғыша «үкі­мет пен партияға» иек арта бермей, ұлдарымызды тым бол­маса білім алып, кәсіп игеруге бау­луымыз керек екендігін тап осы қазіргідей сезінбеген болармын. Боранғали ІЗЕТҚАЛИЕВ. Батыс Қазақстан облысы. * * * К.Әлпейісованың осы газетте бұрнағы жылы жария­ланған «Ұлың дарақы, қызың со­рақы болса» деген мақаласын оқыған едім. Осы жолы да ол елеулі, жанды мә­селеге үңіліпті, ұсақ­тап бара жатқан ерлер про­блемасының тамыры тереңде ғой. Жа­булы қазан жабуымен қалса, талай шаңырақ шай­қалып, қыздар басқа ұлттарды таңдап, ұлттық қалыптасу ауылы алыстап кетері сөзсіз.  Бұл мақала – содан сақтан­дырып қа­ғылған дабыл сияқты. Алма БИМАҒАМБЕТОВА, химия ғылымдарының кандидаты. Жезқазған. * * * Автордың біз сияқты «оқып-оқып, оты­рып қалған» сіңлілеріне айтар астарлы ойын ұқтым. Бірақ, амал қанша, соны жігіттер қауымы ұқпай ма деп қорқамын. Оған бір мысал келтірейін. Алматы троллейбус­тарында жігіттерді троллейбус жүргізу­шілі­гіне оқуға шақыратын ха­барлан­дыру­лардың ілініп тұрғанына бір жыл­дан асты. Жүргізу­шілердің айлығы да тәп-тәуір екен, тұрақты тұруға жатақхана да  берілетін көрінеді. Сөз салып жүрген бойы сұңғақ, түрі көркем, бірақ игерген кәсібі жоқ жігітке сол хабар­лан­дыруды көрсеттім. Ат-тонын ала қашты. «Сарылып, айлық күтіп жүрем бе сол» дейді. Ал өзі ЦУМ-ның қасында «стоянщик» болып нан табады, күнделікті тапқаны қо­лына түсетін болған соң, қалтасы бос болмайтынын алға тартады. Бір қызығы, ата-анасы да осы жұмысын қолайлы көретін кө­рінеді. Сол кісілерге оқытса ғой осы мақаланы... Ақмарал. Алматы. * * * Елі сүйіп оқитын «Егеменге» Камал Әлпейісованың «Ұл» деп аталған ойтолғағы шықты (09.02 2011). Парламент Мәжілі­сіндегі әріптестері қолдан-қолға өткізіп, оқып шықтық. Содан пікірталастық, ой бө­лістік. Бұл – ой ғана емес, ұлттың жоғын жоқтау. Еркектерді қорғау. Дәл осы мәселе бәріміздің жүрегімізді толғандырып жүр­гені­мен Камалға ұқсап жазып тастап, оқыр­манға ұсынуға батылымыз жетпеген. Еркек баланы оқытуды қолдаушының бірі – мен. Ауылға барғанда «ұлдарым кетпен шапса да күн көреді, мына қызым оқысын» дейтін ағайындарға «Ер балаларыңды оқы­тыңдар, солар өссін, мәртебелі болсын. Сонда еліміз де өркендейді, қыздардың да бағы ашылады», – дейтінмін. Біраз ер балалардың оқуға түсіп, қызметке ілініп кетуіне көмегім де тиген. Енді осы жайтты ата-аналар тереңдеп ойласа жөн болар еді. Сәуле ДОСЖАНОВА, Жазушылар одағының мүшесі.