шалғайдағы ауданда өз жұмысына қайта кірісті
Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың шешімімен Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның орталығында орналасқан уақытша ұстау оқшаулағышы халықаралық талаптарға сай келмегендіктен жабылған болатын. Оның қызметкерлері ұсталған азаматтарды біржарым жыл бойы басқа аудандарға жеткізіп, бірқатар қиындықтар туындаған.
Енді бұл мәселе түпкілікті шешімін тапты. Уақытша ұстау оқшаулағыштары былтыр Тимирязев, Тайынша аудандарында ашылса, енді он екінші мекеме Новоишим кентінде жаңартылып, пайдалануға берілді. Ғимаратта 12 кереуетке шақталған үш камера, медицина кабинеті, тергеу бөлмесі, санитарлық өткізу бекеті, серуендеу ауласы жұмыс істейді.
Аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Айдос Едіресовтің айтуынша, жергілікті биліктің қолдауымен мекеме қысқа мерзімде қалпына келтіріліп, барлық нормативтік актілерге сәйкестендірілген.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы