Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев адамзатты топан судан аман алып шыққан Нұх пайғамбарға ұқсап Қазақстанды сонау 90-шы жылдары Тәуелсіздік жолында басталған күресте аман алып шығып, ел қылды. Қазақ деген елдің ежелден бергі арманы – азаттық еді. Сол азаттық қаншама ғасырлар бойы қиын-қыстау кезеңдерден сүрінбей өткен қазақтың пешенесіне бұйырыпты! Өзгелермен иық тірестіріп тұрып, тәуелсіздік алдық. Тәубе! Ақиқатын айтсақ, қаймана қазақ бұл жолда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа зор қарыздар. Сонау 90-шы жылдардың басында жаңа заман туды. Нұрсұлтан бастаған республика басшылары Қазақстанның егемендігін жария етті. Жаңа дәуірден тыңнан жол салу әрдайым қиынның қиыны. Осы қиын-қыстау тың жолда Қазақстанды сүріндірмей, адастырмай алып жүрер кім бар? – дегенде көз алдыңа Нұрсұлтан Назарбаев келеді. Оны халық таныды, дүние жүзі таныды. Оның дүниежүзілік беделі күннен-күнге артып келеді.
Күні кеше ғана төрткүл дүниенің бар назары тәуелсіз Қазақстанға ауды. Еліміздің еңсесін тіктеген елордамыздағы салтанатты сарайда ЕҚЫҰ деген беделді ұйымның алқалы жиыны дүрілдеп өтті. Бұл – қазақ деген бейбітшіліксүйгіш, мәмілегер елді айдай әлемнің мойындаған күні. 2010 жылдың 1-2 желтоқсаны – қазақ тарихына енетін күн. Бұл – Тәуелсіздіктің 19 жылының мәртебелі биігі. Қазақтың қаперіне кіріп пе еді мұндай мәртебе, бұрын-соңды. Түсіне де енбеген. Армандап та көрмеген. Енді, міне. Айың туып оңыңнан, күнің туып солыңнан дейтін бақытты күнге жеттік. Ендеше, Президент Нұрсұлтан Назарбаевты – азамат ердің баласы асып туған демегенде, не дейміз?!.
Қазақстан бұл күнде өз байлығының, берекелігінің, бейбітшілігінің, биік парасаттылығының арқасында БҰҰ-ның белді мүшесі ретінде де жалпақ әлемге танылып отыр. Қазақстанның көк байрағы Жер ғаламшарының басқа елдерінің туларының қатарында еңсесін биікте ұстап, желбіреп тұр. Тәубе дейік! Қазақстанның тәуелсіз ел болып қалыптасуына мен бір кісідей куә болдым. Әсіресе, азаттығымыздың ақ таңында, сонау 90-шы жылдардың басында Елбасымен бірге бауырлас ел – Түркияға барғаным, Ататүрік әуежайында көргенім ойымнан кетпейді, әлі көз алдымда. Мыңдаған түрік, қазақ: «А, Құдайлап», «Назарбайлап» ұран тастап, ұзақ уақыт тұрып алғаны әлі құлағымда. «Иә, ақсарбас!», «Иә, тәңірі, Нұрсұлтан Назарбайға ғұмыр бер!», «Иә, Алла, қазақ халқына абырой бер!» – деп құрбандық шалғаны сірә естен кетер ме. Сол жолғы көптің көңілі, тілеулестің тілегі Алланың құлағына шалынды. Қазақтың қамын жеген Нұрсұлтан Назарбаев та, оның соңынан ілескен қазақ та абыройлы елге айналды.
Мұның мәнін, әуелгі етқызудан соң, сабырмен саралап көрсем, біздің Президентіміздің абырой-атағы шетелдерде биіктеп кеткен екен. Әйтпесе, Түркия қай-қай мемлекетіңмен болса да қасқайып тұрып сөйлесетін ел. Бұл Түркия дегеніңіз Осман империясы дәуірінде дүниені дүрілдеткен, арғы-бергі әлемді қалтыратқан қаһарман болған. Тек соңғы екі ғасырда ғана басынан бақ тайыңқырап, империя кәрі арыстандай қауқарсыз бола бастағанда едәуір кемістік көрді. Түріктер өздерін түрікпіз деуге намыстанып, османбыз дегенге дейін барды. Өйткені түрік деген ұғым кедей, кембағал сияқты естілетін болды. 1920 жылдардың басында Мұстафа Кемал Ататүрік сұлтанатты құлатып, Түркия тұңғыш рет республика болды. Тұңғыш президент Ататүрік сонда түрік халқының рухын, еңсесін көтеру мақсатында: «Дүниеге түрік болып жаратылу қандай бақыт!» деп айтқаны халықтың жүрегінде жарқын жалау болып желбіреп, жалындап, алаулап, қанатты сөзге айналды. Сол тәкаппар мінезді, тәуелсіз, азат Түркия Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты төбесіне көтеріп қарсы алды.
Сол сапарда Ыстамбұлдың ең көрнекті қонақжайы «Мәрмәр» мейманханасының кең залында Нұрсұлтан Назарбаевпен Түркияда және басқа шетелдерде тұратын қазақтардың өкілдері кездесті. Сонда қазақтар Президентке: «Сізге көп үміт артамыз. Қазақтың құлдықтан құтылуын, бостандық алып, егемен ел болуын Сіздің есіміңізбен байланыстырамыз. Абылайдай айбарлы да ақылды басшы санаймыз» деді. Неге Абылай? Абылай өзінен бұрын өткен әз Тәукенің ісін жалғастырып, қазақтың басын қосып, біртұтас мызғымас мемлекетке айналдыру үшін арпалысты. Қазақтың басын біріктіру бір уайым болса, сол шашыранды елді сыртқы жаулардан қорғап қалу екі уайым еді. Қос өкпені қысып тұрған қос империя бар. Жүз жыл бойы жаға жыртысқан, ата жау болып қырқысқан жоңғар қалмақтары тұр. Осылардың бәрімен кейде күшпен, кейде ақыл-айламен, дипломатиялық амалмен қазақты сақтап қалу саясатын Абылай шебер жүргізген. Түркиялықтар мұны білмейді емес. Біледі. Ал Нұрсұлтан Назарбаевпен әзіргі саясаты сол Абылайды еске салып тұрғаны сондықтан. Мұны түсінбеген біздегі кейбір мұңлықтар Президентті айыптауға бейім. Мәскеуге қарап жалтақтай бересің дейді. Ельцинмен келісетін жерінде келісті, келіспейтін жерінде бас имеді. Ельциннің жер дауын қоздырмақ болған сөзінен кейін Назарбаев өзінің қомақты да салмақты сөзін айтты. Мұндайда қазақ: «Шалқайғанға шалқай, Пайғамбардың ұлы емес. Еңкейгенге еңкей, Әкеңнен қалған құл емес» – демеуші ме еді. Президент бұл ұлы өсиетті ділінде сақтаған. Енді біреулер Назарбаевқа аспандағы айды дәл қазір неге алып бермейсің деп өкпелейді. Өз елінде, өз жерінде қазақ деген қауым 60 пайызға енді-енді жетті. Сонда 40 пайыз өзге ұлттар болса, олардың да жоғын жоқтаушы, мұңын мұңдаушы Президент Н.Назарбаев емей кім?
