• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
01 Ақпан, 2017

Шыңғыс ханға талас қашан тоқтайды?

465 рет
көрсетілді

Қазақтың ерте заманнан бергі тари­хын жинақтағанда қазіргі күнге дейін Ресей, Қытай, Еуропа, Азия ға­лым­дар­ы­ның зерттеулеріне сүйеніп ке­леміз. Ал олардың бәрі бірдей жалпы түркі, оның ішінде қазақ тарихы­на бас­тан-аяқ адал болған жоқ. Қай-қай­с­ы­сы да тарихқа өз ұлты мен мем­ле­кеті­нің көзімен қарады. Бұл, әсіресе, Ресей ғалымдарының еңбектерінде көбірек көрінеді. Атақты Михаил Ломоносов скифтерді ғажайып өнері мен ерлігіне қызығып орысқа айналдырды. Рухы ресейленіп кеткен, тегі бір Николай Карамзиннің өзі «История государства Российского» көп томдығында скиф атанып кеткен cақтарға кісі қанын ішкізіп, терісінен киім кигізеді. Орыстың бағзыдан бергі та­рихын 14 томға сыйғызған Сергей Соловьев те осылай деген, тағы­лан­дыр­ған, жыртқыштандырған. Өкінішке қарай, Карамзин сындылар көп.  Бұларға Ресей тағына Романовтар әулеті келген кезден бастап тарихты қайта жазу қызу қолға алынғаны, осы үрдіс Кеңес Одағы тұсында өрескел жалғасқаны аз болғандай. Алғашқы Романов соборлар мен монастырлардан бүкіл құжаттар мен кітаптарды жинап алдырып, орыс мүддесіне сәйкестендіріп өңдеткенін С.Соловьевтің өзі мойындайды. Ол «Чтение и рассказы по истории России» деген еңбегінде 1616 жылы архимандринт Дионисийге, Келарь Авраамий Полицинге және Троицкий монастырінің бүкіл діндарларына тарихи кітап-қағаздарды түзету үшін (для исправления книг печатных) патша грамотасы берілгені туралы нақты мәлімет келтіреді. Ал Л.И.Бочарев «Заговор против русской истории» кітабында Бірінші Петрдің бүкіл Ресейден ежелгі шежірелерді жинатып алып, әлденеше рет қайта жаздырғанын айтады. Тарихқа жасалған мұндай шаб­уылдар Еуропа елдерінде де жоспарлы түрде жүргізілгеніне дәлел де, дерек те көп. Осыған орай, сол Еуропаның бүгінгі ғалымдары: «Егер XV ғасырға дейінгі еңбектерде тарихты баяндауда кейбір қателіктер кетсе, ол саналы түрде жасалған жоқ. Ал XV ғасырдан бергі мұралар түгелімен шикі», деп отыр. Мәселен, неміс ғалымы Р.Болдауф 1903 жылы жарық көрген «История и критика» еңбегінде ерте және одан кейінгі ғасырлардың тарихы қайта өрлеу дәуірінде жаңадан жазылған, өзгертілген тарих дейді. Тарихты қайта қопару Ресейде Кеңес Одағы ыдыраған соң жаңа бағытта жалғасты. Академиктер А.Фоменко мен Н.Морозов «Новая хронология» деп аталатын, тарихқа математикалық талдау жасалатын әдіс ойлап тапты. Олардың және осы екеуінің түйіндерін қуана қостайтын Н.Ходаковскийдің («Спираль времени или будущее, которое уже было») дәлелдеуінше, «Орта ғасыр» деген ғасыр тарихта болмаған. Адамзаттың естияр ғасыры египеттіктер Хета немесе Хита деп атаған «Ұлы халықтан» басталады. Грек тілінде «Ұлы» сөзі «Мегалион» делінсе керек. Соған орай Грекия әлгі «Ұлы халықты» «Моңғолия» деп ықшамдап айтыпты. Ал Моңғолияның кіндігі Русь болғандықтан, оның хандары орыс князьдарынан басқа ешкім емес. Ходаковский Морозов пен Фоменко­ға осылай қосылып, әрі қарай құлашты кеңге сермейді. Моңғол империясын дәріптей келіп, оның негізін Ростов князі Георгий Даниловичке қа­ла­тады. Орыс дереккөздерінде ол Рюрик, Юрий Долгорукий, т.б. есім­дер­мен белгілі екенін еске салады да, шетел әдебиеттерінде Чиркам, Чино­газ атымен белгілі дейді. Солай жа­ға­ла­тып отырып Шыңғыс хан етіп бірақ шы­ғарады. Ол Сити өзенінің бойын­дағы бір шайқаста қаза тауып, даңқты жолын Иван Калита жал­ғас­тырыпты. Мұның әке­сі азан ша­қы­рып қойған аты Батой, яғ­ни Батый екен. Ол Италияны жаулап алып Рим Папасы институтын құрады, Русь­ті үшке: Ұлы, Кіші, Ақ қанаттарға бө­леді. Денесі Киевтегі София соборына жерленіпті. Мұның бәрі ойдан шығарылған далбаса екені даусыз. Өкінішке қарай, осындай дертке біз­дің кейбір зиялылар да шалдығып жүр. Олар Шыңғыс ханды қазақ етеміз деп біраздан әуре. Бірі қияттан таратып, тобықты ғып шығарды. Бірі жа­лайы­рға айналдырды. Енді бірі Алаша хан деп жүргеніміз Шыңғыс хан екен, Жезқазғандағы мазар соныкі деп дабыл­датты. Осы даңғаза дақпырттар басылды-ау дегенде, тағы бір бауырымыз атақты ханды көкпардың лағындай іліп ала жөнелді. «Шыңғыс ханның тегі адай» деп айғайлатып кітап жазды. Мұның бәрі – қытайдың ұлы ақынын иеленбек болғанымыз секілді айқын ғылыми-тарихи негізі жоқ, абырой әпермейтін, сырт көздің күлкісін тудыратын ұсақ-түйек қарекеттер. Бізге, сондай-ақ, төл тұлғаларымызды әр руға бір тартып, додаға салу да жарас­пайды. Жезқазғанның сар даласындағы Домбауыл – дыңында (кесенесінде) оны 1150-1225 жылдары өмір сүрген Кетбұғаның әкесі деген жазу тұр. Ал Домбауыл Қорқыттың тұсында бар адам. Қысқасы, осындай беймаза долбарларды тоқтатқан жөн. Тарихшылардың қисынсыз зерттеулеріне білім мен ғылымға ие болып отырған министрлік баға беріп, нүкте қоятын кез жетті.

Алдан СМАЙЫЛ,

жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты