• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
20 Қаңтар, 2017

Архив - мемлекет тарихының сақтаушысы (сұхбат)

1898 рет
көрсетілді

Алматының кеуде тұсында орналасқан терезесіз, бітеу қабырғалы биік ғимаратты алғаш көрген адам «неге бұлай?» дегендей қасынан телміре қарап өтері анық. Бірегей архитектуралық нысанның архив екенін аңғарғаннан кейін ғана стандартпен салынған мекеме мәртебесінің де биік екенін бағамдайды. Бұл – Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві. «Шаң басқан архив талай сырды шертеді». Ауызекі тілде осылай дегенімізбен, тап осы теңеудің қалың-қалың папкілерді қораптармен қаптап, үстіне тозаң қондырмай, көздің қарашығындай сақтап отырған бұл архивке еш қатысы жоқ. Осы кезеңге дейін еліміз туралы өте ауқымды әлеуметтік-экономикалық, саяси, ғылыми, мәдени ақпараттар жинап, демократиялық қоғам қалыптастырудағы идеологиялық мәні жоғары деректердің алтын қорын жасақтап отырған бұл архив барлық мемлекеттік архивтердің қазіргі заман тарихы саласындағы ғылыми-әдістемелік орталығы болып табылады. Ең құнды ұлттық байлығымыз сақталған Президент Архивінің директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Борис Жапаров архивтің жетістігін ғана емес, бұл сала төңірегіндегі түйткілді де ортаға салды. – Борис Әлікенұлы, сіз бас­қарып отырған мекеме кешегі ҚКП ОК Партия тарихы инсти­туты жанынан құрылған Орта­лық мемлекеттік қазіргі заман тарихы архивінің заңды мұрагері ғой. Дегенмен, еліміздегі ең ал­ғаш­қы архив ісі Жәңгір хан заманы­нан жеткен құжаттармен бай­ланыс­тырылады. Архивтің кешегі тарихын бүгінгі күнмен сабақтастыра отырып әңгімелесеңіз... – Рас, ең алғашқы архив Жәң­гір ханның басқаруы кезінде Бөкей Ордасында құрылған. Ал Кеңес Одағы тұсында 1924 жылы Бүкіл­одақ­тық коммунистік партиясы Қазақ (қырғыз) өлкелік комитетінің жанынан «истпарт» (Коммунистік партия мен Октябрь революциясы тарихы жөніндегі комиссия) құрылып, оған Сәкен Сейфуллин басшы болып тағайындалады. Сол кездің өзінде архив саласының жұмысын ұйымдастырып, рет­теуге байланысты үлкен шаралар жүргізілген екен. Архив саласына айырықша көңіл бөлініп, өкілетті­лігі өте мықты, айтқанының бәрі бұлжымас заң ретінде қабылданған НКВД-ның құрамына берген. Мәртебесі сондай, архившілерге шен беру құқына дейін ие болған. Архив бүгінгі күні Президент­тің, Президент Әкімшілігінің және Мемлекет басшысына тікелей бағы­натын, есеп беретін басқа да мем­лекеттік органдардың қызметін ақ­па­раттық әрі архивтік қамтамасыз ету саласында негізгі міндеттерді ат­қарып, олардың құжаттарын мем­лекеттік сақтауға қабылдайды. – Қолданыстағы «Ұлттық ар­хив қоры және архивтер тура­лы» заң жобасына бүгінгі күн тала­бына сай өзгерістер мен толық­ты­ру­лар енгізу қажеттілігі туын­дап, рес­пуб­ликадағы архив ісі­нің мамандары заңға қатысты ой-пі­кірін білдіріп жатқанынан хабар­дар­мыз. Архив жұмысын ре­фор­ма­лауға бұл сала шынымен мұқ­таж ба? – Елбасының мемлекет алдына қойған міндеттерінің қай-қайсысы да Қазақстан Республикасы Пре­зи­дентінің Архивіне тікелей қатыс­ты болғандықтан, дамыған ар­хив деңгейіне қол жеткізу үшін үз­дік­сіз жетіліп отыруды мұрат тұта­­мыз. Сол себепті еліміз­­дегі өзге де архивтермен және дамы­ған ел­­дердің мұрағат жұмы­сы­мен мұ­қият танысып, жаңа тарих сала­сын­­дағы жұмыстарға бай­ла­ныс­ты тәжір­бие алмасып, ғылы­ми-әдіс­теме­лік көмек көрсетіп оты­ра­мыз. Биыл­ғы жылдың өзінде Қазақ­стан­ның бірнеше облыстарын аралап, ғы­лы­ми конференциялар, дөңгелек үстел­дер ұйымдастырып, аймақтағы ахуал­мен жете таныс­тық. Архив сала­сында өзекті проблемалар бар. Кеңестік кезеңде Үкімет құра­мында «Бас Архив басқармасы» деген мемлекеттік орган бар бола­тын. Ол еліміздегі барлық мемлекет­тік архивтердің жұмысын реттеп, белгілі бір стратегия­мен басқаруды қам­тамасыз етіп отыратын. 1990 жыл­дардағы оңтайландыру ісі қол­ға алынған кезде, архив саласы ең соңғы кезекке ысырылып, тіпті, басқа салалардың мәселесімен ай­на­лысып жүргенде, архив жұ­мысы ұмытылып кетті. Қолда­ныстағы заңның өзінде «сол сая­сатты кім жүргізуі керек» деген мәселенің өзінің басы ашылып, анықталмаған. «Архив туралы» заңның бастапқы нұсқа­сында «өкілетті орган» деп анық көрсетілген еді, кейін өзгеріс ен­гізген кезде «өкілетті орган­ның» мемлекеттік саясатты қалыптас­ты­рып жүргізуге міндетті екендігі заң мәтінінен түсіп қалған. Орындаушы органдар бар, ал саясатты жасап, іске асыратын орган көрсетілмеген. Жаңа заң жобасына байланысты бірнеше тармақтан тұратын тұжы­рым­дама, ой-пікірімізді жазып, тиісті орындарға жолдадық, нәти­жесін уақыт көрсетер. Кейінгі жылдары елімізде архив саласын алдымен бір министрліктің құрамына, кейін басқа министрліктің құзырына ауыстыратын әдет пайда болды. Бұл тым болмаса комитет те емес, Мәдениет және спорт ми­нистр­лігінің құрамындағы жай ғана департамент деңгейінде қа­лып отырғаны архив жұмысына нем­құрай­лы қараудың салдары. Қара­пайым мысалмен салыстырар болсақ, елімізде алтын, валюта және сол сияқты маңызды қорлар бар, сол секілді мемлекеттің бар тари­хын сақтап отырған архив қоры да бар. Бірақ сол қорды басқа­ра­тын бірыңғай мемлекеттік верти­каль жоқ. Өткен жылғы сәуір айын­да Ресей Федерацияның Прези­денті Влад­и­мир Путин өзінің Жарлы­ғы­мен Мәдениет министріне бағынып келген Федералды архив агенттігін тікелей Президентке бағындырды. АҚШ-тың өзінде де архив тікелей Президентке бағынады. Жақында Кореяның Ұлттық Архив президентінің шақыруымен Оңтүстік Кореяға сапарлап қайт­тым. Қазақстан мен Оңтүстік Корея Ұлттық архиві іс бірлігі жөнін­­де келісімге қол қойдық. Бұл елде архив мәртебесінің жоға­ры еке­ніне көз жеткізіп келдік. Ар­хив мем­лекеттің саясатын қалып­тас­ты­руға да тікелей қатысып оты­ра­тын орган болып есептеледі. Ал, біздің еліміздегі облыстық архив­тер толығымен облыстық әкімшіліктердің қарамағында. Архив ісінің маңыздылығын түсін­ген облыс әкімдері қолдан кел­ген көме­гін беріп отырады. Аймақ­тағы архивтер бір облыста тіл бас­­­қар­масының құрамында, екін­ші облыста мәдениеттің ішінде ара­­ла­сып кеткен. Жоғарыдан «архив мәселесін ұмытпаңдар» деген тапсырма