• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Қаңтар, 2017

Астана процесі: Сирия түйінін тарқату жолдары көпжақты келіссөздерде талқылануда

789 рет
көрсетілді

Кеше елордада Сирия мәселелерін реттеу бойынша халықаралық келіссөздер басталды. Халықаралық саясатта Астана процесі деген атауға ие болған алқалы жиынға Сирия дағдарысына қатысты басты тараптардың өкілдері қатысуда. Сирия дағдарысын дипломатиялық жолмен шешуді ұсынып отырған Қазақстанның басты мақсаты – алты жылға жуық уақыттан бері толастамаған, жүз мыңдаған адам құр­бан болған қантөгісті тоқтатуға үлес қосу. Осы орайда, барлық тарап­тар­дың Астана төріне ат басын тіреп, бір ғимарат астында, бір үстелдің басында бетпе-бет кездесуі бұрын-соңды болмаған құбылыс екенін ерекше атап көрсеткен абзал. Әсіресе, бұған дейін ресми Дамаскі мен Сирия оппозициясы бір-бірімен бір үстелдің басында бас түйістіріп көрмеген болатын. Осылайша, бейбітшілікті қолдайтын, бейтарап ұстанымға берік ел екенін айқын аңғартқан Қазақстан тараптарға барынша тиімді жағдай туғызып отыр. Сирия дағдарысы басталған сәттен бастап Қазақстан халықаралық қо­ғамдастықты қақтығысты дипло­матиялық жолмен шешуге шақырып, өзінің бейтарап ұстанымда екенін, мәселені шешуге мәмілегер болуға дайын екенін байқатып келгені белгілі. 2015 жылы Қазақстанда Сирия оппозициясы өкілдерінің қатысуымен келіссөздердің алғашқы раунды өткен болатын. Араға көп уақыт салмай, сол жылдың қазан айында келіссөздердің екінші раундын өткізуге мұрындық болдық. Осы басқосулардың арқасында бірқатар маңызды келісімдерге, атап айтқанда, гуманитарлық мәселелер бойынша – босқындардың қауіпсіз өтуіне дәліз қалыптастыру бойынша ортақ келісімге қол жеткізілді. Кеше басталып, бүгін мәреге жетеді деп жоспарланған Астана процесінен де осындай оң шешімдер күтіліп отыр. Ал Астанаға ат басын тіреген түрлі тараптар бір үстел басына жайғасқан жиында бірінші кезекте Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов сөз алып, қатысушыларға Қазақстан Рес­публикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сәлемін жеткізді. – Сириядағы жағдайды реттеу бойынша келіссөздердің қатысушыларына сәлемімді жолдаймын. Сирияда орын алып отырған күрделі жағдай әлем жұртшылығының назарын өзіне аударуда. Алты жылға жуық уақыт бойы жалғасып келе жатқан қанды қақтығыс түрлі өркениеттер мен мәдениеттер тоғысқан өлкеге қайғы-қасіреттен басқа ешнәрсе алып келмегенін мойындауға тура келеді. Қазақстан бейбітсүйгіш мемлекет және Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Таяу Шығыс өңірінде қауіпсіздік пен тұрақтылықтың орнатылуына және нығаюына мүдделі. Бүгінгі басқосу халықаралық қоғамдастықтың Сириядағы жағдайды бейбіт түрде реттеуге бағытталған жігер-ынтасының айқын көрінісі болып табылады. Қазақстан Сириядағы жағдайды реттеудің жалғыз дұрыс жолы – өзара сенім мен түсіністікке негізделген келіссөздер болуы қажет деп санайды. Біздің еліміздің бүгінгі келіссөздерді өткізу орны ретінде таңдалуы кездейсоқ емес. Өздеріңіз білетіндей, 2015 жылы Астанада бірқатар сириялық оппозиция топтары келіссөздерінің екі раунды өтті. Сирия халқына түскен ауыртпа­шы­лықты жеңілдету мақсатында сириялық босқындарға 700 мың доллардан астам көлемде қаражат бөлдік, жақында 500 тоннаға азық-түлік түрінде ізгілік көмек жолдадық. Астанадағы кездесу барлық мүд­делі тараптардың Біріккен Ұлттар Ұйы­мының аясында Женева процесінің шеңберінде Сирия дағдарысына қатыс­ты оңтайлы шешім табуына қажетті алғышарттарды қамтамасыз етіп, Сирия жерінде бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату ісіне лайықты үлес қосады деген сенім білдіремін. Бүгінгі келіссөздердің нәтижелі әрі жемісті болуына тілек­теспін! – делінген Елбасының сәлемінде. Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов айтып өткендей, Қазақстан осыған дейін тарихи мәнге ие көптеген халықаралық келісімдердің қабылдануына мұрындық болып келді. Ел аумағында аса ірі халықаралық талқылаулар жүйесін тауып, табысты жүргізілді. – Біз әріптестерімізге көмек қолын созуға қашанда әзірміз. Біріккен Ұлттар Ұйымына, Сирия үкіметіне және қаруланған оппозициялық топтарға бүгінгі кездесуге қатысып жатқаны үшін, Астанаға келу үшін атқарған белсенді іс-қимылдары үшін алғыс білдіреміз. Біз өз аумағымызда әлемдік келіссөздерді өткізе отырып, сіздердің Ұлы Далада еркін әрі ыңғайлы ахуалда жұмыс істегендеріңізді қалаймыз. Біз сіздерге келіссөздерге қажетті платформа ұсынамыз. Алдағы бірнеше күннің маңызы өте зор, Үкімет бүгінгі шараның табысты өтуіне, мәселелердің сәтті шешімін табуына жан-жақты жағдай жасауға әзір. Біз осындай тиімді жағдайды пайдаланып, бітімгерлік бағыттың ілгерілеуіне шын мәнісінде серпін беруге тиістіміз. Сирия халқы оған лайық, – деді Қ.Әбдірахманов. Халықаралық қоғамдастықтың назарын аударған шараға атсалысу үшін елордаға Сирия мәселесіне қатысты басты тараптардың өкілдері келгенін жоғарыда айтып өткенбіз. Оларға нақтырақ тоқталар болсақ, келіссөздерге ресейлік делегацияны Ресей Президентінің Сирия мәселелерін реттеу бойынша арнаулы өкілі Александр Лаврентьев бастап келді. Түркия мен Иран үкіметтерінің атынан екі елдің Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары Седат Онал мен Садек Хосейн Джабери Ансари бастаған делегация да Астанаға ат басын тіреп отыр. Сирия үкіметінің делегациясын осы елдің БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Басар әл-Джафари бастап келді. Сириядағы ахуалды реттеуге бағытталған процестен сырт қалмау үшін БҰҰ Бас хатшысының Сирия бойынша арнаулы өкілі Стаффан де Мистура арнайы келгенін айта кету керек. АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джон Крол да АҚШ үкіметінің өкілі ретінде келіссөздер процесіне қатысуда. Астанадағы алқалы жиынды халықаралық қоғамдастық жоғары бағалап, үлкен үміт күтіп отырғанын атап өтейік. Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко айтып өткендей, Сирия мәселелері бойын­ша келіссөздердің дәл межеленген уақытында басталғаны процеске қатысушылардың оған ерекше мән беріп отырғанын білдіреді, ал бұл өз кезегінде келіссөз жемісті өтеді деген сенімді арттыра түседі. Келіссөз қарсаңында журналистердің сауалына жауап берген Сыртқы істер министрінің орынбасары: – Сирия мәселелерін реттеу бойынша кездесу Ресей мен Түркия президенттерінің бастамасымен, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл ұсынысты қуаттауымен өтуде. Қазақстан келіссөздер жұмысына араласпайды, біздің еліміз тараптардың келіссөз жүргізуіне тиісті алаң ұсынып отыр, – деді. Жалпы, Астанадағы «жабық есік» жағдайында өтіп жатқан кездесуді халықаралық қоғамдастық оң қабылдап, Сирия жеріндегі дағдарысты еңсеруге игі ықпал етеді деген үлкен үмітпен қарап отыр. Қаңтар айының басында АҚШ-тың бұрынғы Мемлекеттік хатшысы Джон Керри Астанадағы келіссөздерді қолдайтынын мәлімдеген еді. Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко айтып өткендей, елші Джон Крол сынды тәжірибелі дипломаттың қатысуы бұл елдің осы ұстанымын айғақтай түседі. Елордадағы екі күнге созылатын келіссөздерге алыс-жақынды шет елдер құлақ түріп отыр деуге болады. Астанадан тікелей ақпарат тарату үшін шетелдік 320 БАҚ өкілі арнайы тіркеуден өткені осыны аңғартады. Одан бөлек, жергілікті 120 журналист осы шара үшін арнайы жарақталған баспасөз орталығында қызу жұмыс істеуде. Жалпы, Астана процесін алдағы ақпан айында БҰҰ аясында Женевада өтетін келіссөздердің баламасы деп қабылдамаған жөн. Бас қаладағы жиын Женева кездесуінің табысты өтуіне оң ықпалын тигізіп, алғышарттар жасауға тиіс. Яғни, Женева келіссөздерін толықтыра түсетін маңызды бөлігі деп қарастырған жөн. Осы орайда, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жуырда ғана: «Астанадағы кездесу БҰҰ аясында Женевада өтетін келіссөздерді жаңғыртудағы маңызды қадам», деп мәлімдегенін атап өту керек. Биылғы жылдың басынан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі мәртебесін иеленген Қазақстан алдағы екі жылда осы саяси органның құрамында жұмыс істейді. Ал Астана процесінің нәтижесі еліміз Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретіндегі жұмысында көрініс табатыны түсінікті. Қазақстанның Тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасыр ішінде аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде сындарлы саясат ұстанып келе жатқаны халықаралық қоғамдастық тарапынан әлдеқашан мойындалған. Сол себепті де, соңғы бірнеше жыл ішінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы сынды ірі халықаралық құрылымдарға төрағалық жасау мәртебесі бұйырды. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкінбаевтың пайымдауынша, елордада өзара үнқатысулардың басталғанының өзі зор маңызға ие оқиға. «Ең бастысы, өзара үнқатысу жүріп жатыр. Бұл ретте, біз осы үнқатысу алаңын ұсынған әділ брокер, бейтарап елміз. Түрлі тараптардың, Ресей, Түркия, Иран елдерінің, Сирия үкіметі мен сириялық оппозициялық топтардың белгілі бір сеніміне ие елміз. Яғни, біз барлық тараптармен жақсы қарым-қатынас орната алдық. Келіссөздерді одан әрі жалғастыру үшін Женева өте ыңғайлы алаң, тиімді инфрақұрылым саналады», – деді ол. Елордадағы екі күндік келіссөздер Сириядағы күрмеуі қиын түйінді әсте де тарқатпайды. Бұл – соған апаратын жолды іздеуге итермелейтін ізгі ниеттен туындаған бастама, яғни, халықаралық һәм отандық сарапшылар атап өткендей, бейбіт келіссөздер – Сирия түйінін тарқатудың ең тиімді жолы болып қала бермек. Әлем жұртшылығын алаңдатқан мәселенің бітімгершілік жолмен шешілуіне сүбелі үлес қосу Қазақстанның халықаралық аренадағы абырой биігін одан әрі асқақтата түсері сөзсіз. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»

Оқиғаға орайлас ой

Қазақстан – сенімді бітімгерші Николас де ПЕДРО, Халықаралық үдерістерді зерттеу орталығының ғылыми қызметкері (Барселона) Бізге осы келіссөздер Сирияда оқ атуды тұрақты тоқтатуға негіз қалай ала ма, әлде жоқ па, әзірше белгісіз. Ал келіссөздердің Қазақстанда өтіп жатқаны, сөз жоқ, бұл – айтарлықтай дипломатиялық табыс. Астана өзінің күрделі келіссөздерді қабылдауға қабілетті құрметті және сенімді бітімгерші ретіндегі рөлін нығайтып қана қоймай, үлкен дипломатиялық машыққа ие екенін айғақтап беріп отыр. Енді Сирия дағдарысы дипломатиялық тығырықтан шығуға қандай да бір ілгері қадам жасайды ғой деп үміттенеміз.   