• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
01 Ақпан, 2017

Еліміздің ең негізгі даму векторларын айқындаған

567 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының Жолдауы Қазақстанның болашақ дамуында маңызды рөлге ие. Ел Үкіметі Пре­зидент Жолдауын басшы­лыққа алып, экономиканы одан әрі жаңғыртуда және жаңа технологиялық талаптарға орай қоғамды дамытуда жаңа табыстарға қол жеткізуі тиіс. Бүгінде көмірсутегі шикі­затына жоғары сұраныс әлсіреңкіреп, жасыл технологиялардың дамуы бас­талды. Әлем үлкен технологиялық өзгерістер қарсаңында тұр, алдағы уақытта ол қоғамның барлық қатпарын қамтып, өміріміздің барлық салаларына ықпал етеді. Сарапшылардың көпшілігі бұл өзгерістер технологиялар интеграциясымен және физикалық, цифрлық, биологиялық салалардың бірігуімен ерекшеленетін Төртінші өнеркәсіптік революцияға алып келеді деген пікірде. Мұндай жағдайда біз Қазақстанды жаңа әлемдік шынайылыққа бейімдеуіміз керек. Бүгінде отандық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, бәсекеге қабілетті салаларды одан әрі жетілдіру, сөйтіп, өсім драйверлерін қалыптастыра отырып, елдің үшінші экономикалық жаңғыруы басты назарға ие. Жолдауда көрсетілген барлық бес ба­сым­дық алдағы жылдарда еліміз­дің  басты даму векторы болады деп ойлаймын. Бірінші басымдық – эко­­­номиканың жедел тех­нологиялық жаңғыртылуына тоқталар болсақ, жүйелі әрі терең өз­герістер пайда болған соңғы онжылдықта әлемдік экономикада жаңа технологиялардың дамуы басты рөлге ие болды. Төртінші өнер­кәсіптік революцияның «қозғаушы күші» болған Интернет технологияларын дамыту жаһандық деңгейге шықты. Жаңа технологиялар адам ең­бе­гін жеңілдетіп, еңбек өнімділігін арт­тыруға, шығындарды азайтуға әсер етеді. Қоршаған ортаның ластануын, экономиканың энергия сыйымдылығын азайтады, ресурстардың тиімділігін арттырады. Дамыған елдерде жаңа дәстүрлі энергия көздеріне иек арт­қан өндірістердің азаюы, «жасыл» тех­нологияларға сұраныстың өсуі сынды құбылыстар байқалады. Сондықтан «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын әзірлеу және қабылдау жаһандық талаптарға берген жауабымыз деп қабылдаған жөн. Екінші басымдық бизнес-ортаның түбегейлі жақсаруы және кеңеюіне қатысты. Жалпы, әлемдегі 30 дамыған елдің өнеркәсіп өндірісінің негізгі үлесі шағын және орта бизнеске тиесілі екен. Әлемдік қоғамдастықтың бір бөлігі ретінде  бұл секторға көңіл бөлінуі, сөз жоқ,  көкейге қонымды. Үшінші басымдық – макроэко­но­микалық тұрақтылық. Ел экономи­касын қайта жүктеу экономиканы қаржыландыру үшін шет ел капиталын тарту үрдісін сақтауға және көбейтуге мүмкіндік береді. Бұл алдынғы қатарлы технологиялардың қосымша трансфертін қамтамасыз етеді. Төртінші – адами капитал сапасын жақсартуды негізгі басымдық деп қабылдап, оның дамуын жіті назарда ұстау қажет. Дамыған елдердің барлығы адами капиталдың сапасын арттыруға басымдық береді. Қазақстан да «Сапалы білім – экономиканың қозғаушы күші» деген қағида бойынша, білімге инвестиция салуы керек. Бесінші басымдыққа келер болсақ, бұл орайда қолға алынатын реформалар экономикадағы тұрақсыздықты жоюға мүмкіндік береді.  Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен күрес экономикалық өсімге оң ықпал ететін басты факторлардың бірі саналады. Қорыта айтқанда, Елбасының Қа­зақ­стан халқына Жолдауы мемлекеттің әлеуметтік және экономикалық мін­дет­­терінің одан әрі табысты шешілуін қам­тамасыз етеді. Сержан МӘДИЕВ, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ төрағасы