Биылғы оқу жылының алғашқы жарты жылдығында еліміздегі жетекші екі оқу орны – Алматы энергетика және байланыс университеті (АЭжБУ) мен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде (ТарМУ) «Климат өзгерісі» және «жасыл экономика» атты жаңа курс енгізілген болатын. Аталмыш қанатқақты курс нәтижелерін қорытындылау және жалпы оқу бағдарламасына енгізу мақсатында Қазақстан жоғары оқу орындарының пән өкілдері арасында арнайы талқылау өтті.
«Тұрақты дамуға ықпал ету орталығы» қоғамдық қоры ұйымдастырып отырған «Жоғары оқу орындарына «Климат өзгерісі және «жасыл экономика» курстарын енгізу» деп аталатын дөңгелек үстел USAID KSSMR шеңберінде әзірленген қазақстандық бағдарламаны негіз етіп алған.
Студенттер бойында адамзаттың экономикалық тұрғыдағы іс-әрекеті мен климат өзгерісі арасындағы тығыз байланыс және «жасыл экономиканы» енгізудің қажеттілігі туралы ұғымдарды қалыптастыруды, тұрақты дамумен, микро және макродеңгейдегі сапалы экономикалық өсіммен қамтамасыз ету аясында шешім қабылдай білу дағдыларын дамытуды мақсат тұтатын аталмыш курстың оқу-әдістемелік кешеніне оқу материалдары, дәрістер, практикалық жаттығулар, жағдайға қатысты тапсырмалар мен ЖОО-дағы оқыту барысын ынталандыруға ықпал ететін тестер кірмек.
Келешекте аталмыш курсты енгізуге ынталы болып отырған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Алматы Технологиялық университеті, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Е.Букетов атындағы ҚарМУ, С.Торайғыров атындағы ПМУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ, «Халық шаруашылығы» университеті сияқты бірқатар мемлекеттік оқу орындарының дөңгелек үстелге арнайы келген өкілдері қанатқақты курс нәтижелерімен танысу мақсатында АЭжБУ және ТарМУ оқытушыларының баяндамаларын тыңдады. Сондай-ақ, климаттың өзгеруіне бейімделу шараларының өзектілігі мен маңыздылығына қатысты оқытушылар мен студенттер арасында пікір алмасылады.
«Табиғи ресурстар тапшылығы туындағанда, энергетикалық тұрғыдан сыртқы көздерге тәуелді болып қалатынымыз анық. Оны болдырмас үшін бүгіннен қамданып, экономиканы тұрақтандыруға тиіспіз. Әлбетте, ол үшін «жасыл экономикаға» көшуіміз керек. Яғни, электр қуатын, жылу қуатын жаңғырмалы қуат көздерінен алудың артықшылықтары көп. Біріншіден, олар таусылып қалмайды, екіншіден, экологиялық тұрғыдан әлдеқайда таза болмақ», дейді «Жасыл экономика» курсын әзірлеген ғалымдардың бірі, АЭжБУ жылуэнергетикалық қондырғылар кафедрасының меңгерушісі Андрей Кибарин.
Қазақстандық ғалымдар негізін салып, қолға ала бастаған жаңа оқу курсы студенттердің қоршаған ортаға жанашырлықпен қарай білуіне әрі олардың да жобалық процестерге қатысуына мүмкіндік бермек.
Жалпы, әлемнің кез келген елі үшін басты мәселеге айналып келе жатқан климат өзгерісі әсіресе, Қазақстан үшін айрықша маңызға ие болуы тиіс екенін атап өткен оқытушы-ғалымдар «Жасыл экономика» курсы тек қоршаған орта мен ауа райына оң әсерін тигізіп қана қоймай, экономикалық тұрғыдан үлкен қаржы түсіре алатын пайдасы мол сала және климат өзгерісімен күрестегі басты құралдың біріне де айнала алатындығына назар аударды.
Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