Аса сирек  кездесетін оқиға  Иван ТИМОФЕЕВ, Ресей халықаралық істер жөніндегі кеңесінің бағдарламалық директоры (Ресей) Қазақстанның сирияаралық келіссөздер жүргізудегі рөлі, менің көзқарасымша, бірінші кезекте араағайындық болып табылады. Қазақстан Сирия жанжалына тартылмағандықтан да күштердің барлық орталықтарымен достық қарым-қатынас қалыптастыра отырып, «жеке брокер» ұстанымында қала алады. Қазақстан кезінде Финляндияның үлесінде болған жүкті арқалап, енді өзін дипломатиялық бітімгерші ретінде көрсете алады ғой деп ойлаймын. Менің пікірімше, сирияаралық келіссөздердің өзі өте күрделі болады. Бұл жерде Мәскеудің, Анкара мен Тегеранның ұстанымдарын үйлестіру жоспарларының өзі қиындықтар туындататыны анық. Сирияның өз ішіндегі пікір қайшылығын да қаперден шығармаған жөн. АҚШ-тың рөлі де нақты айқындалмаған. Бірақ бүгінгі келіссөздердің өзі осыдан бір жыл бұрын көзге елестету қиын болатын жаңа саяси шындыққа айналғаны айтарлықтай табыс. Мәселені шешу үшін осындай аса жауапты келіссөздердің Батыс елдерінің тікелей қатысуынсыз өтіп жатқаны да өте сирек кездесетін оқиға.   Әлем назары  – кезекті мәрте елордада Нұрсұлтан АХМЕДИЯ, «Парасат» жүйелі зерттеулер институтының директоры Қабылдаушы жақ бол­ғаны­мен, жанжалды үдеріске тікелей қатыспайтын мемлекетке бірінің артынан бірі бірнеше мемлекет басшысы келіссөздер үшін алаң ұсыну туралы өтінішпен қайы­рылуы келіссөздер тарихында мүлдем кездеспеген оқиға десе де болады. Астананың келіссөз алаңы ре­тінде таңдалуы заманымыздың басты бітімгерші­лерінің бірі ретінде барлық елдің жоғары сеніміне ие Қазақстан Президентінің жоғары халықаралық бе­делінің нәтижесі екені – талас тудырмайтын аксиома. Және, әрине, еліміздің сыртқы саясат ведомствосы қызметкерлерінің, әсіресе, бәрін де осындай аса қысқа мерзім ішінде ұйымдастыра білген Қазақстан Сыртқы істер министрлігі қызметкерлерінің жоғары кәсібилігінің нәтижесі екенін де атап өткен орынды. Мұны, екінші жағынан, біздің дипломаттарымыз жүзеге асырған бейбіт ерлік десе де жарасады. Ұсынылған жұмыс пішімі, өткізу орны, кездесудің өзін ұйымдастыру – осының бәрі Астананың аталған келіссөздердің асқан ерекшелігін есепке ала келгенде, барлығының да бүге-шігесіне дейін жоғары деңгейде ойластырылғанын айғақтайды. Осы күндері әлем назары кезекті мәрте Астанаға ауып отыр.   Тараптардан саяси ерік-жігер күтіледі Анастасия РЕШЕТНЯК, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық  зерттеулер институтының сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік бөлімінің ғылыми қызметкері Бүгінде Астанада Сирия жанжалы бойынша келіссөздер процесі өтіп жатыр. Қазақстан астанасына Ресейден, Иран мен Түркиядан делегациялар, БҰҰ мен АҚШ-тан өкілдер жиналды. Келіссөздерде Сирия оппозициясы жанжалдың негізгі аймақтарында іс-қимыл танытып жатқан, сондай-ақ, жекелеген өңірлерді бақылауында ұстап отырған түрлі топтар өкілдерінен – барлығы 20 топтан құралған. Бұл іс жүзінде Сирияның бүкіл аумағында мәмілеге баруға дайын күштер бар екенін айғақтайды. Астана раунды түрлі құрам мен идеологиядағы топтардың Женева процесіне қаншалықты дайын екенін анықтауға мүмкіндік бермек және оң шешім жанжалдасушы барлық тараптың саяси ерік-жігері болған жағдайда ғана қабылдана алмақ. Қазақстан медиатор және келіссөздерді қабылдаушы жақ ретінде тараптарға барлық жағдайды жасап отыр деуіміз керек. «Жабық есік жағдайы» пішімі процеске қатысушылардан үнқатысуға деген үлкен ашықтықты, ұйымдастыру үшін үлкен күш-жігер жұмсаған Қазақстан СІМ-іне қатысты оң көзқарасты талап етеді. Сонда ғана келіссөзге қатысушылар арасында өткір мәселелер қалмайды ғой деп пайымдаймын.