• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
24 Қаңтар, 2017

Қатты қалдықтар қайта өңделеді

438 рет
көрсетілді

Қостанайда жерді, ауаны таза ұстауды мақсат тұтқан «жасыл міндеттің» қолға алынғаны көпшілікті қуантып отыр. Облыс орталығындағы «МАРТ» сауда-көңіл көтеру орталығына орналасқан «Технодом» сауда үйіне қызғылт сары түсті үш контейнер-жәшік қойылды. Оған тұрғындар істен шыққан батареялар мен ескірген электр құралдарды, жабдықтарды әкеліп тастайды. – Елімізде «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңна­малық актілеріне «жасыл экономикаға» көшуі мә­селелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданған болатын. Бұл заң шірімейтін қатты қалдықтарды басқару, ауаның ластануын, қоршаған ортаны жақсартатын және өмірдің экологиялық сапасын арттыратын институттық тетікке көшу шаралары секілді көптеген жұмыстарды қамтиды. Осыған сәйкес, бар өңірде қатты қалдықтарды арнайы жинау жұмыстары басталып кетті. Істен шыққан электрлік құралдар мен түрлі батареяларды жинау акциясын ұйымдастыру туралы Энергетика министрлігінің бас­тамасын қолдаған «Технодом» ірі сауда орталығы «Табиғатты сүйеміз, Қазақстанды сүйеміз!» жобасымен іске кірісті. Олар еліміздегі Алматы мен Аста­надан бастап, 26 қалада 126 контейнер қойған еді. Міне, жақсы іс Қостанайға да жетті, – дейді облыстық экология депар­таментінің мемлекеттік эколо­гиялық инспекторы Сер­гей Мұқашев. «Технодом» сауда орталығы қызметкерлерінің айтуынша, контейнерлер істен шыққан батареялар мен ескі электр құралдарына толғаннан кейін, оларды қайта өңдеу үшін зауыт­тарға жібереді. Өкінішке қарай, Қостанайда әлі мұндай қал­дықтарды өңдейтін зауыт жоқ. – Тұрғындар қазір сауатты, электр батареяларының табиғатқа қауіпті екенін түсінуі тиіс. Онда аса улы химиялық элементтер, сынап, ауыр металдар бар. Бір батарея 20 шаршы метр топырақты улайды, – дейді Сергей Мұқашев. Соңғы кездерде Қостанай көшелеріндегі, шағын аудан­дардағы қатты қалдық тас­тайтын орындарда полиэтилен құтыларға, қолданыстан шыққан лампаларға, шыны­ларға арналған контейнерлер пайда болды. Мұның барлығы «жасыл экономикаға» ғана емес, «жасыл әлемге» бастайтын жол болып табылады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