• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Қаңтар, 2017

Ауылдағы агрокластер

418 рет
көрсетілді

Өңірде ауыл шаруашылығының егіз саласы егіншілік пен мал өсіруді қанаттастыра табысты жүргізіп отырған бірден-бір шаруашылық құрылымы ол – «Кең дала-ТАС» ауылшаруашылық кооперативі десек қателеспессіз, сірә. Бұл кооперативті агрофирма, тіпті қазір жиі айтылатын агрокластер деуге әбден келеді. Кооперативтің негізі «Степное» ЖШС-ден бастау алады. Осы серіктестікті отыз жылдан астам басқарған Аманғос Төлеуов ауыл шаруашылығында жаппай жекешелендіру жүргізілгенде де, одан кейінгі күрделі кезеңдерде де шаруаны ұтырлы ұйымдастырып, өндірісті нығайтып қана қоймай, оны кеңейтуге қол жеткізді. Қазір осы ауылшаруашылық кооперативінің құрамына «Степное», «Атамекен нан-2000», «Агросервис Ащылысай», «Қосестек агро», «Алтын астық» астық қабылдау пункті» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және «Мақсат -88» шаруа қожалығы кіреді. Қалдықсыз технологияға негізделген агрокластерде ауылшаруашылық өнімдері терең өңделеді, тұтынушыға дайын өнім күйінде ұсынылады. Қазір ірі агроқұрылымдардың ғана бәсекелестікке төтеп беретінін, өзің өндіргенді шикізат күйінде емес, түпкі өнім ретінде тұтынушыға ұсынсаң ғана тиімді болатынын нарық талаптары алға тартып отыр. Кезінде арнаулы мамандандырылған шаруашылық бірлестігі, кеңшар, өндірістік кооператив сияқты атаулармен маңдайшасын ғана өзгерткен серіктестік ұжымдасып жұмыс істеудің үрдісінен айныған емес, үнемі ілгерілеумен келеді. Мұның өзі «Кең дала-ТАС» ауылшаруашылық кооперативінің төрағасы А.Төлеуовтің білікті басшылығының, өндірісті шебер ұйымдастыруының арқасында мүмкін болғанын айту орынды болмақ.  

Бабы келіссе, өспейтін дақыл жоқ

Егіншіліктің тәуекелді аймағына орна­ласқандықтан агротехникалық шараларды қатаң сақтап, ғылыми жаңалықтарды, озық технологияны енгізбесе, өнімділігі жоғары техникаларды пайдаланбаса бұл саланың қайтарым беруі екіта­лай. Кооперативке біріккен серіктес­тіктердің 40 мың гектарға дейін егіс салуға мүмкіндігі бар. Алайда, көлем қуатын кез емес. Сондықтан агро­техникалық талаптарды сақтай отырып, мейлінше жоғары өнім алынады-ау деген алқаптарды игеруге бағыт ұсталуда. Шыны керек, 2016 жылғы жаз жауын-шашынды болды, серіктестіктер 30 мың гектарға дәнді дақылдар егіп, гектар түсімділігін 16,5 центнерден айналдырды. Төрт танапты егіс айналымына бірінші жылы шөптік дақылдармен бірге күнбағыс, жүгері, донник, рапс егуді тәжірибеге енгізді. Топырақтың құнарлылығын және арамшөптен тазалығын сақтау мақсатында жүргізілген жұмыстар өз нәтижесін беріп келеді. Ылғал сақтағыш технологияны енгізу де қуаңшылық жағдайында тұйықтан шығуға негіз қалады. Кооператив құрамындағы «Степное» ЖШС облыстағы бірден-бір элиталы тұқым шаруашылығы ретінде ауылшаруашылық құрылымдарына бірінші репродукциялы сапалы элиталы тұқымдық астығын сатып, пайда көзін толықтыруда. Егіншілікте ылғал сақтағыш технологияны енгізуге байланысты өнімділігі жоғары жаңа техникалар сатып алынды. Шаруашылықтағы 60 мың шаршы метр асфальт төселген арнаулы қырманы, 2500 тонна астық кететін қоймалары осыншама астықты құт қамбаға ысырапсыз құйып алуға мүмкіндік берді. Оның басым бөлігі сыйымдылығы 45 мың тонна астық қабылдау пунктінде сақталуда. Қазір Чехияның «Прокоп» диірмен кешенінде тәулігіне 50 тонна жоғары және бірінші сортты ұн тартылады. Пайданың көзі өңделген өнімде екенін түсінген кооператив басшысы өндірісті одан әрі кеңейтуге бағыт ұстанды. Ол Бадамшада тәуліктік қуаты 3 тонна өнім шығаруға жететін наубайхананы іске қосты. Іскер басшы астық өңдеу қуатын арттырудың, мейлінше дайын өнімдерді молайтудың жолдарын қарастырды. Сөйтіп, Ақтөбе қаласында нан-бөлке шығаратын жоғары технологиялы «Атамекен нан-2000» ЖШС-нің нан зауыты іске қосылды.Оған Италия қондырғысы орнатылған, бәрі автоматты жүйемен басқарылады. Жылына 17 мың тонна өнім өндіретін «Атамекеннің» 30-ға жуық түрлі нан-бөлке бұйымдарына сұраныс жоғары әрі өзгелерге қарағанда арзан. Өздерінің кулинарлық дүкенінде осыншама түрлі торттар, тәтті нандар, тоқаштар мен бөлкелер пісіріледі.  

Мол табыстың көзі – мал

Жері құнарсыздау, жауын-шашыны аз түсетін бұл аймақта екі-үш жыл қатарынан қуаңшылықтың тұрып алатыны да бар. Мұндайда «Баққанға бітетін малдың» бәсі артатыны жасырын емес. – Ауыл шаруашылығының егіз саласын емген ғана табыстың тайқазанын тасытады деп білемін. Қуаңшылық жиі болатын біздің өңірде мал өсірудің өзіндік пайдасы бар. Әрине, ол үшін мал өнімдерін де өңдеп, дайын өнім түрінде өткізу керек, – дейді білікті басшы. Қазір шаруашылықта 2 мыңдай ірі қара, оның 900-ге жуығы сиыр, 900-ге тарта жылқы, 3000 қой ұсталуда. Өткен жылы мұнда жүз сиырдан 85 бұзау алынды. Бұл ірі қара табынын толықтыруға алғышарт жасады. Мұнда бір мезгілде 400 ірі қара семіртетін мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Жылына 1000 ірі қара бордақыланып, ет өнімдері өңделеді. Бордақылауға қойылған әр ірі қараның тәуліктік салмақ қосуы 1келіге дейін жетеді. Егіншілікте де, мал шаруашылығында да кластерлік жүйе қалыптасқан кооперативте ауылшаруашылық өнімдерін тереңдетіп өңдеу жолға қойылған. Мал сою цехында өңделген шұжық, қазы-қарта, жал-жая, ыстал­ған ет сияқты 30-ға жуық түрлі ет өнімдері қала­дағы «Атамекен нан-2000» ЖШС-нің дүкендеріне күнара шы­ғарылады. Олардың бағалары да арзан әрі дәмді, сон­дықтан да өтімді. Облыс орталығындағы жәр­мең­келерде серіктестіктің ет-шұжық өнімдерін қыл үсті­нен бөліп алып кетеді, сүйек-саяқ, ішек-қарын да кәде­ге жар­а­тылады. Шаруашылықта қымыз, шұбат өндіріледі. Серіктестіктер мен шаруа қожалығында еңбек етуге барлық жағдай жасалған. Егемендіктің елең-алаңындағы қиын кезеңде ауылдағы әлеуметтік-мәдени нысандарды серіктестік есебінен ұстаған А.Төлеуов оларды шашау шығармай жергілікті биліктің құзырына ұстатты. Бұл ауылдарға қаладан қоныс аударушылардың шығуы да осындай тәуір тұрмыстық жағдайдың жасалуының ықпалы деу орынды. Ол қаладан ауылға қоныс аударушыларға жұмыс қана тауып бермей, тұрғын үймен қамтамасыз етіп, қорасына мал кіргізіп, бірден қатарға қосылып кетулеріне қолдау көрсетеді. «Кең дала-ТАС» ауылшаруашылық кооперативіне қарасты шаруашылық құрылымдарында 1000-ға жуық адам еңбек етеді. Ал оларда өндіріліп, өңделген жүзге жуық ет-шұжық, нан-бөлке және кулинарлық өнімдерді жүз мыңдаған ақтөбеліктер ғана емес, көршілес өңір тұр­ғын­дары да тұтынады десек артық айт­қан­дық болмас. Ауылдағы агрокластердің ар­шынды қадамы басқаларға өнеге болғандай. Ауылда жұмыс жоқ емес, бар, тек оны ұтырлы ұйымдастырып, ұтымды пайдалана білу керек. Бұған «Кең дала-ТАС» ауылшаруашылық коо­перативінің бүгінгі тыныс-тіршілігі дәлел.  Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданы