• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Наурыз, 2011

Тәуелсіздік бағын ашқан

736 рет
көрсетілді

ТЕЛЕЖУРНАЛИСТ ТІЛЕУҚАБЫЛ МЫҢЖАСАРДЫҢ «ЖАҺАНДЫ ЖАУЛАҒАН ЖАНР» АТТЫ КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕР РӘСІМІ ӨТТІ. Автор оқырман қауымға өз жан-жүре­гінің ыстық табынан суырып алып көз­айым еткен бұл кітабын ел Тәуел­сіз­дігінің 20 жылдығы мен «Хабар» агент­тігінің 15 жылдығына арнапты. Бұл арнауда бір мән жатқанын аңдау қиын емес сияқты. Себебі, өрімдей 17-18 жасымызда Қазақ университетінің журналистика факультетіне бірге түсіп, бірге бітірген, біз білетін белгілі тележурналист Тілеуқабыл Мыңжасар тағдырының тараулары еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бір аударылып түсіп, өзіміз әуелден-ақ болашағынан үлкен үміт күтетін досымыздың неғұр­лым жарқын өмір парақтары ашылған болатын. Оған дейін ол дарын-қабілеті, мүмкіндігі бола тұра, жалғыз шешеден жырақ кетпеймін деп, Алматыдан алыс­тағы, өзі туып-өскен Түркістан қаласында табаны күректей 15 жыл үлкен журналистикадан аулақта өмір кешті. Аудандық газет. Аудандық мәдениет бөлімі. Аудандық партия комитеті. Үшінші-төртінші курста жүргенде-ақ конкурстан озып шығып, Қазақ теледидарының «Құрдастар» шы­ғар­машылық бірлестігінің төлбаласындай  болған, алғашқы ақжолтай хабарларына өзіміз сүйіншілеп бірге қуанған Тілеу­қабылдың біз білетін даусыз таланты танылмай, қолдаушысы табылмай жат­қанына, ұзақ жылдар үнсіз қалғанына іштей қобалжи таңданушы едік. Шын тұлпар аламан бәйгеге өзін-өзі өмір бойы  баптап жаратады дейді ғой. Біздің Тілеуқабыл да сөйтті.  Оның шо­ғын қоздатып, кәсіби намысын қам­шы­лаған бапкері Тәуелсіздік болды. Азат­тық­тың ал­ғашқы жылында-ақ ол ең жақын дос­тары­ның шақыруымен, көмектесуімен қайта­дан Алматыдан табылып, Қазақ теледи­дары журналистерінің қатарына қосыл­ды. Одан соң «Хабар» агенттігін құрып, қаз бас­тыру­шылардың бел ортасында жүрді. Бір мысал келтірсек, 1993 жылдың қыркүйегінде тәуелсіз Қазақстанға ресми сапармен келген Франция президенті Франсуа Миттеранға қазақ тілінде сұрақ беріп, әуежайда сұхбат жасап, хабар жүргізген Т.Мыңжасар еді. Бұл әлемдік деңгейдегі үлкен тұлғадан алынған тұң­ғыш сұхбат десек, артық емес. Ал осыдан 10 жыл шамасы өткенде ел газеті «Егеменде» «Мыңжасаровтың мың репортажы» деген мақала шыққанда ешкім таңданбады, солай болуға тиісті заңдылық ретінде қа­былдады. Кім санапты, жаңалық хабар­ды жа­нын кіргізіп жайнатып беруші Тілеу­қабыл репортаждарының саны қазір 2 мыңнан да асқан шығар. Тек анығы сол: ол «Хабармен» бірге бастап, біте қайнасқан жылдарда Қазақ теледидарының нағыз саңлақ журналистерінің біріне айналды. Тілеуқабылдың «Жаһанды жаулаған жанр» деп қолмен қойғандай сәтті аталған мына туындысын болашақ тележурналист үшін оқулық, жалпы оқырман қауым үшін қызғылықты да ұлағатты баян десе де болғандай. Шынында да, тележурна­лис­тикаға қалай келу керек, өзін-өзі дайындау деген не? Жаңалық қандай жанр, жаңалық хабары қалай жасалады? Проблема қалай көтеріледі? Тақырып пен кейіпкерді қалай табуға болады? Осы тақылеттес қара­пайым сұрақтарға журналист өз тәжі­рибесі мен пайымдары, өз өмірінің өнегелі өрнектері арқылы, бастан кешкен оқиғаларымен шебер жымдастырып байланыстыра отырып аса бір қарапайым тұжырымдармен жауап береді. Автор жекелеген репортаждары жа­йын­да және ондағы оқиғалар мен кейіпкерлері туралы да сыр тиегін ағытады. Алыс-жақын шетел сапарларында ол ел­дер­дің Қазақстанмен байланыстары сөз бо­лады. Мәселен, поляк жастарының қазақ тіліне құмарлығы, Оңтүстік Корея студенттерінің қазақша сөйлемек түгілі, өз есімдерін қазақшалап алғандығы қы­зық­ты оқылады. Татарстан президенті Минтемир Шаймиевтен сұхбат алған жағдайлары қалай қыз­ғы­лықты баяндалады десеңізші. Тілеу­қабыл­дың өз әріптестеріне деген ықыласы да оның үлкен мәдениетін һәм ерекше бір мейірбан жүрек иесі екендігін аңғартады. «Хабар» агенттігі қалай құрылды? Танымал телеарнаға айналу жолындағы ізденістер не берді? Осы орайда автордың Англиядағы тәжірибе байыту курсына барған сапарының ғибраты өз алдына бір бөлек. Осының бәрін «Хабардың» қабыр­ғасы қаланған күннен бері қызмет етіп келе жатқан тележурналистің өз аузынан есту әрі нанымды, әрі қызық. Алматыдағы Ұлттық баспасөз клубында өткен тұсаукесер рәсімінде «Хабар» агенттігі бас продюсерінің орынбасары Арман Ысқабылов, жаңалықтар қызметінің продюсері Қымбат Досжан, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы басшыларының бірі, танымал қаламгер Қайнар Олжай және басқалар кітаптың осындай құнды­лық­тарын сүйсіне сөз етті. Қорғанбек АМАНЖОЛ. ______________________ Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.