берілгеннен кейін әкім­діктер амалсыз басқар­ма­лардың біреуіне қосақтап қоюды әдетке айналдырған. Қазақстанның мемлекеттік архивтерінде 22 млн-нан астам іс бірлігі сақтаулы, оның ішінде Ұлттық архив қорына кіретін істер бар. Ұлтық архив қорға түскен әр құжатты мәңгілік сақтауға өткізген соң, оны сақтауды да қамтамасыз ету керек. Ұрпақтар ауысса да, архив құжаттары қалады. Мәңгілік сақтауға алынған ұлттық қорды көздің қарашығындай қорғап, сол қалпында ұстап отыру – архив қызметкерлерінің қасиетті борышы. – Бүгінгі жастар архив ісін маман­дық ретінде игеруге талпы­ныс жасап, қызығушылық таны­та ма? – Соңғы 10-15 жылдың ішінде Қазақстанның бес қаласында: Алматыда, Қаскелеңде, Ақтауда, Астанада, Қызылордада архив ғи­ма­­раттары салынды. Оның сыр­тында бірқатар өңірлерде кіші­­гірім қосымша сақтау қойма­лары­ның салынғанын есептемесек, архив құрылысы қажеттілікке сай жүріп жатқан жоқ. Архивте жұмыс істейтін қызметкерлер мемле­кет­тік қызметкерлер санатына кір­мейді, олардың айлықтары да төмен.  Сондықтан болар, архив ісіне қызығушылығы болға­ны­мен, жастар да жалақысы жоға­ры, өмір сүруге қолайлы маман­дық­тарды таңдап, жеме-жемге келгенде ойынан тайқып кете ме деп ойлаймын. Қоғамның өзін­де «архивте кілең жасы келген кәрі-құртаңдар жұмыс істейді» деген пікір қалыптасқанын несіне жасырамыз? Солай бола тұра, архивте жұмыс істейтін маман­дардың әрқайсысын өз ісіне адал берілген жан деп ойлай­мын. Әл-Фараби атындағы Ұлт­тық университетінің тарих факуль­тетінде архив ісі мамандығы бо­йын­ша мамандар даярланады. Оның өзі 20 студенттің басын құраған бір ғана топ, ал ол еліміздегі 200 мемлекеттік архивті, оның сыртындағы жүздеген ведомстволық, жеке архивтердің бәрін қамтамасыз ете алмайды. Соған қарамастан, жастардың қызы­­ғу­­шылығын тудыру үшін сту­дент­тер арасында қалалық олим­пиада ұйымдастырып, былтыр республикалық «Жас архившілер» байқауын өткіздік. Жаңа кәсіпке баулып, олардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатын көздедік. Жо­ғары оқу орындарымен тиімді бай­ланыс орнатып, келісімшарт негізінде ондағы ғалымдар мен оқыту­шылардың, болашақ архив ісі мамандығында оқитын студент­тердің біздің архивке келіп еңбек етуіне жағдай туғызудамыз. – Кез келген архив ақпараты жұрт үшін жария сипатқа ие деп жатасыздар. Бүгінде архив қоймаларында құпиясы ашыл­маған жүзден астам ғана құжат қалған екен. Ол жария болса, мемлекет қауіпсіздігіне нұқ­сан келетін көрінеді. Ал бұл құжат­тарға кімдер қол жеткізе алады? – Президент Архивінде 37 архив қалыптастырушы дереккөзі бар. Олардың қатарындағы Пре­зидент Әкімшілігі, Сыртқы істер министрлігі, Президентке тіке­лей бағынышты болған ми­нистр­ліктер, ведомстволар құпия іс қағаздарын жүргізетіндігі қа­лып­­­ты жай. Мемлекеттің қауіп­­сіз­­­ді­гін қамтамасыз етуге байла­ныс­­ты құжат-деректер біздің Ар­хив­тің сақтауына өткізіледі. Құпия құжаттар тек біздің ғана емес, әр мемлекеттік архивте бар. Бұрын­нан солай қалыптасқан. Ал Кеңес Одағы кезінде мемлекеттік архив­тер сақтап отырған құжаттардың