• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
27 Қаңтар, 2017

Өскеменде әр оқушыға қауіпсіздік картасы беріледі

908 рет
көрсетілді

Өскеменде қалалық прокуратура мен қалалық білім бөлімі, қалалық әкімдік бірлесе әзірлеген «Қауіпсіз бағыт» аталатын жоба аясында арнайы карта дайындалып, қолданысқа енгізілмек. Картада оқушының үйден мектепке, мектептен үйге дейін қандай жолдармен, қандай көшелермен жүру керектігі, оқушы тұратын аудан мен оқушы білім алатын мектептің аумағы, сол маңайдағы оқушыларға қауіп тудыруы мүмкін деген орындардың (сыраханалар, арақ-шарап сатылатын дүкендер, дұрыс жарықтандырылмайтын аумақтар мен көлік тұрақтарының маңайы) барлығы көрсетілетін болады. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың дені оқушылар сабаққа бара жатқанда немесе келе жатқанда болатынын айтады. Сондықтан бұл жобаның оқушылардың қауіпсіздігіне септігі тиетініне сенімді. 2016 жылдың желтоқсан айында қаланың барлық мектептерінде осы мәселені пысықтау мақсатында ата-аналар кеңесі өткізіліп, білім ұйымдарының өкілдері полицейлермен бірге мектепке дейінгі қауіпсіз бағыттардың жобасын әзірлепті. Жоба авторларының сөзіне сенсек, бұл карта шаһардағы әр мектептің оқушысына тапсырылады. 1-ші сыныптан бастап 11-ге дейін. Яғни, бірде бір оқушы назардан тыс қалмайды. Арнайы әзірленген карта қолайлы болу үшін оқушының күнделігіне жапсырылмақ. Бұл жобаның тағы бір тиімді тұсы бар. Шаһардағы оқушылар үшін қауіпті деген жерлерге қатысты жинақталған деректер негізінде «Қала мектептерінің картасы» әзірленбек. Қала билігі осы карта арқылы кейбір көшелерге жарық орнатып, шаһардың кейбір тұстарындағы қалың ағаштарды кесу секілді жұмыстарды жүргізуді көздеп отыр. Әрине, мұның бәрі оқушылардың қауіпсіздігін ойлағаннан туған қам-қарекет екені анық. -"Балалардың тәрбиесіне неге тек мектеп қана жауап беруі керек? Бұл мәселеге қоғам болып атсалысуымыз қажет" деп жиналыстарда жиі айтып жүретін едім. Міне, енді осы мәселеге құзырлы орындармен бірге біздің де атсалысып жатқан жайымыз бар. Қаладағы оқушыларға қолайсыз жерлердің барлығын ата-аналармен бірге мұқият зерттедік. Бейнекамера орнататын орындарды да анықтадық. Қақпағы ашық жатқан люктар мен иесіз үйлерге дейін бірін қалдырмай картаға енгіздік. Өйткені, баланың қауіпсіздігі мәселесіне келгенде ұсақ-түйек, үлкен-кіші деген дүние болмауы керек, - дейді Өскемен қалалық білім бөлімінің басшысы Мәдениет Ахметова. Қалалық білім бөлімінің басшысы картаны әзірлеу барысында Өскеменде жарықтандырылуға тиіс 1362 орынды анықтағандарын айтады. Егер жоба сәтімен жүзеге асатын болса, қаладағы оқушылардың қауіпсіздігімен қатар кейбір тұрғындарды әуре-сарсаңға салып жүрген көшелерді жарықтандыру, тағы да басқа өзекті мәселелер өз шешімін табатын болады. Азамат Қасым, «Егемен Қазақстан» Өскемен