• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
24 Қаңтар, 2017

Оқыту мазмұны оқушы шамасына лайық болу керек

949 рет
көрсетілді

Өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап мектептің барлық пәндерін ғылымның дамуына, өндіріс пен техниканың сұранысына лайықты етіп құру мақсатымен оқу мазмұнына өзгерістер енгізіліп, жаңа оқу материалдарымен толықтырылды. Оның салдары туралы Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының президенті А.Құсайынов «Орта білім жүйесіндегі дағдарыс: шығу жолдары» (Алматы, 2016) атты кітабында «XX ғасырдың аяғында мектепте оқылатын пәндер бойынша берілетін білім көлемі балалардың білімді меңгеру қабілетінен артып кетті», деп жазады. Шындығында да, мектепте оқытылатын оқу материалдарының шамадан тыс көбеюі оқушының оны атүсті, шала-шарпы ғана білуіне алып келуде. Оқушы білетін білім көп, бірақ білгені мардымсыз. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінде (26.10.2016) Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова «сабақ мазмұнының көптігінен мұғалім өткен сабақты тиянақ­тай алмай жатып, жоспардан қала­мын деп екінші тақырыпты бастап кету оқушының ынтасын арттыру бы­лай тұрсын, пәнге беттей алмай қалады», деп қазіргі кездегі мектептегі оқыту жағдайын дәл сипаттайды. Мұғалім оқушыларға қажетті білімдерді сабақ үстінде оқытып үлгере алмайтындықтан материалдың көп бөлігін үйге тапсырма ретінде береді. Үйге берілген тапсырмаға оқушылардың көпшілігінің шама-шарқы жетпегеннен кейін, оны оқып-білуге деген ықыласы да жойылады, келе-келе тіпті әрекет те жасамайтын болады. Үйге берілетін тапсырмалардың мөлшері туралы ережелер сақталмайтын болғаны қашан! Бастауыш мектептің өзінде де ондай ереже орындалмайды. Көптеген Еуропа елдерінде, АҚШ-та да оқушылардың білім дәрежесі нашарлап кеткендігі айтылып жүр. Ресейлік «Математика» (желтоқсан, 2013) журналының бас редакторы Л.Рослова бір сайтқа сілтеме жасап, осыдан 100 жыл бұрын Американың Кентукки штатының Булит округінің ауылдық жерлеріндегі 8-сынып оқушылары емтихан тапсырғаны туралы жазады. Сол кезде ұсынылған материалдарды «ABC News» телеканалының тілшісі әртүрлі жастағы қарапайым ересек америкалықтар мен мектеп оқушыларына орындауға ұсынған. Олар тапсырмаларды орындай алмай, өте қиын екен деп мойындаған. Сонда осыдан 100 жыл бұрын оқушылар орындай алған тапсырмалар қазіргі заман оқушылары үшін неге сонша қиынға соғады? АҚШ-та мұндай жағдайдың орын алуы баспасөз беттерінде қызу талқылау туғызыпты. Бір басылымның шолушысы мұндай жағдайдың орын алуын «Америкалықтарды әдейі топастандыру» деп те жазыпты. Оның ойынша, америкалықтардың әрбір ұрпағының алдыңғылармен салыстырғанда ұғыну дәрежесі кеміген үстіне кеміп барады екен (осындай жағдайды біз де басымыздан кешіп жатқан жоқ па екенбіз деген ой да қылаң беріп қалады). Демек, қазіргі кездегі оқушылар білімінің төмендеп кетуінің себебін мектептегі оқу мазмұны оқушы шамасына лайық па дегеннен іздеу керек шығар. Олай дейтініміз, білім мазмұнын заман талабына, ғылымның дамуына сай құру идеясының тиімсіз екендігін соңғы жарты ғасырлық мектеп тәжірибесі дәлелдеп берді. Өткен ғасырдың екінші жартысында мектептегі математикалық білімдерді жаңғырту нәтижесінде алдымен үлкен көлемде жоғары математика, кейін 90 жылдары ықтималдықтар теориясы мен математикалық статистика элементтері енгізілді. Бірақ, математика пәнін оқытуға бөлінген сағат саны өзгеріссіз қалды. Оқушылардың дәстүрлі оқу материаладарын игеру, жаттығулар орындап дағдылану мен есеп шығарып төселу мүмкіндігі азайды. Педагогтар оқушылар білімінің төмендеп кету себептерін оқыту әдістемесінің оқу мазмұнына сай келмуінен іздей бастады. Сөйтіп заман талабына сай қысқа мерзім ішінде оқушы үлкен көлемдегі білімдерді игере алатындай етіп оқыту әдістемесін жетілдіру керек болды. Нәтижесінде оқытуды интенсивтендіру, технологияландыру, оңтайландыру, педагогикаландыру дегендер шықты. Бірақ мектептегі білім беру ісі оңалмады. Оқу материалын игеруді тездету мақсатымен енгізілген техникалық оқу құралдарын қолдану мен кабинетттік жүйе де, білім беруді компъютерлендіру де тиісті нәтиже бере қоймады. Оған қосымша, бүкіл ғылыми-әдістемелік зерттеу жұмыстары мектепке жаңадан енгізілген тақырыптарды оқып-үйрену мәселесіне жұмылдырылды. Дәстүрлі тақырыптардың әдістемесі әбден қалыптасқан деп есептеліп, оларды оқыту ерекшеліктері тасада қалып қойды. Кейінгі жарты ғасыр төңірегінде математика пәнінің нақтылы тақырыптарын оқытуға арналған әдістемеге жеткілкті дәрежеде көңіл бөлінбеді. Орыс тілді мұғалімдердің ертеректе шыққан кітаптарды өз жұмысында пайдалануға мүмкіндігі болды. Ал қазақ тілінде ондай кітаптар болған емес. Әлі де жоқ! Математикалық білім беру реформасы нәтижесінде ең көп зардап шеккен арифметика болды. Тек бізде ғана емес, дүние жүзінде арифметикалық білім мен арифметикалық мәдениет күрт төмендеген. Оған негізгі себеп калькулятор болатын. Егер барлық арифметикалық амалдарды калькулятор арқылы оңай ғана есептейтін болсақ, онда уақыт кетіріп оқушыларды ауызша, жазбаша есептеулерге үйретудің қажеті бар ма дегендер де болды. Әйткенмен, көптеген заманауи есептеу технологияларының өзі арифметикалық заңдылықтарға сүйеніп жұмыс істейтінін ескеру керек. Екіншіден калькулятор кейбір сандармен арифметкалық амалдарды (мысалы, жарты мен үштен бірді қосуды) орындай алмайды. Ауызша немесе қағазға жазып амалдарды орындай алу адам мәдениетінің ажырамас бөлігі екендігін де ескермесе болмас. Мектеп оқушы жеке мүмкіндігіне, қарым-қабілетіне, қызығушылығына қарай оқыту жөнінде ізгілікті бағыт ұстанғанымен, оны асыра сілтуге де болмайды. Бастауыштан бастап оқылатын пәндерді инвариантты және вариативті деп бөлудің де, оларға арнап таңдау пәндерін енгізудің қажеті жоқ. Бастауыш мектепте оқушылардың қазақ тілі мен математикадан тиянақты білім алуына баса назар аударылғаны жөн. 1-сыныпта табиғаттанудан алғашқы мәліметтер беру бірінші кезекте әліппе арқылы, одан кейін қазақ тілі мен әдебиет, математика пәндеріндегі пәнаралық байланыс нәтижесінде жүзеге асыру мүмкіндігі мол екендігін де ескеру қажет. Баланың жас ерекшелігін есепке алмаса болмайды. Мысалы, жаратылыстану немесе дүниетану т.б. пәндер оқушы оқу-жазуды еркін меңгергеннен кейін енгізілгені жөн болар еді. Мектептегі оқу мазмұнын анықтауға бағыт-бағдар беретін құжат мемлекеттік білім беру стандарт екені белгілі. Бастауыш білімнің жаңа стандартының да, оған сәйкес жасалынған математика бағдарламасының білім мазмұнына ешқандай да жаңалық әкеле қоймағаны туралы айтқанбыз («Егемен Қазақстан», 14.06.2016). Өкінішке орай, Үкіметтің №292 қаулысымен бекітілген негізгі және орта білім стандарттарынан да математикалық білім мазмұнын дәл анықтау мүмкін емес. Ондағы білім мазмұны мен оқыту мақсаттары арасындағы ара жікті ажыратудың өзі қиын. Пәнді оқытуды жақсарту үшін бірінші кезекте қажетті және жеткілікті білім мазмұнын анықтап алу керек, одан кейін оларға бөлінген қажетті сағат көлемі анықталады (немесе керісінше де болуы мүмкін). Жаңа стандарт жасаушылар бірнеше пәнді біріктіріп, бір атпен атап сағат санын қысқартуды жоспарлап жүр. Бірақ әрбір пәнді оқыту мазмұны сол күйінде сақталған. Мысалы, математика мен информатика қосарланып аталғанымен, негізінен алғанда, математика мазмұнында өзгеріс жоқ. Бірақ математиканы оқытуға қажетті бір сағат информатикаға берілген. Демек, информатика пәні математиканың есебінен оқытылады. Мектеп баланың ақыл-ойы мен дене бітімін дамытуды мақсат етіп қоятыны белгілі. Мектептің сабақ кестесінде білімділік пәндер ғана болуы тиіс. Сабақ кестесінде тұрған дене тәрбиесі пәнінің оқушының дене бітімі мен денсаулығы үшін пайдасы шамалы. Шешініп-киінуге уақыт кетеді, қатарға тұрғызып тексеру керек т.т. Одан шығып келесі сабаққа алаөкпе болып келген оқушыдан қандай нәтиже күтуге болады? Сондықтан бұл пән арнайы кестемен, сабақтан тыс кезде, оқушылардың қалауы бойынша, түрлі дене шынықтыру шаралары арқылы аптасына үш реттен жүргізілсе тиімділігі әлдеқайда жоғары болар ма еді? Өзін-өзі тану түрлі пәндердің жиынтығы болғандықтан оған әдейі арнап сағат бөлуді де ойлану керек шығар шамасы. Досымхан РАХЫМБЕК, педагогика ғылымдарының докторы, профессор