басым көпшілігі жабық болып келді. Тәуелсіздік алғаннан кейін жариялылық қағидасына сай қорымыздағы құжаттарға жаңа көзқараспен қарап, мүмкіндігінше, құпия саналып келген құжаттарды ашық құжаттар қатарына ауыстыру үшін еңбектеніп жатырмыз. Осы­ған байланысты арнайы құрыл­ған мемлекеттік комиссия көп­теген құжаттарды көпшіліктің пай­далануына ұсынып отыр. – Президент Архивінде қанша іс бірлігі сақталған? – Біздің ғимарат 1 млн сақтау бірлігіне есептеліп, 1974 жылы бірыңғай типтік жоба бойынша салынған. Сөрелердің жалпы ұзындығы 29 шақырымға тең. Әлемдегі сөрелердің жалпы ұзындығы 300 шақырым болатын архивтермен салыстырғанда, бұл – орташа көрсеткіш. Бүгінде біздің қорымызда 780 мың сақтау бірлігі бар. Негізінен, қағаз құжат­тар. Қоймаларда әлі де орын бар. Бұған қоса, аудио, бейне таспаға жазылған құжаттар, фотоқұжаттар да кездеседі. Жеке текті құжаттар, басқару құжаттары, хаттамалар, шешімдер, жиналыс қағаздары, тұлғалардың бір-бірімен жазысқан хаттары жинақталған. 780 мың сақтау бірлігі 1200 қорға бірік­тірілген. Қоғам тарапынан ең көп қызығушылық тудыратын құжат Орталық Комитеттің қоры мен тәуелсіз Қазақстандағы Прези­дент­тің қорына тиесілі. Президент Ар­хиві заманауи технологияны үздіксіз жетілдіруді қолға алып, құжаттарды электрондық жүйеге көшіруді негізгі мақсат етіп қойды. 780 мың сақтау бірлігінің 160 мыңы бірінші санатты құжаттар деп танылған. Ең көп пайдаланылатын, сұранысы жоғары осынау құжат­тар­ды қойма мен оқу залының ара­сында тасып жүру барысында сапасы төмендемес үшін цифрлық фор­матқа көшіру мақсатын қойып отыр­мыз. Бүгінгі күні 60 мыңын элект­рон­ды форматқа ауыстыруға қол жет­кіздік. Тіпті, архивке кел­мей-ақ сұрауды интернет арқылы жол­дап, бар болса, қажетті құжатқа бір­ден тапсырыс беру мүмкіндігі бар. – Шет мемлекеттердің мұра­ғат­тарындағы қазақ халқына қатысты деректерді жинап, құнды құжаттарды елге әкелу бастамасы қалай жалғасын тауып жатыр? Әкелінген құжаттардың ішінде қандай қызықты мәліметтер бар? – Шетелге арнайы барып, деректер іздеп, тауып, қорымызды толықтыру тарихшылардың міндеті болып есептелгенімен, Пре­зи­дент Архиві өз ғылыми жос­пар­ларына сәйкес, басқа елдер­дің архивтерімен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Жақында ғана біздің төрт қызмет­керіміз Ресей­дің Қорғаныс министрлігінің ар­хивінде, Мәскеудің басқа да орталық архивтерінде жұмыс істеп, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандықтар тура­лы бірталай дерек жинап қайт­ты. Оның ішінде қазақ азамат­тары­нан құралып, майданға аттан­ған дивизиялардың тарихы, сондағы солдаттар мен офицер­лер­дің тағдыры туралы біраз дерек­тер жиналды. Архив қызмет­кер­лері былтырдан бері «Екінші дүние­жүзілік соғыстың қазақстандық тұтқы­ндары» деген ғылыми жоба­ны іске асырып келеді. Біз­дің болжауымыз бойынша, 1 млн 200 мың қызыл әскерге алын­ған қазақстандықтардың 200 мыңы соғыс тұтқыны болған. Гер­ма­ния, Ресей архивтерінен, өз архив­тері­мізден, жеке архивтерден табылған мүлде хабарсыз кеткен 35 мың жауын­гердің аты-жөнін анықтап, қорымызға енгізіп, «www.tutkyn.kz» деген сайтымызда аты-жөнін жарияладық. Большевиктік билік келгеннен кейінгі өткен ғасырдың бірінші жартысында қазақ халқы үш бірдей ашаршылықты бастан өткерді. Ең ауыры 30-жылдардағы 4 млн-ға жуық адам көз жұмған ашаршылық болды. 