Тәуелсіз Қазақстанның өз алдына ерікті ел болып, етек жабуында Н.Назарбаевтың еңбегі ұшан-теңіз. Тарих-қарияның беттерін парақтасақ, сонау 1990-шы жылдардың басында Президент өз Жарлығымен Қазақстан аумағындағы өнеркәсіп орындарын республика меншігі деп жариялады. Бұрын республикаға пысқырып та қарамай, тікелей Мәскеуге бағынатын зауыт-фабрикалар, комбинаттар қазір өз қарамағымызда. Бұрын Қазақстаннан қанша алтын, күміс, платина және т.б. асыл металдар шықса, олар тонна-тоннасымен бір грамы да қалмай Одақтың қазынасына құйылатын. Қаншасын өндіріп, қаншасын әкетіп жатқанын республика басшылары да білмейтін сыңайлы еді. Енді өзімізде өндірілетін асыл металдар өзімізде қалып, алтын-валюта қорымыз жасалатын болды. Алтын қоры жоқ мемлекет – қауқарсыз мемлекет. Осы тұста Қазақстанның жаһандық дағдарыс деген тажалмен аяусыз күресі еске түседі. Н.Назарбаевтың басшылығымен Ұлттық қордан бөлінген қыруар қаражат құлдыраудан қиналған негізгі салаларды «сауықтыруға» жұмсалды. Түптің түбінде, Қазақстанның дағдарыстан бірінші болып шыққанын дүние жүзі мойындады. Алтын қорымыз жасалған соң, Президент ұлттық валютамыз – теңгені айналымға енгізді. Бұл – өз жұртын, өз халқын әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттердің тобына қосу жолындағы құтты қадам болды.
Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып тұрған кездің өзінде-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Семей атом полигонын жабуға әрекет жасады. Колбинді көндіріп, сол кездегі ең құдіретті Саяси Бюроға дейін барды. «Бірақ Колбин бірге болғаны болмаса, полигон жабылсын деп бір ауыз сөз айтқан жоқ», – деп еді өзі бір сөзінде. Бірақ, әділет түбінде салтанат құрды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы өзінің Жарлығымен Семейдегі ядролық полигонды мүлдем жаптырды. Бұл – Қазақстанның ядролық қарудан азат әлемге жасаған алғашқы қадамы еді. Сол қадамымыз дұрыс болғанын бұл күнде дүние жүзі құптап отыр. Осылайша, Тұңғыш Президент қазақты атом тажалының тырнағынан арашалап алды. Бірақ, полигонның көптеген жылдарға созылған зардабын сынақ жасалған жердегі халық әлі күнге тартып келеді.
Ұлы державалық империялық кердең-кесір мінездің бірі – Қазақстан жерінде 30 жылдан астам уақыттан бұрын космодром орнап, ондаған ғарышкерлер ғарышқа ұшып жатса да: ой, біз ғарышкерлерді қай жерден ұшырып жатырмыз, қазақ деген халық бар емес пе. Ендеше қазақтарды ғарышқа неге шығармаймыз? Әлем алдында ұят қой деген біреу болған жоқ. Осы сұрақты мен Нұрсұлтан Назарбаевқа 1989 жылы қойғанмын. Ол да мұны қорлық санап, намыстанса да, онысын сездірмей:
– Бұйырса, бұл мақсатқа да жетерміз, – деген. Ақыры айтқаны келді. Президенттің пәрменді талап етуінің арқасында Тоқтар мен Талғат деген екі қазақ ғарышқа барып қайтты. Бір ғажабы: Орталықтың ұлы державалық қақсалдары осының өзін көп көріп, ғарыш қазақтың маңдайына бұйырмағандай: ойбай, ғарыштық бағдарлама бұзылды. Назарбаевтың қысым көрсетуімен ғарышқа бір қазақ кезектен тыс ұшып кетті! – деп байбалам салды. Отаршыл озбырлардың психологиясы осындай. Бірақ Назарбаев дегеніне жетті. Әрине, осылайша тізбелей берсек, Н.Назарбаевтың өз еліне жасаған жақсылығы да, әкелген бақыты да жетіп артылады.
– Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Оған ұлтаралық татулық қасқалдақтың қанындай қажет, – деген еді өзі бір кездері. Бір күн ұрыс кірген үйдің қырық күн берекесі кетеді. Президент мынадай ұранды ұстанды: «Өзің өлме, өзгені де өлтірме!». Сол саясат жемісін берді. Бұл күнде қазақ жерін мекендеген 100-ден астам ұлт-ұлыстың өкілі бейбітшілік пен татулықтың бесігінде бірге тербелуде. «Егер пайғамбар қателессе, артындағы халықтың бәрі сүрінеді», деген ертеден келе жатқан қанатты сөз бар. Пайғамбар дегені елдің басшысы ғой. Сол басшы қателесе бергеннен Кеңес Одағы қандай халге жеткенін көзбен көрдік. Ал бүгін байрағын биікке желбіреткен азат Қазақстан үшін жаңа заман туды.
Көбеймесек көсегеміз көгермейді. Бүгінгі күні Президент халқымыздың санының көбейгенін қалап отыр. Үкімет көп бала туған аналарға үлкен қамқорлық жасауда. Осы үрдісті қолдауымыз керек. Біз сапамыз тәп-тәуір халық болғанымызбен, санымыз әлі де тым аз халықпыз. Қазақтың сөз зергері Ғабит Мүсірепов: «Біз жайылсақ жоқпыз, жиылсақ көппіз», деген еді. Мұхтар Әуезов те: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», деген. Бізге көбею керек. Осыған Президент өзі бас болып қамқорлық жасап жатыр. Осыны іске асыратын бізге мықты Үкімет керек. Сонда ғана біздің мәртебеміз биік болып, ешқашан қор болмаймыз. Сонда ғана біз барлық кедергілерді жеңеміз. Халқымыздың басына бақ қонады. Қазақстан аман болсын. Қазақ елі аман болсын деп тілейік. Халықтың, елдің жағдайы жылдан-жылға жақсы бола береді, жайнай береді. Ел айтады: «көп сөз – көмір, аз сөз – алтын». Президент – біреу, қалғандарымыз – тіреу. Осындай жақсы заманда біздің жұлдызымыз уақыт өткен сайын, жыл өткен сайын заңғар биіктен жарқырай берсін. Өміріміз сол аспандағы жұлдыздардай көбейіп, молайып зор күшке айнала береді. Тілек сол, барлығымыз тілектес болайық!
Қаймана қазақтың күні-түні қаперінен шығармай ұстайтын бір нәрсесі: Президент деген сөз тұрақтылық, бірлік, өркендеу деген сөздермен балама екені. Бүгінге дейін қазақ қандай жетістікке, жеңіске жетсе – соның әрқайсысында Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесі бар. Қазақ «қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген сөзді бекерге айтпаған. Біз қолда барды қадірлей білетін, қадірлісін сақтай білетін елміз. Сондықтан, баянды бейбітшілік пен тұғырлы тәуелсіздігімізді, саяси тұрақтылығымыз бен рухани дамуымызды көзіміздің қарашығындай сақтау үшін, Нұрсұлтанның нұрлы жолымен алға қарай адымдай бергеніміз абзал. Ұлтаралық татулық пен бірлік – біздің басты құндылықтарымызға айналды. Құндылық десек, оны сақтай білу үшін сабырлылық пен мәдениеттілік керек. Біздің Президентіміз елдегі тұрақтылықтың бірден-бір кепілі болып отыр. Тұрақтылықтан айрылған Таяу Шығыста не болып жатқанын күллі дүние жүзі көріп отыр. Қанша көріпкелміз десек те, ертеңгі күнді ешкім дөп басып болжай алмайды. Олай болса, тыныштығынан танған, берекесінен безінген әшекейсіз әлемдегі арпалыста тура бағытымыздан жаңылмаймыз десек, бар қазақ Нұрсұлтан Назарбаевтың соңынан ілесуіміз керек.
Шерхан МҰРТАЗА, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
________________
Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Н.Ә.Назарбаевтың сайлау қорының қаражатынан төленді.
Тапсырыс беруші – Нұрпейісов Қадырбай Нұрпейісұлы.