«Егеменнің» поштасына Қарақалпақстаннан хат келді. Оны бауырлас халықтың бүгінгі әдебиетінің белгілі өкілі, ақын Сағынбай Ибрагимов жолдапты. Қазақ мәдениетіне, біздің ұлттық руханиятымыздың толағай тұлғаларына деген ізет-ілтипатқа толы осынау толғамды эссе-мақаланы оқырман қауымға орыс тілінен аударып ұсынуды жөн санадық.
Кеңес заманының соңғы отыз жылында көршілес түркітілдес халықтарға – қырғыз, қарақалпақ, башқұрт, татар, тағы басқаларына қазақ мәдениетінің ықпалы аса зор болғаны анық. Осынау ғаламторға дейінгі қамсыз-мұңсыз шақта біз, өңірдегі тағдырлас көршілер, қазақ мәдениетін радио мен түрлі басылымдар арқылы танып білдік.
Жетпісінші жылдары, жаздың ыстық күнінде Мойнақ көшелерімен келе жатсаң, әрбір екінші үйдің ауласынан қазақ музыкасы естілетін. Арал теңізінің түстік жағалауындағы бұл Мойнақ түбегіне сонау алыс жылдарда әуелі Орал казактары қоныстанған екен. Ал 1932-33-жылдардағы большевиктік ашаршылық нәубетінен кейін бұл жерден, сондай-ақ, бүкіл Хорезм жазирасынан батысқазақстандық қазақ босқындары пана тапты. Мұндағы мектептер балаларды қазақ тілінде оқытты. Жұрттың барлығы дерлік қазақ тілінде шығатын газеттер мен журналдарды жаздырып алатын. Жергілікті кітап дүкеніне Қазақстан баспаларының өнімдері жиі түсіп тұратын. Ол кезде қазақтар Мойнақ тұрғындарының 60 пайыздан астамын құрайтын. Жақында алапат экологиялық апаттың кіндігінде қалған осы қалашыққа жолым түсті. Қаңыраған үйлерді, үңірейген терезелерді көрдім. Жергілікті қазақтардың басым көпшілігі атамекеніне қоныс аударып көшіп кеткен.
Кеңес кезіндегі қазақ диаспорасының Қарақалпақстанда да, басқа республикаларда да өз мәдениетін дамытуға тамаша мүмкіндігі болды. Олар өз балаларына туған халқының ұлы перзенттерінің есімдерін берді. Сөйтіп, әр үйде Абайлар, Бауыржандар, Мұхтарлар, Сәбиттер, Олжастар, Мәншүктер, Күләштар мен Розалар өсіп келе жатты.
Қазағы басым нақ осы қарақалпақ қаласында мен қазақ мәдениетінен сусынымды қандырдым.
Өткен ғасырдың 60-80-ші жылдары қазақ мәдениеті түркітілдес дүниенің – соның ішінде қарақалпақ халқының да рухани қайнарларының біріне айналды. Біздің саны аз, санатқа ілінбеген республикамызда әлем мәдениетінің таңдаулы шығармаларын өз тілімізге тәржімалайтын кадр да, қаржы мүмкіндігі де болмады. Сол себептен біз Шекспир мен Стендальді не қазақ, не болмаса өзбек тілінде ғана оқи алатынбыз. Орыс тілін қарақалпақтар онша меңгере қоймаған-ды. Қарақалпақстанның бүкіл шығармашылық зиялы қауымы өз үйлеріне «Жұлдыз» және «Жалын» әдеби журналдарын, «Қазақ әдебиеті» газетін және басқа басылымдарды жаздырып алатын. Біз қазақ жазушыларын өзіміздің төл қаламгерлерімізбен бірдей біліп өстік.
Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» атты ұлы кітабын бала кезімде мектеп кітапханасынан алып, рахаттанып оқығаным әлі есімде. Әнуар Әлімжановтың қазақ тілінде шыққан «Махамбеттің жебесі» романын Қоңырат қаласында сатып алып шаттанып тұрғаным да бүгінгідей көз алдымда.
Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуін» қаншама рет қайталап оқыдым десеңізші. Қазақтың қызыл сұңқары жаңа билік жолында өз өмірін қаншама рет бәйгеге тікті, кейін сол өзі құрған жүйенің қолынан қайғылы қазаға ұшырады. Осы бір жалынды революционер, ақын және жазушының бейнесін өзінің шәкірті және досы Сәбит Мұқанов үлкен махаббатпен жасап шыққан. Сәбең де қазақ мәдениеті тарихындағы тұтас бір дәуір. Сәкеннің екінші бір ізбасары, сөз зергері Ғабит Мүсірепов «Кездеспей кеткен бір бейне» атты поэма-повесінде қазақтың сұңқар серісінің ұмытылмас бейнесін Еркебұлан есімімен мүсіндеуі де керемет.
Сәкен Сейфуллин және оның буыны көп қасірет шеккен қазақ жерінде жаңа қоғам орнату үшін, ақиқат пен әділдікті орнықтыру үшін күресті. Дәл осыны олардың рухани ізашарлары Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев та армандаған болатын.
Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» мемуарлары қазақ халқының баға жеткісіз мәдени байлықтарының бірінен саналады. Дәстүрлі қазақ тұрмысының дәл сондай басқа энциклопедиясын енді ешкім тудыра да алмайды. Мысалы, мен қазір классиктің алты томдық шығармалар жинағының бірінші томын қолыма алып, ондағы өзім астын сызып оқыған қазақтың байырғы ұғымдарын, көне сөздерді, афоризмдерді көзайым етіп отырмын. Бұлар қазақтың туысы қарақалпақ үшін де қымбат.
Қазақ мәдениетінде мені толғандырып жүрген бірнеше сюжеттер бар. «Алашорда» туралы, осы ұйымның басты қайраткерлерінің тағдыры туралы іргелі тарихи еңбекті оқығым келер еді. Әрине, Алаш арыстарына деген, осынау мәдени-саяси қозғалыстың толағай тұлғаларына деген Сәбит Мұқановтың көзқарасын мен білемін. Бұл текетіресте әркімнің өз шындығы болған да шығар. Екі жағы да – қазақ қоғамының ұлы адамдары. Амал не, жолдары екі айырылғанына қилы заман кінәлі шығар.
Тағы бір қызығушылығымды тудырған жайт туралы айтсам, қазақ мәдениетінің үш ірі өкілінің: ағартушы Біләл Сүлеевтің, ақын Ілияс Жансүгіровтің және жазушы Мұхтар Әуезовтің музасы болған Фатима Ғабитова тағдырын өз романының арқауына айналдырар қазақ жазушысын күтіп жүрмін...
Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романын Нөкіс жастары бір-бірінің қолынан жұлып оқыған жетпісінші жылдардағы керемет әсер еш ұмытылмақ емес. Бұл роман қазақ әдебиетіндегі тұңғыш бестселлер еді. Түркітілдес оқырмандар үшін ол біздің нағыз «Жүз жылдық жалғыздығымызға» айналды. Әсіресе, студенттер бұл кітапты есі кете оқыды. Осындай тамаша кітаптар біздің өмірге деген көзқарасымыз бен сезімдерімізді тәрбиеледі. Қазақ әдебиетінің ұлылығы осында деп білемін.
Менің сүйікті жазушым Оралхан Бөкеев өзінің Алтайын қалай сүюші еді?! Мен «Қар қызы» хикаятындағы Нұржанмен, Аманжанмен және Бақытжанмен бірге қарлы қыста ДТ-54 тракторымен биік таулы жайылымдағы шөпті әкелуге бара жатқанымды көзіме елестетемін. Совхоздың малы ашығуда. Мұнда соңғы үш жыл қатарынан құрғақшылық болған. 23 жастағы жігіттер еш ойланбастан осы қауіпті жолға шыққан. Олар екі күн бойы ажалмен арпалысып жеңіп шығады. Бірақ, осы сапардан кейін олардың әрқайсысының тағдыры әр тарапқа тартып, жолдары айырылады.
1946 жылы туған оларға бала кезінде аналары сендер майдангердің ұлдарысың деген екен. Есейген соң соғыс балалары өздерінің әкелері 1943 жылы қаза тапқанын білген. Бірақ, олар өздерінің шығу тегіндегі шикіліктер үшін өз аналарын кінәламақ емес. Ол үшін сұм соғыстан басқа ешкім кінәлі емес. Оралхан өмірдің осынау қайшылықтары туралы ой толғайды.
Мен Оралхан Бөкеевтің орыс тіліндегі тәржіма туындыларын да оқыдым. Олар Бөкеев прозасының сұлулығы мен терең мазмұнын бере алмайды. Тамаша жазушының біздің арамызда аз ғұмыр кешкені де өкінішті. Егер ол тірі болса, мен онымен бірге қазақтың Алтайына барар едім. Студенттік кезімде бұл өлкеге Ресей жағынан келген едім. Ол өлкенің табиғаты мен адамдарын сүйіп қалып едім.
Бірде Мәскеудегі Руставели көшесінде, біздің әдебиет институтының жатақханасымен көршілес азық-түлік дүкеніне кірдім. Кезекте тұрған бет-әлпеті шығыстық ұзын бойлы кісі мені көзімен ымдап шақырып, өзінің алдына жіберді. Дүкеннен шыққаннан кейін таныстық. Ол М.Горький атындағы әдебиет институты жанындағы жоғары әдеби курстарда оқуға келген қазақ жазушысы Сәтімжан Санбаев екен. Кейін Мұрат Әуезовтің бір сұхбатынан оның кеңестік кезеңде Сәтімжан Санбаевтың Мақаттағы ата-анасының үйінде бір жарым ай жатқанын оқыдым. Мұрат Мұхтарұлы сол кезде күнделік жазған екен. Ал Сәтімжан ағаның о дүниелік болғанын жақында ғана естідім. Иманы жолдас болсын!
Жалпы, орыстілді қазақ жазушылары қазақ мәдениетіндегі үлкен құбылыс. Олар – Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменов, Сәтімжан Санбаев және басқалар.
ХХ ғасырдағы қазақ мәдениеті бүкіл Орта Азия халықтары үшін жаңа зайырлы мәдениеттің үлгісін ұсынды. Бұл үшін қазақ халқында барлық алғышарттар бар болатын. Басқа ортазиялықтарға қарағанда, олар орыс тілі арқылы еуропалық мәдениетке неғұрлым жақынырақ тұрды. Кеңес билігі өз мәдениетін зайырлы қағидаттар тұрғысынан дамытуға мүмкіндік берген кезде қазақ интеллигенциясы рухани ерлік жасады. Қысқа уақытта социалистік реализм бұғауынан құтылып, толыққанды ұлттық мәдениет тудырды. Әлбетте, бұл ұлы әдебиетті мен біршама жақсы білемін. Ол дегеніңіз – Қадыр Мырзалиевтің, Тұманбай Молдағалиевтің, Мұқағали Мақатаевтың, Төлеген Айбергеновтің поэзиясы. Ол дегеніңіз – Әбіш Кекілбаевтың, Мұхтар Мағауиннің, Дулат Исабековтің, Оралхан Бөкеевтің, Ақселеу Сейдімбековтің прозасы. Олардың шығармалары әлемдік деңгейдегі әдебиеттермен қатар тұр.
Ресейде оқыған кезімде қазақ мәдениетінің сол кездегі Кеңес Одағының көптеген түркі тілдес халықтарына, татарларға, башқұрттарға, ноғайларға, түрікмендерге және басқаларына игі ықпал жасағанын өз көзіммен көрдім. Кеңес Одағы құлағаннан кейін қазақ мәдениетінің көршілес түркітілдес халықтарға ықпал ету арнасы жұтаң тартты. Ташкенттегі немесе Қазандағы жолдас жазушылармен шүйіркелескен кезде олардың қазіргі қазақ әдебиеті туралы ештеңе білмейтінін байқаймын. Түркітілдес республикалар арасында әдебиет және мәдениет күндерін өткізу дәстүрлері тоқтады. Мұның бәрі өкінішті.
Тасқа басылған кітаптың күні өтіп бара жатқан заманда өзіміздің Қарақалпақстанда қазақ мәдениетінің хал-жайын ғаламтор және спутниктік теледидар арқылы бақылап отыруға мүмкіндігіміз бар. Ал қазақ тіліндегі баспа өнімдерін, газеттер мен журналдарды көрмегелі ширек ғасырдың жүзі болды.
Қазақтар өзінің болмыс-бітімі жағынан кең далада көшпелі ғұмыр кешкен ашық қоғамның өкілдері. Көршілес республикалар үшін Қазақстанның қазыналы мәдениетінің ықпалы әрқашан маңызды. Сондықтан, сол шарапатты ықпалды жаңа технологиялық деңгейде ұйымдастыру қажет деп білемін. Бұл – бүгінгі уақыт талабы. Көшпелі оттың сәулесін көршілер сағынып отыр.
Қарақалпақстан Республикасы,
Нөкіс қаласы