4 миллион деп айтамыз. «Ал нақты олар кімдер еді?» дегенде қиналамыз. Себебі олардың аты-жөнін өз уақытында ешкім де қағазға түсіріп, іздестірген жоқ. Ал Холокостың 6 миллион құрбанының 5 миллионының есімін Израильдегі, Америкадағы, басқа елдердегі Холокост құрбандарына арналған музейлер мен архивтерден тауып аласыз. Мұның себебі, Қазақстанда азаматтарды тіркеумен айналысқан АХАЖ деп аталған мекеме тек 1934 жылдан бастап қана жұмыс істей бастаған. Сорақысы сол, Ресей империясы кезінде де, Кеңес үкіметі кезінде де мал санағы жыл сайын жаз айында жүргізіліп тұрған, ал адамның есебі алынбаған. Бұған қарағанда, Қазақстандағы шіркеулерде христиан азаматтарын туа салып тіркеп отырған. Осындай жағдайда өмір сүрген Қазақстанда «4 млн адам аштық құрбаны болды» деген деректі дәлелдеу оңай шаруа емес. Бірақ, бұған қарамастан, осы топырақта өмірге келген, шама-шарқынша туған еліне қызмет еткен ата-бабамызды түгендеуге толық хақымыз бар. Осыған байланысты «asharshylyq.kz» атты веб-сайт ашып, сол жерде деректерді жинақтап жатырмыз. Бұдан кейінгі үлкен жобалары­мыздың бірі – Қазақстанға күш­теп жер аударылған өзге ұлт өкіл­дері мен этностары мәселесіне бай­ла­­ныс­ты қолға алынды. Депор­та­­ция туралы үлкен екі жинақ ба­сы­­лып шықты. Бұл кітапқа да шет­­ел­дік­тер қызығушылық таны­та­ды. АҚШ-тың мемлекеттік депар­таменті Президент Архиві маман­дарын он күнге жұмыс сапа­рына ша­қы­рып отыр. Бұған екі нәрсе түрт­кі болды. Оның бірі, соңғы жыл­дары 30-ға жуық амери­ка­лық ғалым Архивімізге келіп, кеңес­тік дәуірді және тәуелсіз Қазақ­стан кезеңін зерттеп, үлкен ғылы­ми жұмыстар атқарып жатыр. Екін­шісі, Холокост мемориалдық му­зейі­нің зерттеушілері біздің Ар­хив­тің оқу залында жұмыс істеп, екін­ші дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақ­стан­ға эвакуацияланған еврей ұлты­ның өкілдері туралы көптеген құжат­тар тапты. Біз олардың өтіні­ші­мен 12 мың парақ құжаттың элект­рон­дық нұсқасын әзірлеп бе­ріп, Вашингтондағы Холокост музейіне жолдадық. Бүгінде Азия мен Африкадағы соғыс пен терро­ризм құрбаны болудан қашқан мың­даған босқындар күллі Еуропа мем­ле­кеттеріне үлкен қиындық туғы­зып, халықаралық дәрежедегі күр­де­лі мәселенің түйінді шешімін таба алмай отыр. Ал ашаршылық пен соғыстан өзі де әрең аман қа­лып, ес жия алмай отырғанда күш­­теп көшіріліп әкелген мыңдаған бас­­қа ұлт өкілдеріне қабақ шытпақ түгілі барымен бөлісіп, бауырына тарт­­қан қазақ халқына тәнті екенін аме­ри­калық әріптестеріміз жиі айта­ды. Президент Архиві осындай ауқымды жобаларымен қатар, Ұлттық архив қорының құжаттарын насихаттау жұмыстары бойынша белсенді қызмет атқаруда. Өйткені, архив – мемлекеттің кешегі және бүгінгі тарихының сақтаушысы. Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